Басты жаңалықтар

Тарихтан тағылым —  өткенге тағзым

Ақтөбе қаласында осындай атпен саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған шара өтті.

31 мамыр күні таңертең ақтөбеліктер зұлмат жылдары жазықсыз атылған жандар жерленген Түйетөбеге жиналды.Қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, 1 минут үнсіздік жарияланды. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин бастаған топ ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойды.

Бұл шараға мемлекеттік мекемелердің, этномәдени бірлестіктердің дін өкілдері, репрессия мен аштық жылдары қайтыс болғандардың ұрпақтары барды.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні елімізде 1997 жылдан бері жыл сайын аталып келеді. Ресми деректерде  Қазақстанда 105 мың адам саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болса, оның 50 мыңнан астамы атылған. Ашаршылық жылдары 1 миллионға жуық қандасымыз жер ауып кетсе, 700 мыңға жуығы аштықтан қайтыс болған. 1987 жылы қазіргіҚұдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің мамандары жүргізген арнайы зерттеу жұмыстарында алғаш рет Түйетөбеден адам сүйектері табылған. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін көп жұмыс атқарылды. Құрбан болғандардың саны ресми деректерден де көп екені анықталды. Қазіргі таңда облыс әкімінің қолдауымен 30-ға жуық тарихшы бұрынғы құқық қорғау органдарының архивтерінен құжаттарды тексеруде. Былтыр зерттеудің алғашқы деректері жарияланған кітап шықты. Жыл аяғына дейін репрессияға ұшырағандардың толық тізімін анықтаймыз деген үмітіміз бар. Бұл — жұмыстың бастамасы ғана. Зерттеулер жыл сайын жалғаса береді, — дейді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің проректоры Рахым Бекназаров.

Ақтөбе облысында 8 мың адам қудаланып,оның 2 мыңы ату жазасына кесілген.

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының  ұрпақтары атынан сөз алған облыстық денсаулық сақтау саласы қызметкерлері ардагерлер кеңесінің төрағасы Роман Рахиев осындай кең көлемде шара өткізудің ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруда  үлкен тәрбиелік мәні бар екенін айтты.

Еске алу шарасына қатысқан қаладағы «Свято-Владимирский приход» жергілікті православиелік діни бірлестігінің басшысы Дмитри Соловьев бұл күллі ұлтқа жасалған қастандық екенін, жазықсыз құрбан болғандардың еске алатын ұрпағы барда рухы мәңгі өлмейтінін айтты.

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу шарасынан соң облыстың бас имамы Серікжан Еншібайұлы жазықсыз құрбан болғандардың рухына арнап Құран бағыштады.

Одан кейін облыс әкімі Оңдасын Оразалин мен қала басшысы Асхат Шахаров бастаған әкімдік қызметкерлері, жергілікті мекемелер, жоғары оқу орындары мен колледждер, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардың өкілдері Ақтөбедегі қалалық Мәдениет үйінің ауласындағы ескерткішке барып, тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақтөбе облысы кәрістер Ассоциациясының өкілі Афанасий Когай сөз сөйлеп, сол кездегі саяси жүйе кәрістердің де басына түскенін, жер аударылып келгенде оларды қазақтар панасына алғанын, кәріс-қазақтың татулығы туралы әңгімеледі.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Ақтөбе қалалық филиалының төрағасы Естай Жайлыбай тарихтың бұл парақтары тәуелсіздік алғанға дейін жабық болғанын, біздің халқымыз үшін аса ауыр кезеңді ешқашан ұмытуға болмайтынын айтты.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button