Спорт

Бесінші матчтан не бұйырады?

Еуропа — 2012

Үміт

Ертең Қазақстанның ұлттық құрамасы Германияның жасыл алаңына шығады. Еркін ойнақ сала ма, әлде тағы да тұсаулы аттай кібіртіктей бере ме, әрине, білмейміз. Бірақ тізгінді қолына өткен ақпан айында алған, 55 жастағы чехиялық бас жаттықтырушымыз Мирослав Беранек алыс сапарға аттанар алдында Германия, әрине, әлемдік масштабтағы команда екенін, бірақ біздің жігіттер оларға лайықты қарсылық көрсете алатынын мәлімдеп қойған болатын.

Енді ұлттық командамыздың осы ойынға ұсынылған құрамымен танысалық. Құрамада 5 ақтөбелік футболшы бар екенін алдын ала еске саламыз.

Қақпашылар: Давид Лория («Ертіс»), Александр Мокин («Шахтер») және Андрей Сидельников («Ақтөбе»).

Қорғаушылар: Александр Кислицын («Тобыл»), Фархадбек Ирисметов («Ордабасы»), Қайрат Нұрдәулетов («Локомотив»), Михаил Рожков («Локомотив»), Ренат Абдулин («Восток»), Владислав Чернышов («Ертіс»), Андрей Чичулин («Ақтөбе») және Юрий Логвиненко («Ақтөбе»).

Жартылай қорғаушылар: Азат Нұрғалиев («Ордабасы»), Сергей Скорых («Жетісу»), Қазбек Гетериев («Жемчужина-Сочи», Ресей), Максим Азовский («Локомотив»), Ұлан Қонысбаев («Локомотив»), Жамбыл Көкеев («Шахтер»), Мақсат Байжанов («Шахтер»), Евгений Аверченко («Ақтөбе») және Дмитрий Шомко («Локомотив»).

Шабуылшылар: Сергей Хижниченко («Шахтер»), Нұрбол Жұмасқалиев («Локомотив»), Сергей Остапенко («Жетісу») және Сергей Лисенков («Ақтөбе»).

Өкінішке қарай, Александр Киров («Локомотив»), Самат Смақов («Ақтөбе»), Андрей Финонченко («Шахтер»), Сергей Каримов («Вольфсбруг», Германия), Генрих Шмитгаль («Оберхаузен», Германия) және Андрей Карпович («Локомотив») жарақаттанып қалуларына байланысты бұл матчқа қатыса алмайтын болып отыр.

Ал Германия біздің құрамамызға қарсы кімдерді ойнатқалы отыр? 18 наурызда бұл ел құрамасының бас жаттықтырушысы Йоахим Лев төмендегідей тізім бектілгенін мәлім етті.

Қақпашылар: Мануэль Нойер («Шальке-04», Гельзенкирхен), Рене Адлер («Байер», Леверкузен), Тим Визе («Вердер», Бремен).

Қорғаушылар: Арне Фридрих («Вольфсбург»), Филипп Лам («Бавария», Мюнхен), Пер Мертезаккер («Вердер»), Джером Боатенг («Манчестер Сити, Англия), Хольгер Бадштубер («Бавария»), Деннис Аого («Гамбург»),  Матс Хуммельс («Боруссия»), Марсель Шмельцер (Боруссия»).

Жартылай қорғаушылар: Бастиан Швайнштайгер («Бавария»), Лукас Подольски («Кельн»), Месут Эзил («Реал», Испания), Сами Хедира («Реал», Испания), Томас Мюллер («Бавария»), Тони Кроос («Бавария»), Кристиан Треш («Штутгарт»), Марио Гетце («Боруссия»), Андре Шюррле («Майнц-05»), Свен Бендер («Боруссия»).

Шабуылшылар: Мирослав Клозе («Бавария»), Марио Гомес («Бавария»).

Матч Германияның Кайзерслаутерн қаласындағы Фриц Вальтер атындағы стадионда өтеді.

Күдік

Біздің ұлттық құрамамыз енетін «А» тобын әзірге ұтылысқа тап бола қоймаған бүгінгі қарсыласымыз Германия бастап келеді. Олар 4 ойыннан 12 ұпай жинап алды. Былтыр Астанада өткен матчта біздің құраманы 3:0 есебімен ұтып, 3 ұпай олжалағанын ұмыта қоймаған шығармыз.

Екінші орындағы Австрияның 3 ойыннан 7 ұпайы бар.

Үшінші, төртінші орындарды 4 ойыннан соң 6 ұпай жинаған Түркия мен 4 ұпайы бар Бельгия бөлісіп отыр.

Бесінші орындағы Әзірбайжан 3 ойыннан 3 ұпай жинады.

Ал алаңға төрт рет шыққан Қазақстанда еш ұпай жоқ. Ол да ештеңе емес-ау, біздің ойыншыларымыз қарсыластар қақпасына әлі бірде-бір доп та соға алмай діңкелеп жүр, оның есесіне өз қақпасына 10 доп жіберіп үлгерді. Бұл ретте біз бар-жоғы 61 шаршы шақырым ғана территориясы, 30 мың шамасында ғана тұрғыны бар Сан Маринодан ғана ілгері тұрмыз. Олар да қарсыластар қақпасын әзір дөп көздей алған жоқ және өз қақпасына 29 доп жіберіп алды.

