Мереке

Саябақтағы көңілді күн

Ақтөбедегі «Yurta park» отбасылық демалыс саябағында Балалар жылына орай «Балаларға қуаныш сыйла» атты қайырымдылық акциясы жалғасын тапты.

Облыстық жастар мен балалар ұйымдары қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен шараға «Аяла» өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы мен бірқатар мектеп оқушылары қатысты. Балдырғандар ашық аспан астындағы саябақта түрлі аттракциондарда ойнап, көңілді уақыт өткізді.

— Акцияға Ақтөбе қалалық әкімдігі мен облыстық полиция департаменті қолдау білдіріп отыр. Бүгін аз қамтылған отбасылардың 70-ке жуық баласы шақырылды. Бұған дейін де бір ай бойы бірнеше қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылды. Кішкентайлар «Алақай» қуыршақ театрына, «Happylon» ойын-сауық орталығына барды, — дейді облыстық жастар мен балалар ұйымдары қауымдастығының төрағасы Жандос Табылғанов.

Шара барысында балаларға тегін балмұздақ пен жеміс-жидектер үлестіріліп, мерекелік түскі ас берілді.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы — мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі», — деген болатын. Сондықтан биылғы атаулы жылда өңірімізде осы бағытта түрлі іс-шара ұйымдастырылып жатыр. Сондай-ақ 26 маусым — Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні нашақорлықтың таралуына жол бермеу, жастарды спортқа баулу бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілді, — дейді облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция капитаны Алмагүл Ізбасарова.

Аталған акция жыл бойы жалғасатын болады. Алдағы уақытта барлығы мыңнан астам баланы батут орталықтарына, кинотеатрларға апару жоспарланып отыр.   — Ақтөбе қаласындағы №14 мектептен 9 бала келді. Жасыл желекке көмкерілген тынығу орны келушілерге ерекше көңіл күй сыйлайды. Балалар асыр салып ойнап, мәз-мейрам болды. Оқушылардың жазғы демалысы басталғанда осындай шара ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіреміз, — дейді аталған мектептің мұғалімі Әйгерім Қуанғалиева.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button