Жаңалықтар

«Алтын сападан» үмітті ақтөбелік компаниялар

Елімізде 2006 жылдан бері ел Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алуға арналған байқау мен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауы қатар өткізіліп келеді. Осы байқауларға қазір өтінім қабылданып жатыр.

Ақтөбе облысының қырықтан астам компаниясы тауарлар мен қызметтер сапасы байқауларына қатысуға өтінім берген. Жергілікті бизнес өкілдерінен өтінімдерді Ақтөбе өңірлік кәсіпкерлер палатасы қабылдап жатыр. Байқауға тауар өндіретін, қызмет көрсететін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер қатыса алады.

Бұл шараның негізгі міндеті — Қазақстан нарығын жоғары сапалы өніммен толықтыруға жәрдемдесу. Байқау эмблемасын жеңімпаздар 4 жыл бойы жарнамалық мақсатта пайдалануға құқылы.

— «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының аймақтық кезеңі шілде айының басына жоспарланған. Байқау үш номинация бойынша өтеді: «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары». Қатысушыларға оқыту семинары ұйымдастырылады. Семинар барысында кәсіпкерлерге байқауларды өткізу тәртібі мен ережелері түсіндіріліп, байқау материалдарын дайындауға көмектеседі. Ақтөбеде семинар 16 маусымда өңірлік кәсіпкерлер палатасы базасында өтеді, — дейді өңірлік кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Сәкен Құбайдуллин.

Өтінімді www.altynsapa.kz сайты арқылы да беруге болады. Бүгінгі таңда ақтөбелік 28 кәсіпкер «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауына, 13 компания «Алтын сапа» байқауына қатысуға ниет білдірген. Құжаттар осы жылдың 1 шілдесіне дейін қабылданады.

Әр жылдары Ақтөбе облысының бірқатар кәсіпорындары «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының және ел Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының жеңімпаздары мен жүлдегерлері болды. Олар — «Жаңа Әлжан» диірмен комбинаты, Ақтөбе рельс-арқалық зауыты, «Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ, «Экотон Батыс», «Айс», «ПО Глобал-Спецодежда»  және «WestLineDoors» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері.

Айта кетейік, «Алтын сапа» байқауының жеңімпаздарына сыйлықты ел Президенті табыстайды. Дәл осы күні «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының да жүлдегерлері марапатталады.

 Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button