Жаңалықтар

Оқырман

  • Тағзым

БАБА РУХЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Ауданымызға Алматы қаласындағы «Мөңке би» қоры мен «Тілеу-Қабақ» қоры  төрағалары Бақытжан Қосанов пен Иманбай Жұбаев келді. Олар алдымен аудан әкімі Жанболат Жидехановтың қабылдауында болып, бабалар атындағы бұл ұйымдардың ұлт руханияты жолында жасап жатқан жұмыстарын, есімдері тарихтан белгілі тұлғаларды насихаттаудағы алға қойған жоспарлары туралы айтты.

Аудан әкімі Жанболат Жидеханов Шалқардан шыққан танымал тележурналист, ҚР Президенті грантының иегері, «Қазақстан» РТРК» АҚ аутсорингтік компанияларымен жұмыс жөніндегі шеф-редакторы Иманбай Жұбаевқа «Шалқар ауданының Құрметті азаматы» атағын салтанатты түрде табыстап, иығына шапан жапты.

Бұдан соң алматылық меймандар аудандық тарихи-өлкетану музейінде болып, музей жанындағы ғылыми кеңестің әйгілі би Мөңке Тілеуұлының даналық сөздерін, ойшыл болжампаздығын, көрегендігін насихаттауды мақсат еткен «Мөңке би — дана ойшыл, ұлы ақын» тақырыбында өткен отырысына қатысты.

Музей директоры Нағима Тлембаева аталған мекемеде ата-баба рухын ұлықтауда атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Осы отырыс аясында «Артында аталы сөз қалдырған би» тақырыбындағы Мөңке биге арналған экспозицияның ашылуы болып, оның лентасын Мөңке би қорының төрағасы Бақытжан Қосанов пен баба ұрпағы Қуанышбай Әлмұратов қиды.

Ел егемендігін алғаннан кейін батыр бабаларымыздың ерлігін, адами болмысын дәріптеу жолында біраз іс атқарылды, атқарылып та келеді. Осы тұрғыда біздің қор түрлі тағылымды шараларды өткізуді қолға алып, алға нақты жоспарлар құрып отыр.  Мөңке би туралы жазбалар түрік тілінде жарық көрді, келешекте оны ағылшын тіліне аударып, әлем халықтарына таныта беруді көздеп отырмыз. Сондай-ақ алда Мөңке бабамыздың 350 жылдығы келе жатыр. Осы датаға орай Шалқарда республикалық шара ұйымдастырылса деген ойымыз бар. Бұл жоспар жүзеге асса, аға буынның келер ұрпақтың алдында бітірген бірегей ісі болып, тарих беттеріне қатталар еді, — деді Бақытжан Қосанов.

Шара барысында өнерлі оқушылар Мөңке бидің шешендік сөздері мен көріпкелдікпен дөп айтқан тағылымды жолдарын жатқа оқып, күй тартып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Осы отырысқа қатысушылар арасынан Шалқар ауданының құрметті азаматтары, еңбек ардагерлері Жеткерген Елемес, Дәулетияр Әспенов, т.б. сөз сөйлеп, тарихымызды білу елдігімізге, бірлігімізге қажет екендігін, осы тұрғыда идеологиялық жұмыстар да жанданса деген пікірін білдірді. Кеңес отырысының қорытындысында меймандар Мөңке бидің бюстін, түркі тілінде жарық көрген кітабын, күйлері жазылған дискісін музей қорына тапсырды.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар қаласы. 

  • Біздің болашақ

АРМАН — ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТАРТАП БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ

Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Арман Жалғасбаев «Caspian Startup-2022» халықаралық байқауында жеңіске жетті.

Ақтау қаласындағы Зияткерлік мектепте «Caspian Startup-2022» халықаралық стартаптар байқауының қорытындысы шығарылды.2022 жылы дәстүрлі байқауға Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түрікменстаннан 120-дан астам жоба келіп түскен. Олардың барлығы табысты стартаптарды құру және ілгерілетуге, сондай-ақ стартап мәдениетін қалыптастыруға, инвесторлар тартуға, зияткерлік меншікті қорғауға бағытталған.

