Жаңалықтар

Пеш мұржасын маманданған ұйымдар жөндеуі керек

Анық-қанық

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Мәжіліс депутаттарының сауалына жолдаған жауабында жер үйде жиі кездесетін өрттің негізгі себебін атады.

  • Иіс тиюге байланысты, соның ішінде балалар арасында қайғылы жағдайлардың жиілеп кетуінің себебі газды тұрмыста дұрыс пайдаланбаудан болады. Желдету каналдары мен мұржа жүйесіне қойылатын талаптарға тұрғындардың көбі немқұрайды қарайды, — деді ол.

Вице-премьер «Газ және газбен жабдықтау туралы» ҚР Заңының 7-бабы бойынша газды тұрмыста пайдаланудың қауіпсіздігін жергілікті атқарушы органдар бақылайтынын айтады. — Бүгінгі таңда өңірлерде Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы №241 бұйрығымен бекітілген Тұрғын үй инспекциясы туралы үлгілік ережеге сәйкес, газбен жабдықтау жүйелерінің нысандарын қауіпсіз пайдалану талаптарын сақтауына мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын тұрғын үй инспекциялары құрылды. Сондай-ақ газбен жабдықтау нысандарын қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуын қадағалау мақсатында тұрғын үй инспекциялары «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодекстің 729-бабына сәйкес әкімшілік істерді қарайды, — деді Роман Скляр өз жауабында.

Оның айтуынша, газ тұтынушы жүйелерге көрсетілетін қызметтің ішіне мұржа мен желдету каналдарының, аралық құбырлардың ақаусыз жұмыс істеуін, пешке ауаның жеткілікті кіруін тексеру шаралары да кіреді. Бірақ түтін жүретін жол мен желдету каналдарын тазалау бұл қызметтің ішіне кірмейді.

«Үй ішіндегі газ қондырғысын жөндеу жұмыстарын және типтік келісімшартта көзделмеген жұмысты тапсырыс берушінің өтінімі бойынша мамандандырылған ұйым ақылы негізде атқарады», — деп түсіндірді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.

Оның айтуынша, газ қондырғыларына сапасыз қызмет көрсеткен ұйымдар енді жазалануы мүмкін.

ҚазАқпарат.

Басқа жаңалықтар

Back to top button