Референдум

Көпбалалы отбасы жарқын болашақ үшін дауыс берді

Бұл күні Ақтөбе қаласындағы №51 гимназияда орналасқан №112 учаскенің  жұмысы да Мемлекеттік Әнұранмен басталды.
Ақтөбе қаласының №112 учаскелік референдум комиссиясының төрағасы Гүлдәурен Нығыметтің айтуынша, бұл учаскеге 12-шағын аудандағы он екі үйдің тұрғындары тіркелген.
— Біздің учаскеде барлығы 2561 тұрғын бар. 9 адам үйден дауыс беруге өтініш берді. Оларға сағат 12.00-де учаскеден арнайы топ барды. Халықтың референдумға қатысуы жақсы. Ертемен екі әже бастап келді. Учаскемізге тіркелген бірінші рет дауыс беретін 26 тұрғынның қазіргі уақытта бесеуі өз таңдауларын жасады, — дейді Гүлдәурен Нығымет.
12 шағын ауданның тұрғыны, зейнеткер Кенжеғали Толықбаев «Мен жаңа Қазақстан үшін дауыс бердім!» дейді.
Осы ауданда тұратын көпбалалы отбасылардың бірі — Самат пен Гүлден Хайроловтар дауыс беруге құндақтағы сәбиімен келіпті. №112 учаскелік референдум комиссиясының хатшысы оларға жауапкершіліктері үшін сыйлық табыстады.
— Төрт баланы үйге қалдырып кеттік. Үлкеніміз — он үште. Ұрпағымыздың болашағы жарқын болсын деген ниетпен азаматтық ұстанымымызды білдіруге келдік. Конституциямызға енгізіліп жатқан өзгерістерді қолдаймыз, — дейді Гүлден Хайролова.
Есік алдында осы гимназияның өнерлі оқушылары концерт қойып, тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button