«Dioth.tech» жобасын қорғаған ақтөбелік оқушы Арман Жалғасбаев халықаралық додада жеңімпаз атанып, Қазақстан-Британ техникалық университетінің гранттарын иеленді. Мектеп қабырғасында республикалық ғылыми жобалар байқауы мен физика пәні бойынша желілік олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы болған ол биыл Ақтөбедегі NIS-тің үздік оқушысы да атанған болатын.

«Dioth.tech» – тауардың түпнұсқалығын тексеретін смарт жапсырма. Арманның жаңа стартап жобасы кез келген брендке өз өнімдерінің бірегейлігін анықтауға көмектеседі.  NFC көмегімен белгілі бір брендтің киімдерін цифрландыру өндірушілерге сатылымдарды ұлғайтуға және бәсекелестерден ерекшеленуге мүмкіндік береді.

— «Dioth.tech» смарт жапсырмасы сауда желілерінде тауардың түпнұсқа ма, әлде көшірме ме — соны бірнеше секундтың ішінде дәл анықтап бере алады. Нарықта белгілі бренд тауарлардың көшірмелері көп. Сондықтан өндірушілер тұтынушылар түпнұсқа өнімді ажыратуы үшін оның бағасын көтеруге мәжбүр болады. Менің технологиям арқылы тауар туралы толық ақпарат білуге болатындықтан, өндірушілер бағаны көтермесе де болады, —  дейді Арман Жалғасбаев.

Оқушы бұл мәселенің экологиялық тұрғыда тиімділігі бар екенін де айтады. Оның айтуынша, жаһандық деңгейдегі шығарындылардың 8 пайызы — киім өндірісінен бөлінетін көміртегі қалдықтары екен. Сондықтан ол өндірілетін киімнің басым бөлігі контрафактілік бұйымдар екенін ескерсек, оның жолын кесу арқылы табиғатты ластану мәселелерін шешуге өз үлесін қоса алатынын айтады.

Белгілі брендтерді жамылып, жалған өнімдерді жаппай өндіру түпнұсқа өнімдердің ерекшелігін жоққа шығарып қана қоймайды, сонымен бірге олар компаниялардың пайдасын айтарлықтай төмендетеді және олардың беделіне теріс әсер етеді. 2020 жылы сән индустриясы жалған тауарларды сату салдарынан 50 миллиард доллардан астам шығынға ұшыраған.

Финалдық турға қатысушылар «Болашақтың мектебі», «Әлеуметтік мәселелерді шешу», «Туризм» номинациялары бойынша табысты өмір сүруді қамтамасыз ететін IT-стартаптарды ұсынды. Ең мықты авторлар бизнес, білім беру, медицина, IT және басқа да сала кәсіби мамандарынан іріктелген қазылар алқасының алдында өз жобаларын қорғады.

Astana HUB және Ұлттық зияткерлік меншік институтының қолдауымен Caspian Startup байқауының финалдық туры қатысушылары үшін ауқымды оқыту ұйымдастырылды, интерактивті сессиялар мен шеберлік сабақтары бизнес-коммуникациялар, STEM-білім, бағдарламалау, авторлық құқық, биотехнология, фармакология, баламалы энергия көздері тақырыптарына арналды.

Әйгерім АМАНҒОСОВА,

Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы.

Ақтөбе қаласы. 

  • Еңбек адамы

ОМАРТАШЫ

Омарташылық — қызық та пайдалы кәсіп. Осындай қат-қабат сыры көп кәсіпті меңгеріп, өнімді еңбек етіп жүрген омарташылар Қобдада баршылық. Солардың бірі — Клара Шәкенова.

