Жаңалықтар

Облыста мемлекеттік инспекторлар жетіспейді

Жұма күні облыстық әкімдік ғимаратында Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департамент директоры, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Әділбек Мұқашев өткізген жиында тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнаманы бұзған құрылыс салушыларды әкімшілік жауапкершілікке тартпағаны үшін облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы О.Сопрунға қатысты қозғалған тәртіптік іс қаралды. Кеңес мүшелері аталған шенеуніктің әкімшілік жауапкершілікке тартылуына байланысты тәртіптік істі тоқтату жөнінде шешім қабылдады.

Сонымен қатар Ақтөбе облысы бойынша еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысының, Ақтөбе облысы бойынша қазынашылық департаменті басшысының, Әйтеке би ауданы әкімі орынбасарының мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, соның ішінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтер туралы заңнаманы бұзушылықтардың алдын алу бойынша баяндамалары және  Қарғалы ауданының әдеп жөніндегі уәкілі қызметінің нәтижесі жөнінде есебі тыңдалды.

Алдын алу шараларын жүргізу нәтижесінде басқармада былтыр және осы жылдың 5 айында мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама талаптарын сақтамағаны үшін тәртіптік, әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тарту фактілері тіркелмеген.

Осы орайда облыстағы еңбек заңнамасының және құқық нормаларын қамтитын өзге де нормативтік-құқықтық актілердің сақталуын қадағалау және бақылау функцияларын жүзеге асыратын, еңбек қатынастары мәселелері бойынша тексерулер жүргізуді, өндірістегі жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеруді, азаматтардың өтініштері бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізуді жүзеге асыратын мемлекеттік инспекторлардың саны жеткіліксіз екенін айтқым келеді. Бұған байланысты тиісті мекемеге 3 штат бірлігін бөлу мәселесін қарастыруын ұсынғанымызбен, мәселе әлі шешілген жоқ, — деді Ақтөбе облысы бойынша еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы Әбдухат Мырзалин.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button