Басты бет » Жаңалықтар » Мақсат — байқау жеңімпазы

Мақсат — байқау жеңімпазы

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті мен облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Талап. Еңбек. Терең ой» атты облыстық интеллектуалдық байқау өтті.

Байқау мақсаты — мемлекеттік қызметшілердің ана тілдің мәртебесін арттыруға үлес қосуына жағдай жасау, оларды отансүйгіштікке баулу.

Байқауға облыс әкімдігінің, Ақтөбе қаласы әкімдігінің мамандары, сондай-ақ Әйтеке би, Байғанин, Қобда, Мұғалжар, Мәртөк, Ойыл, Темір, Шалқар, Ырғыз, Хромтау, Қарғалы аудандық әкімдіктерінің мамандары және орталық атқарушы органдардың Ақтөбе облысы бойынша инспекциясы мен департаменттерінен барлығы 25 мемлекеттік қызметші қатысты. Қатысушылар алдымен «Кім жылдам?» іріктеу кезеңінде бақ сынады. Іріктеу кезеңінен жоғары ұпай жинаған 15 қатысушы сол бойда негізгі бөлімге жолдама алды.

Бұдан кейін байқаудың «Сіз білесіз бе?», «Тарих тағылымы» және «Ақтөбе ономастикасы» кезеңдерінде қатысушылар аударма жасап, өңір тарихына, қасиетті жерлер мен ескерткіштердің орналасу территориясына қатысты сауалдарға жауап берді.

Қазылар алқасының шешімімен байқауда І орынды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе бойынша департаментінің бас маманы Мақсат Әбекенов жеңіп алды. ІІ орынды Ақтөбе облысы бойынша тексеру комиссиясының жетекші маманы Айбар Оразалин, ал ІІІ орынды облыстық цифрлық технологиялар басқармасының бас маманы Айдана Құдайбергенова иеленді.

Сондай-ақ Байғанин ауданы әкімі аппаратының бас маманы Бекжан Көрпебаев пен Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Жазира Бақытжанова арнайы жүлдеге ие болды.

Байқау соңында қазылар алқасының мүшесі, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалының төрағасы Роман Рахиев Хромтау аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Асхат Арыстанбаевқа арнайы сыйлығын табыс етті.

Д.ҚАЗИХАН.