Бұл кәсіпті екі жыл бұрын үлкен ұлым Мейірбек бастаған болатын. Ол  омарташылардың ісін көргенде осы кәсіпке қатты қызығып, бал арасы туралы ізденіп, Ресей омарташыларынан онлайн курсын оқыды, тәжірибелі омарташылардан дәріс алды. Сөйтіп, бал арасын сатып алуды ұйғарды. Басында бал арасының карника тұқымын өсірді, биыл Шымкент қаласынан карпатка тұқымды бал арасын сатып әкелді. Қазір де карпат және карника ара тұқымдарын араластырып бағып отырмыз, — дейді ол.

Клара мен жолдасы Нұралда Қаратал  ауылынан Қобда ауданы орталығына 2007 жылы көшіп келген. Төрт ұл, бір қыз баланы тәрбиелеп өсірген көпбалалы отбасының бүгінгі тірлігі адам қызығарлық.

Адам өзі қызыққан істі бастаса, кәсіпті жүргізу қиын болмайды екен, — дейді ол.

Қазір аула ішінде аралар орналасқан 6 жәшік бар. Омарташы олардың әрбірін мұқият қадағалап отырады.

Ерте көктемде жеміс ағаштары гүлдеп, төңірекке ерекше жұпар иісін шаққан тұста жәшіктерден құжынай ұшқан бал араларының гүлге қонғаны —ерекше бір әдемі көрініс. Көзің демалады. Тынымсыз кішкентай жәндіктің еңбекқорлығына таңданасың. Ертелі-кеш ұясына ризығын әкеліп, тыным таппайды. Табиғаттың бір ғажайыбы,— дейді  омарташы.

Омарташылар отбасы бұл кәсіпті әбден үйренгенше біраз қиындық болғанын айтады. Бастапқыда аралар тышқанның иісінен қырылып қала берген. Омарташылар бал арасы ауырғанда қандай дәрі шашу керектігін білмей, әлекке түскен.

Ара — тазалықты жақсы көретін жәндік. Біз рамкасын жасап, бетіне арнайы жабыстырғыш дәкесін бекітіп қоямыз. Соның үстіне аралар алты бұрышты етіп бал жинайтын ұяшықтарын өздері өріп шығады. Бұл жұмыстары адам қолымен жасаса да, мұндай мінсіз шықпас еді, — дейді омарташы.

Бал көптеген ауруға ем екені белгілі. Ол медицинада нақты дәлелденген. Тіпті олардың ұяшықтарын да кәдеге жаратуға болады. Ол халық емінде жиі қолданылады.

Омарташылар бұл кәсіпті одан әрі кеңейту жолдарын қарастырып жатыр. Ол үшін Клара Шәкенова арнайы курстарда оқып, тәжірибелі омарташылардың кеңесіне жүгінбек. Содан кейін мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несие немесе грант алып, кәсібін кеңейтуді бастамақ.

Ара өсірушінің айтар әңгімесі аз емес. Өз ісіне шын берілген омарташының бұл кәсібі ауылдастарына да тиімді болып отыр —  жергілікті бал әрі арзан, әрі пайдалы.

Ардақ МҰРЗАБЕКОВА,

Қобда ауданы.  

  • Ұрпақ

БІЗДІҢ ҒАЙНИ

Мектеп — оқушылардың көп уақыты өтетін жер. Барлық баланың  өмірі мектеппен, оқушылармен, ұстаздармен тығыз байланысты. Сыныпта қанша оқушы болса, сонша ерекшелігі болады.

Біздің сыныпта — қаламыздағы №60 жалпы білім беретін орта мектептің 1 «Ә» сыныбында —  сабағын үздік оқитын мақтанышымыз Ғайни Сағымбай.  Оны барлық оқушы сыйлайды. Ғайни тек жақсы оқумен ғана ерекшеленбейді, ол мектептің қоғамдық шараларына белсене қатысады. Бос уақытын тиімді өткізіп, таэквондо, шахмат, ағылшын тілі  үйірмелеріне қатысады. Сурет салғанды, ән айтқанды, сонымен бірге түрлі жан-жануарлар туралы қызықты деректерді оқып білгенді ұнатады. Ойыншық динозаврларды жинайды, коллекция жасайды. Ғайнидің үлкен арманы бар, ол — белгілі математик болу. «Мен, Ғайни Ғалымжанұлы, белгілі ғалым боламын», — дейді өзі. Сонымен бірге ол өзінің көп автобустары болғанын армандайды. Біздің Ғайни осындай.

