Жаңалықтар

Балаңызды бақылаңыз!

Сейсенбіде С.Бәйішев атындағы облыстық кітапхананың кіші мәжіліс залында «Мектеп инспекторларының тәуекел жағдайындағы жасөспірімдермен жұмысы» атты семинар-тренинг өтті. Шараны облыстық балалар құқығын қорғау департаменті ұйымдастырды.

Білім мекемелері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және ата-аналар қатысқан семинар-тренинг ҚР Үкіметі жанындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссия шешімін орындау, мектеп инспекторлары жұмысына қажетті әдістемелік көмек көрсету және   жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында өтті.  Семинарға облыс прокурорының аға көмекшісі Сұлушаш Каренова, облыстық кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау комиссиясының хатшысы Роза Сәрсенова, облыстық кадрлар біліктігін арттыру және қайта даярлау институтының директоры Шолпан Көбенова мен ІІД ЖТЖ инспекциясының бастығы Ұлбике Оспановалар қатысты.

Семинар екі бөлімнен құралды. Алдымен «Жас Отан», «Жас көшбасшылар ассоциациясының» өкілдері кәмелет жасына толмаған жасөспірімдердің арасында кездесетін оқиғалардан қойылымдар көрсетті. Ал әр саланың мамандары оқиға желісі бойынша өз ойларын ортаға салды. Екінші бөлімде семинарға қатысушы мамандар құқық бұзушылықтың алдын алу жөнінде өз тәжірибелерімен бөлісті.

Кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер арасында қылмыс жиі кездеседі. Сондықтан біз балаларға қолдау көрсетіп, олардың мәселелерін шешуге тиістіміз. Ақтөбе облысы балалардың құқығын қорғау департаменті ҚР Конституциясы мен Заңына сүйеніп, көп мәселелерді талқылайды. Аймақтағы балалар проблемасын шешуде біз ведомствоаралық байланысты нығайтып, заң орындарымен бірлесіп жұмыс жасаймыз.

Ішкі істер департаментінің дерегіне сүйенсек, жыл басынан бері кәмелетке  толмағандар арасында 29 қылмыс тіркелген. Олардың арасында ұрлық, қорқыту, бұзақылық жасау, адам денсаулығына зиян келтіру, т.б. кездеседі. Былтырғы жұмыс барысында ішкі істер департаментімен бірлесіп, балалардың профилактикалық акциясын өткізген болатынбыз. Негізгі мақсатымыз -қадағалаусыз, қиын отбасындағы балаларды анықтау, құқық бұзушылықты болдырмау. Акция барысында 1048 жасөспірім профилактикалық негізге алынды. Мұнда 218 әкімшілік құқық бұзушылық, 115 спирттік ішімдік тұтыну, 13 есіртке қолдану, 233  түрлі қылмыс және 569 тұрмысы қолайсыз отбасы анықталып, 40-қа жуық ата-ана өз құқықтарынан айрылды.

Жалпы, қылмыстық іс жасайтындардың 70 пайызы – орта білім мекемелерінің оқушылары. Сондықтан кәмелеттік жасқа толмағандар арасында қылмысты болдырмау, қараусыздық пен панасыздықтың алдын алу үшін  заң органдары қызметкерлерімен, денсаулық сақтау мекемелерімен бірлесіп  профилактикалық жұмыстарды жиі өткізуіміз қажет. Әрбір білім мекемесіндегі мектеп инспекторлары әр  оқушының тәртібін қадағалап, олармен жұмыс жасауы керек, – деді семинар барысында сөз алған департамент директоры Күлпаршын Айдарханова.

Семинарда мамандар алдымен баланың жақсы өсіп-жетілуін үйде ата-ана, ал мектепте ұстазы, мектеп инспекторлары қадағалағаны жөн дейді. Сондай-ақ, баланың күнделікті мінез-құлқын бақылап, достарына да қарау керектігін ескертті.

Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button