Референдум

Әр дауыс маңызды!

Кеше Парламент Мәжілісі және облыстық мәслихат депутаттары «Қазақтелеком» АҚ облыстық филиалының қызметкерлерімен кездесіп, республикалық референдум туралы пікір алмасты.

Мәжіліс депутаттары, Amanat  партиясыреспубликалық штабының мүшелері Ғалымжан Елеуов, Аманғали Бердалин бастаған делегация байланыс саласының өкілдеріне 5 маусымда өтетін саяси шараның мән-маңызын айтты.

— Біз еңбек ұжымдарымен — медицина, педагогика, мәдениет салаларының қызметкерлерімен осындай кездесулерді жиі ұйымдастырып жүрміз. Ондағы мақсатымыз — Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды, сондай-ақ алда өтетін референдумның маңызын түсіндіру. Алдағы конституциялық реформа билік тармақтары арасындағы қарым-қатынас теңгерімін оңтайландырады, халықтың елді басқару ісіне араласуын күшейтеді, азаматтардың конституциялық құқықтарын арттырады. Сондықтан әрқайсысымыз осы мүмкіндікті пайдалануымыз керек. «Менсіз-ақ шешіледі ғой» деген ойдан аулақ болайық. Барлығының да дауысы маңызды, — деді Ғалымжан Елеуов.

Ал Аманғали Бердалин осындай кездесулерде Президенттің саясаты мен реформаларына деген халықтың қолдауы айқын көрінетінін айтты.

— Конституцияға енгізілетін өзгерістің ішінде еліміздің суперпрезиденттік басқарудан түбегейлі бас тартып, президенттік республика моделіне өтуі, барлық партияға тең мүмкіндік ашылуы, демократиялық қоғамның күшеюі елдің жаңа кезеңге өтуінің кепілі деп білемін. Барлық ақтөбеліктерді саяси науқанға атсалысып, дауыс беруге шақырамын,— деді ол.

Қазіргі таңда аталған кәсіпорында 500-ге жуық адам еңбек етеді. Байланысшылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларын қолдайтынын, саяси науқаннан үлкен үміт күтетінін айтты.

— Елін, жерін, балаларының болашағын ойлайтын адам референдумға баруға тиіс, — деді кәсіподақ ұйымының жетекшісі Ғалия Өтегенова.

Жиынға жоғарыда аталған  партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы, облыстық штаб төрағасы Ербол Данағұлов, қалалық мәслихат депутаттары да қатысты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button