Гүлмира ҚОНАРОВА,

сынып жетекшісі.

Есет батыр ауылы.  

  • Мемлекеттік бағдарлама

ҰЛТТЫҚ ЖОБАНЫҢ ЖЕМІСІ

«Денсаулық — зор байлық. Ел аузындағы «Ауру патшадан дені сау қайыршы артық» деген сөз текке айтылмаған», — деп бастады әңгімесін кәсіпкер Гүлфайруз Қазмұханбетова. Ол — Қазақстан стоматологиялық қауымдастығының Ақтөбе қаласындағы филиалының директоры,  облыс орталығындағы «Ару» стоматологиялық емханасының бас дәрігері.

Гүлфайруз медицина саласында қызмет етіп қана қоймайды, облыстағы қоғамдық іс-шараларға да белсенді араласады. М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетін тіс дәрігері мамандығы бойынша тәмамдаған ол бүгінде бірнеше жыл тәжірибесі бар білікті маман. Гүлфайруз Қазмұханбетова 2018 жылы өз қызметіне лицензия алып, «Aru Dental» жеке стоматологиялық емханасын ашты. Ашылғаннан бергі аз уақыттың ішінде тәжірибелі команда қалыптастырып, өз клиенттерінің сеніміне ие болды. Кәсіпкер бұған дейін бұл қызметті жалға алған кеңседе атқарып келген еді. Биыл дербес ғимарат сатып алып, кәсібін одан әрі кеңейтті. Бұл жобаны кәсіпкер «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасыаясында «Даму» қоры арқылы жүзеге асырды.Алдымен ол «Даму» қоры облыстық филиалы қызметкерлерінен мемлекеттік бағдарлама туралы кеңес алып, банктен несие рәсімдеді. Бағдарлама талаптары бойынша берілген несиені 18 пайыз жылдық ставка көлемінде субсидиялауға шешім шығарылды. Оның 6 пайызын кәсіпкер өзі төлейді, қалғаны мемлекет тарапынан субсидияланады. Сонымен қатар жобаны сәтті жүзеге асыру үшін «Даму» қоры несие сомасының 30 пайызы көлемінде кепілдік берді. — Стоматологиялық орталықтың негізгі мақсаты — тұрғындарға қолжетімді, сапалықызмет көрсету, сонымен қатар қосымша жұмыс орындарын ашу, —  дейді Гүлфайруз Қазмұханбетова.

 М.ТАБЫН,

Ақтөбе қаласы.

  

  • Тағылым

ЕРЛІКТІҢ ІЗІ ӨШПЕЙДІ

Жеңіс жауынгерлері туралы әлі де айтыла беретін болар. Бір қарағанда, елімізге қайғы-қасірет әкелген сол бір соғыс жылдары бізден алыстап бара жатқан сияқты көрінеді. Бірақ оның ащы сабағы, өкініштері ұмытылмайды екен.

Ел қорғаған сондай ерлердің бірі — Ойыл өңірінің перзенті Ғани Байтурлин еді. Міне, оның жауды жеңіп, елде еңбек етіп, бірақ майдан жарақаты салдарынан өмірден ерте өтіп кеткеніне де жарты ғасыр болыпты.

Ол 1938 жылы әскер қатарына алынып, Балтық бойында танк бригадасында жауынгерлік борышын өтейді. Содан кейін елге оралып, жұмыс істеп жүргенінде соғыс басталып кетеді де, шинелін үстіне қайтадан киеді. Әуелгіде Амурдағы Комсомол қаласында жаяу әскер училищесі курсанты болған ол өзінің екі мыңдай жолдасымен бірге батысқа аттанып, қанды қасап аталған Курск доғасында жаумен шайқасады.