Рас, қазірге дейін ұпайсыз келе жатқан біз бен Сан-Марино секілді ұлттық құрамалар баршылық: Андорра, Мальта, Уэльс, Исландия, Лихенштейн, Фарер аралдары. Бірақ бұлар қарсыластарының қақпасының торын бір рет болса да бүлк еткізіп қойды, тіпті Фарер аралдары құрамасы үш доп соқты.

Айтпақшы, біздің ойыншыларға қойылып отырған талап та ақылға аса сыйымсыз емес. Қазақстанның Футбол федерациясы, қайткенде де Әзірбайжан құрамасынан озып, қорытынды кестеде бесінші орында тұруды ғана міндеттеп отыр.

Ал үстіміздегі жылдың 9 наурызында ФИФА әлемдік ұлттық футбол құрамалары реитингін жария етті. Бұл тізім бойынша Қазақстан 132-орында, ал Германия 3-орында тұр екен.

Қосымша анықтама

Еуропа-2012 чемпионатының іріктеу турниріне 9 топқа бөлінген 51 ұлттық құрама қатысып жатыр. Өз алаңдарында чемпионат өткізетіндігі себепті екі елдің құрамасы — Польша мен Украина ақтық сайысқа бұл іріктеу ойындарына қатыспай-ақ бірден қосылады.

Жарысты ұйымдастырушылар қазіргі саяси ұстанымдары мен қарым-қатынастарындағы дүрдараздыққа байланысты және өзара кездесулер өткізілмей қалуы мүмкіндігін ескеріп, Ресей мен Грузияның, сондай-ақ Әзірбайжан мен Арменияның бір топқа түспеуін қамтамасыз етті.

Өткен жылдың 11 тамызы күні старт алған іріктеу турнирі биылғы жылдың 11 қазаны күні аяқталады.

Ал 8 маусым мен 1 шілде аралығында өтетін финалдық турнирге қатысатын командалар саны — 16.

Матчтар Киев, Донецк, Харьков, Львов, Варшава, Гданьск, Познань қалаларында өткізіледі.

Салмағы зор сайыстың ашылу салтанаты Варшаваның еншісіне тисе, финалдық ойын Киевте өткізілетін болды.

Ал, сәл шегініс жасасақ, Еуропа чемпионаты 1960 жылдан бері 4 жылда бір рет өткізіліп келеді.

Осы жылдар аралығында Германия үш рет чемпион атанды.

Франция мен Испания чемпиондық тұғырға екі реттен көтерілді.

Ал төмендегі командалар мәртебелі атаққа бір реттен ие болғандар:

Грекия;

Дания;

Италия;

Голландия;

КСРО;

Чехословакия.

Барлық финалдық кезеңдердегі статистикалық есептер бойынша чемпионаттың үздік сұрмергені — 9 гол соққан Мишель Платини (Франция).

УЕФА

«Интер» табысын қайталай ма?

Еуропа алаңдарындағы футбол додалары нағыз думанды шағына енді.

Чемпиондар лигасында сен тұр, мен атайынға лайық сегіз команда ширек финалға іріктеліп шықты.

5-6 сәуір күндері төмендегі мықтылар алғашқы кездесулерін өткізеді:

«Реал» (Испания) — «Тоттенхем» (Англия)

«Челси» (Англия) — «Манчестер Юнайтед» (Англия)

«Барселона» (Испания) — «Шахтер» (Украина)

«Интер» (Италия) — «Шальке-04» (Германия)

Өткен жылы бұл доданың ақтық финалында «Баварияны» 2:0 есебімен жеңіп, «Интер» чемпион атанып еді. Биыл одан ертерек, орта жолда кезіккен сол «Баварияны» сол «Интер» кешегі өткен 1/8 финалдағы ойында тағы да жеңіп, үміткерлер қатарынан шығарып тастады. Интерліктер үшін ырымға жақсы екені көрініп-ақ тұр. Бірақ бұлар әуелі тағы да алдынан шыққан тағы бір германиялық команданы тұсаулауы керек.

Португалияның үш үміті

Еуропа лигасы да ширек финал сатысына жетті.

7 сәуір күні алғашқы күш сынасу басталады.

Бір қызығы, бұл деңгейдегі басқышқа футболға ықыласты болуды кешегі кеңестік заманда  үйренген, КСРО чемпионатының жоғары тобында жүрген «Қайраттың» табысына үнемі тілектес болған, қазір аға буынға айналған қазақстандық жанкүйерлердің көзі қаныққан екі команда («Спартак», «Динамо») ілігіп тұр.

«Порту» (Португалия) — «Спартак» (Мәскеу, Ресей)

«Динамо» (Киев, Украина) — «Брага» (Португалия)

«Вильярреал» (Испания) — «Твенте» (Голландия)

«Бенфика» (Португалия) — ПСВ (Голландия)

Бұл сайыста, әсіресе, үш бірдей командасы үкіленіп тұрған Португалияның дәмесі зор болатыны даусыз.

Бірақ голландиялық «Аякстың» қақпасына жауапсыз төрт доп сүңгіткен мәскеулік «Спартак» та, ағылшындық «Ливерпульдің» діңкесін құртқан «Брага» да, «Манчестер Ситиді» жеңіп бұл топқа ешбір ағылшын командасын енгізбеуге атсалысқан «Динамо» да, шотландиялық «Рейнджерсті» жолдан ығыстырған ПСВ да, германиялық «Байерді» екі рет сүріндірген «Вильярреал» да тізгінді тіпті де оңай ұстата қоймайтын шығар.

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button