Жаңалықтар

Триатлон паркі ашылды

Ақтөбенің қақ ортасында ашылған велосипед спортына арналған парктің ашылуы салтанатты түрде өтті. Шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, меценат әрі «Lancaster Group Kazakhstan» компаниясының төрағасы Берік Қаниев және ҚР Триатлон федерациясының президенті Алдияр Қазтаев қатысты.
Алдымен сөз алған өңір басшысы жиналған жұртшылықты Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

— Елімізде Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығы кең көлемде атап өтіліп жатыр. Мерекеге арнаған басты тартуымыз осы — Ақтөбе қаласындағы триатлон парктің ашылуы. Мұндай парк еліміздің санаулы ғана ірі қаласында бар. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін, спорт сүйер қауым үшін осындай керемет паркті сыйға тарқан «Lankaster Group Kazakhstan» компаниясына және оның атқарушы директоры Берік Қаниевке облыс жұртшылығының атынан ризашылымды білдіремін.

Жалпы облыстағы көптеген ауылда бірнеше спорттық кешендер бой көтерді. Соның арқасында шалғайдағы ауыл халқы спорттың кез келген түрімен айналыса алады. Мысалы, былтыр облыста 60 жаңа нысан пайдалануға берілсе, биыл 90-ға жуық спорт ғимараты ел игілігі үшін ашылмақ, — деді Оңдасын Оразалин.
Айта кету керек, триатлон парктің құрылысын Берік Қаниев және серіктестері  әлеуметтік жауапкершілік аясында салған. Бұл — велосипедшілерге арналған облыстағы тұңғыш парк.
Триатлон паркте ұзындығы 2,4 шақырым болатын жүгіретін және велосипедпен жүретін жол бар. Сондай-ақ заман талабына сай жабдықталған спорт ғимараты орналасқан. Мұнда триатлон, велосипед спорты мен жеңіл атлетика секцияларына негізделген үш зал салынған. Аталған ғимаратта спорт бары, велосипед жөндейтін орталық жұмыс істейді. Тұрғындар бұл жерден велосипед, шаңғы, конькиді жалға алуларына болады.
​Парктің ашылуы барысында жеңіл атлетика жарысы өтті.  Шараға Нұр-Сұлтан,  Орал, Атырау және Ақтөбе қаласынан жалпы 30 команда қатысты.

Г.КЕТЕБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button