Адам айтса сенгісіз жағдай ғой, екі мың жауынгерден үш-ақ адам тірі қалады. Солардың бірі Николай Чагин Қиыр Шығыста тұрады екен, 1973 жылы майдандасы Ғани Байтурлинді хат арқылы іздейді. Ол бұдан бір жыл бұрын өмірден өтіп кеткен еді. Ал үшінші жауынгердің тағдыры ертерек тұйықталған сияқты, өйткені ол майданда ауыр жарақатпен госпитальға түскен екен.

Ғани Байтурлин әскер қатарынан 1946 жылдың мамыр айында ғана босанады. Елге келген соң ол аудандық партия комитетіне қызметке алынады. Бастапқыда нұсқаушы, одан кейін сектор меңгерушісі, ал 1949-1953 жылдары партия, кәсіподақ және комсомол ұйымдары бөлімінің меңгерушісі болады. 1953 жылдың жазында республикалық үш жылдық партия мектебіне оқуға жіберіледі. Өкінішке қарай, артынан қуып жеткен арыз оның тағдырына балта шабады. «Партия қатарына өткенде шыққан әлеуметтік тегін жасырған» деген желеумен оқудан шығарылады, партия билетін тапсырады. Артынан ақталғанымен, майданда оқ пен от ортасынан аман келген жауынгердің жүрегі бейбіт күнде тағы да жараланады.

Жігерлі азамат енді жергілікті жерде өнім дайындау өкілі, селолық тұтынушылар одағының төрағасы қызметтерін атқарады. Берігіректе аудандық атқару комитетінің хатшысы, жұмысшылар кооперациясы басқарма төрағасы болады. Елу бес жасында өмірден өтеді.

Оның майдандағы ерлігі «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен атап өтіледі. Бейбіт күндерде Ғани Байтурлин көпшілік қадірлейтін, ел сыйлаған құрметті азамат ретінде танылды.

Ол өмірлік серігі Мұқиза апа екеуі жеті перзент дүниеге әкеліп, олардың бойында тәлім-тәрбие негізін қалады. Ғани атаның балалары әртүрлі мамандық иесі атанып, әкелерінің жақсы есімін жалғастырды.

Қаншама қиындық көрсе де жігері жасымаған, елі алдында ары таза, абыройы асқақ жауынгердің ерліктері туралы алда да тереңірек зерттеліп, жас буынға патриоттық тәрбие беру ісінде үлгі ретінде ұсынылса, бұл нағыз тағылым жолы болар еді…

Жұбаныш КӨШЕРБАЕВ,

Ойыл ауданы. 

  • Аудан

ЖОЛДАҒЫ ТАРИХ

Биыл Темір ауданының қайта құрылғанына  50 жыл толып отыр. Жол саласында 42 жыл еңбек еткен ардагер ретінде сол тұстағы жол мәселесі, адамдардың жанкештілікпен еткен еңбегі, одан бергі уақытта ауданымызда болған өзгерістерді сөз етуді жөн көрдім.

Жалпы облыстағы жол құрылысының тарихы 1920 жылы жол жөндеумен, салуымен айналысқан №9 Ақтөбе губерниялық комитет құрылған сәттен басталады. Тарихқа үңілсек, одан кейінгі уақыттарда бұл ұйым бірнеше рет түрлі формада қайта құрылған, дегенмен мақсаты бір болған.

Тәуелсіздік алғаннан кейін, 1992 жылы  Шұбарқұдық кентінде жол құрылысы  мекемесінің  «ДМСУ-22» бөлімі ашылып,Ақтөбе-Астрахан автожолына күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Ауданда жол мекемесі ашылғаннан кейін жол құрылысына қаржы бөлініп, ағымдығы орташа жөндеулер уақытында жүргізіліп,  жол сапасы жақсарды деуге болады. Жаңа техникалар әкелініп, мамандар тартылып, оларға үй берілді. Қыста аудан әкімшілігінің қаулысымен жол тазалауға аудан мекемелерінен және совхоздардан көлік бөлініп тұрды.

