Әлеумет

Ұстаз үлгісі ұмытылмайды

«Адамның адамшылығы — жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі — оқушының өмір бойғы азығы. Жақсы ұстаздан тәлім-тәрбие алған шәкірт болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық.

Өнер әлемін жан-дүниесімен терең ұғынатын және шәкірттеріне үнемі шапағатты да шуақты сәттер сыйлауға құштар жандардың бірі — Ақтөбе қалалық көркемсурет лицейінің мұғалімі Ләйла Таженова.

Ләйла Мырзалықызы 1992 жылы  Мұғалжар ауданындағы Ембі қаласының №2 орта мектебінде өзінің педагогикалық еңбек жолын бастаған. Бастауыш сынып мұғалімі, кейін директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде бейнелеу өнері бағыты бойынша жоғарғы білім алып, ұстаздық жолға бет бұрды. Оның шәкірт тәрбиелеуге, жас буынға қылқалам құдіретін ұғындыруға ынтасы ерекше болғанын атап өткен жөн.

Биыл Ләйла Мырзалықызының ұстаздық қызметіне 30 жыл толады. Ол 2005 жылдан бері қалалық көркемсурет лицейінде қызмет атқарады. Бүгінде оның алдынан білім алған оқушылары, көптеген түлектері архитектор, дизайнер болып, танымал компанияларда құрылыс ісін қолға алған. «Ұстаздан шәкірт озар» демекші, оның тәлімін алған түлектер Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де өзгелерден озық болып көрінуде. Оқушылары ұстазын қандай мақтаныш етсе, Ләйла апай да шәкірттерінің әрбір табысына қуанып, мәртебесі көтеріліп отырады.

Лицейде өткізілетін бірнеше пәннен сабақ беретін Ләйла Мырзалықызы әсіресе, қолданбалы өнерге айрықша назар аударады. Себебі бұл көркемдік бағыт —баланың қиялы мен шеберлігін, қол икемі мен ой ұшқырлығын дамытады. Бір жағынан бұл — ұлттық қазынамыз ретінде қолөнермен ұштасатын сабақ түрі.

Ұстазымыздың арқасында киіз басу, шым ши тоқу, сырмақ сыру, кесте тігу және ұлттық бұйымдардың жасалу жолы мен терең тарихын танып, білдік. Қолөнермен айналысу арқылы шыдамдылыққа, уақытты бағалауға, сабырлылыққа үйрендік.

Ләйла Мырзалықызының оқушылары соңғы жылдары көптеген республикалық, әлемдік байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Оның бұйымдары қойылған көрмелер бір емес, бірнеше мәрте жұртшылық назарына ұсынылды. Ұстазымыздың өзін шыңдаудан шаршамайтын тұлға екені де шәкірттеріне дем береді, оларды жігерлендіреді.

Лицейдің биылғы бітіруші түлектері — біз ұстазымызға дән ризамыз. Шәкірт тәрбиелеудегі қажырлы еңбек жолында шығармашылық табыс, зор денсаулық пен қажымас қайрат тілейміз.

Айжан ҚҰТЫМОВА,

Ақтөбе қалалық көркемсурет

лицейінің түлегі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button