Басты жаңалықтар

Егін егілді, жол жылдам салынып жатыр

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин егін науқаны мен жол құрылысы жұмыстарының барысын тексерді

Ақтөбе облысында жол жабындысының сапасын жақсарту, жаңа жолдар салу, жол учаскелерін кеңейту жұмыстары қызу қарқын алды. Себебі бұған дейін көктемгі жаңбыр қос саланың жұмыстарына кедергі келтірген еді.

Облыс басшысы алдымен Ақтөбе-Родниковка-Мәртөк автокөлік жолының жөндеу жұмыстарымен танысты. Биыл Кірпішті ауылының ішінен басталған асфальт төсеу жұмыстарыСолтүстік айналма жолы мен Ақшат ауылына дейін тіреледі. Өңір басшысы жол құрылысына қатысты әр жобаның жүзеге асырылу барысын, соның ішінде Оңтүстік айналма автокөлік жолындағы жұмыстарды да қатаң бақылауды тапсырды.

Қаладағы 41-разъезд — өте маңызды аймақ. Көлік қозғалысы да көп. Мамыр айы жаңбырлы болып, жұмыс қарқынын бәсеңдетті. Ауа райы мердігерлердің жұмысына кедергі келтіргені рас. Бірақ осы айдың соңына дейін Ясный ауылының маңындағы жұмыстар аяқталуы керек. Күзге қарай Оңтүстік айналма жолындағы жөнделіп жатқан барлық жерге асфальт төселуі тиіс, — деді Оңдасын Оразалин.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайырдың айтуынша, биыл барлығы 583 шақырым автомобиль жолы салынып, қалпына келтіріледі және жөнделеді. Бұл мақсатқа 34,3 миллиардтеңге бөлінген.

Одан кейін Мәртөк ауданының Родников ауылдық округіне қарасты «Еңбек» шаруа қожалығына барған өңір басшысы көктемгі егіс науқанының қалай жүріп жатқанын көрді. Көктемгі жаңбыр облыс диқандарының жұмысын да сәл кешеуілдеткен. Алайда жауын тоқтаған бойда облыстағы барлық аудан жерге дән себуге қызу кірісіп кетті.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетов шаруалардың қазіргі жайы туралы ақпарат берді. Қазіргі таңда күніне 25-28 мың гектар жерге тұқым себіліп жатыр. Егін егу науқаны бойынша Хромтау ауданы көш бастап тұр. Қазір аталғанауданда егін науқаны 90 пайызға орындалған.

Алдағы оншақты күнде егін егу науқаны бітеді. Биыл жаңбырлы болып, кештеу егілгенімен, ешқандай мәселе туындамайды. Керісінше, шаруалардың айтуынша, биыл — қолайлы жыл. Себебі бұрын арамшөп егінмен қатар өсетін. Ал биыл арамшөп бұрын өсіп кетті де, тұқым себердің алдында арамшөпті тамырына дейін шауып тастадық. Жердің ылғалы мол, егін бітік шығады деп жоспарлап отырмыз. Мамандардың айтуынша, егін орағы қыркүйек айының бірінші жартысынан басталады. Қазан айына дейін бәрін жиып-теріп үлгереміз, — дейді басқарма басшысы.

Осы жылы да облыс шаруаларына Үкіметтің жеңілдетілген 9,6 мың тонна жанармайы толық жеткізілген. Бұл былтырғыдан 1500 тоннаға көп. Жанармайдың бағасы —184 теңге. Өткен жылы арзан жанармайды 250 шаруа қожалығы тұтынған болса, биыл 400 шаруа қожалығына жетіп отыр. Субсидиялауға 1,300 миллиард теңге бөлінген. Диқандар үшін тағы бір жаңалық — биыл мал азығының тұқымы арзандаған.

Сүтті бағытта жұмысын жандандырып отырған«Еңбек» шаруа қожалығының басшысы Арслан Сүгірбаев биыл 80 гектар жерге сорго шөбін еккен. Мемлекеттік қолдауға ие болған шаруашылық жаңбырлатып суаратын екі қондырғы сатып алды.

Сол күні облыс әкімі Мәртөк ауданының орталығындағы абаттандыру жұмыстарымен танысты. Аудан әкімі Алмас Салықбаевтың айтуынша, биыл 13 көшенің жолы жөндеуден өтеді. Ал келесі жылға тағы бірнеше жолды жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалған.

Есет Көкіұлы көшесіндегі жергілікті тұрғындар үшін жасалған заманауи үлгідегі Арбатқа барған облыс әкімі оның қарсысындағы демалыс алаңының жұмысына риза болды. Қамбар Медетов атындағы балалар өнер мектебінің алды кешкілік демалушыларға толады екен. Алаңға сахна құрылып, балаларға арналған фонтан үздіксіз жұмыс істейді.Кешкі сағат алтыдан кейін алаңның екі жағы жабылып, көлік өтпейді. Бұл балалар мен демалушылардың қауіпсіздігі мен еркін жүруі үшін жасалған.

Жазда саябақта демалушылар өте көп болады. Аудан орталығында 5 саябақ бар. Орталықта орналасқан «Жастық» саябағында әр жексенбі сайын мерекелік шаралар өтеді. Әрбір ауылдық округтің өнерпаздары концерт ұйымдастырады. Демалыс алаңына караоке орнаттық. Жастарға қажетті жағдайлардың бәрін бірте-бірте жасап жатырмыз, — дейді Мәртөк ауылдық округінің әкімі Орынғали Қонысбай.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button