Референдум

Тұрғындар белсенділігі жоғары

Ақтөбе қаласының ескі бөлігіндегі Малышка ауданының тұрғындары №15 сайлау учаскесінде дауыс берді.
Сайлау учаскесінде 2288 адам тіркелген. Оның 14-і алғаш рет дауыс бергелі отыр.  

Сайлау процесінің әділ әрі сенімді өтуі үшін 7 комиссия мүшесі мен 6 бақылаушы жұмыс істеуде. Бақылаушылардың айтуынша, комиссия мүшелері өздеріне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындауда.
— Таңғы сағат 7:00-де  Әнұранымыз шырқалып, дауыс беру басталды. Сағат 10-ға дейін 400-ден астам келді. Сайлау тәртібі бойынша барлығы жіті қадағалануда. Тұрғындар үздіксіз келіп, өз таңдауларын жасап жатыр.  Ең жасы үлкен және ең жас, отбасымен бірге ерте келген дауыс берушілерге арнайы сыйлықтар беріп жатырмыз. Таңертең ертемен әсіресе, үлкен кісілер көп келді.

Тұрғындардың ерекше ынтасын көріп, риза болып отырмыз. Барлық шақырту қағаздарын тұрғындарға уақытылы жеткіздік. Егер денсаулығына байланысты үйде отырған немесе мүмкіндігі шектеулі адамдар дауыс беруге өтініш білдірсе, біздің арнайы топ үйлеріне баруға әзір. Тіркелген тұрғындардың барынша қатысуын қадағалайтын боламыз, — дейді №15 учаскелік референдум комиссиясының төрайымы Алмажай Тажиданова.
Дауыс беруші тұрғындардың бірі Әзімбек Оразбаев бұл сайлау науқанының ерекше екендігін айтады.
— Осы кезге дейін елімізде ұйымдастырылған барлық сайлауға қатысып келе жатырмын. Бүгін де  жаңа Қазақстан үшін дауыс беруге шықтым. Бұл біздің мемлекет пен қоғам үшін өте маңызды қадам деп санаймын, — дейді ол.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button