1995 жылы жол мекемесі  жабылып, 1998 жылы «Қазақавтожол» мекемесі құрылды. Қайтадан жаңа техникалар алынып, тәжірибелі мамандар шақырылды.  Сол жылдары мекемеде  М.Жонатов, Ж.Тайшынов, Б.Ондин,А.Дарибаев, А.Нұғыманов, Т.Төребаев, т.б.еңбек етті.  Ұжымда қатаң тәртіп, ынтымақ болды, бұзылған техниканы бәрі жабылып жүріп тез жөндеп шығаратын, өздері моторист, электрик, дәнекерші еді… бәрі бір отбасының мүшесіндей еңбек етті. Соның арқасында Ақтөбе-Астрахань көлік жолы әрқашан ашық болды, қыста ешқандай көлікке тоқтау болмайтын еді. Алайда жол мекемесі жол қауіпсіздігін сақтауда аянбай еңбек еткенімен, аса ауыр салмақты техникалар жолдың сапасына кері әсерін тигізіп, бұза бастады. Осыған байланысты жолды заман талабына сай қайта салу мәселесі көтерілді. Бұл мәселе мемлекеттік деңгейде қаралып,  2016 жылы Ақтөбе-Астрахань көлік жолына құжат жасау басталды.      ОсылайшаАқтөбе-Астрахань жолы 2018 жылы «Нұрлы жол» жоспарына енгізіліп, жол салу жұмыстары басталды. Бұл аудан халқы үшін үлкен қуаныш еді. Себебі тұрғындар осыған дейін жол азабын тартып келген болатын.

Ақтөбе-Астрахань жолының бойында талай оқиға болды. Соның бәрі есімде:

1980-1992 жылдары қысқатты, қары мол, боран жиі болатын. Ақтөбе қаласына, совхоз орталықтарына 20-30 көлікті жинап, бір-екі «К-701» тракторымен қар аршып, ертіп шығатынбыз. Талай техникамыз сынып, колонна тұрып қалған кездер болды, алайда жолаушыларды далада қалдырмай, жақын жердегі ауылдарға апарып орналастыратын едік.

1986-1987 жылдары Ақтөбе-Ойыл жолының 27-шақырымында, Сарытоғайдың бұрылысына жақын маңда, топан су қырдан құлап, жоғарыдағы құбыр су өткізуге үлгере алмай, жолды шайып кету қаупі туындады. Шұғыл түрде ауданға шығып, ішкі істер қызметкерлері жолдағы машиналарды тоқтатып, Шұбардан түнімен тас тасып, тасқынды тоқтату үшін 3 күн далада түнегеніміз де бар…

Жалпы, жолда мұндай жағдайлар болып тұрады. Табиғи апаттар күтпеген жерде болуы мүмкін. Оның барлығын тек көптің күшімен, сабырлылықпен жеңуге болады.

М.НҰҒЫМАНОВ,

құрметті жолшы,                                                                

Шұбарқұдық ауылдық округіардагерлер кеңесінің төрағасы.                                                      

  • Балалар жылы

ЕРЕКШЕ МЕРЕКЕ

Алға қаласындағы №4 орта мектепте Балалар жылы аясында «Бақытты балалық шақ» атты іс-шара өткізілді. Оның мақсаты — ерекше балалардың өмірге деген құштарлығын арттырып, көтеріңкі көңіл күй сыйлау. Күні бойы балалар батутта ойнап, концерт тамашалап, көңілді кейіпкерлер ұйымдастырған ойындарға қатысты.  Сыйлықтар алып, мәз-мейрам болды.

Ата-аналар ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, мұндай іс-шаралардың ерекше балалардың қоғаммен еркін араласуына септігін тигізетінін айтты. Мектеп әкімшілігі балаларға көңілді мереке сыйлауға атсалысқан демеушілерге алғыс білдірді.

Алмагүл ҚАРАСАЕВА,

№4 Алға орта мектебі директорының орынбасары.

Алға ауданы.

 Оқырман хаттарын топтастырған Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button