Басты жаңалықтар

Алға: ашық пікір, жылы жүздесу

Баспасөз-2022

Әдетте қалам иелері үшін оқырманымен әр кездесу — қолға түсе бермес олжа. Өйткені бұған дейін екі жақ тек қана басылым арқылы сырттай жүздессе, енді бетпе-бет келіп, ашық пікірлесудің, айқын сырласудың мүмкіндігі туады.

Алға өңірінде облыстық қоғамдық-саяси «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттерін және «Үш таған» журналын біріктіретін «Ақтөбе Медиа» компаниясының ұйымдастыруымен өткен Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауын насихаттау және алдағы республикалық референдумның маңызын түсіндіру мақсатындағы шара бір жағынан осындай қадамға да жол ашты.  

— Біз Сіздермен еліміздегі маңызды бір кезең тұсында кездесіп отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Жаңа Қазақстан» идеясы қолға алынды, енді санаулы күндерден кейін елімізде жақсы жаңалықтың, өркенді өзгерістердің бастамашысы іспетті референдум өткелі отыр.

Осындай тұста бұқаралық ақпарат құралдары өз қызметін бұрынғыдан да белсенді жүргізіп, елдіктің туын жоғары ұстауға, халық мүддесін қапысыз қолдауға айрықша ұмтылыс білдіруде.

Бір кездері тағдырдың жазмышымен осы өңірде азды-кем күн ғұмыр кешкен, осы елдің суын ішіп, жерін басқан ғұлама ұстаз Ахмет Байтұрсынов: «… газет — халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек…» деп кеткен болатын. Сол сөзі әлі де ескірген жоқ.

Бүгінгі күні екінші жартыжылдыққа баспасөзге жазылу науқаны жүріп жатыр. Біздің «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі облыстық «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттерін және «Үш таған» журналын біріктіреді. Осы басылымдардың қай-қайсысы да сіздерге рухани серік бола алады деп ойлаймыз, сондықтан да алдағы уақытта да бірге болайық дегім келеді, — деген «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншиннің сөзі жиналғандар тарапынан қолдау тапты.

Кезекті сөз кезегін алған аудан әкімі Нұрбол Ержанов өзі басқаратын өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып, рухани саланың даму барысын жүйеледі.

— Баспасөз — біздің күнделікті өміріміздің хабаршысы. Қай кезде де ақпараттық қажеттілік, баспасөзге деген сұраныс артып отыр. Сондықтан да алғалық оқырмандар қатары алдағы уақытта да көбейе түсетіндігіне сенімдімін, — деген ауданның жас басшысы журналистерге деген ыстық ықыласы мен құрметін білдірді.

«Мұғалімі қандай болса — мектебі де сондай болмақ», «Мойныңдағы борышты білу — білімнің ісі, борышты төлеу — адамшылық ісі», «Мектептің жаны — мұғалім» деген сияқты тыңдаушы ой салатын тағылымды тіркестердің иесі Ахмет Байтұрсыновтың есімі осы Алға ауданына да тікелей қатысты. Өйткені ол  1895 жылы Орынбордағы мұғалімдік мектепті бітіргеннен кейін екі жылдай Ақтөбе уезі, Бестамақ болысында — қазіргі Алға ауданы Қарағаш селолық округі аумағында Самбай ауылының болысы Ахметкерей Қосуақовтың салдырған мектебінде мұғалімдік қызмет атқарады. Бүгінде сол Самбай ауылында мектеп Ахмет Байтұрсынов атында. Алаш арысы атанған дара тұлға есімін алғалықтар әрдайым ұлықтап отырады. Мәселен, оның туғанына 145 жыл толуына орай өткізілген «Ұлт ұстазы — Ахмет» атты ғылыми-танымдық конференцияға осы мектеп ұжымы белсене қатысты.

Ұстаздық ұлағатын молынан көрсеткен сол ғұламаның өз заманында газетті де жоғары бағалағаны оқырмандармен кездесуде жиі айтылды.

Жалпы, Алға өңірінде тарихта есімі қалған танымал тұлғалар аз емес. Солардың ең басында Есет батыр Көкіұлы тұрады. Батырлығына қоса әулиелігі талай қысылған жанға демеу, қорыққанға сүйеніш, алға ұмтылғанға айбар болған бабаның биік қыр басындағы ескерткіші бүгінде елдіктің биік шыңындай елес береді. Сондықтан да «Ақтөбе Медиа» компаниясы белгілеген Есет Көкіұлы атындағы сыйлықтың бәсі биік, бағамы жоғары болса керек. Ел ішінде имандылықты насихаттап, ізгілікті істерімен көпшілік құрметіне бөленген Алға ауданының бас имамы Әбдіуахит Әбдікәрімұлы осы сыйлыққа ие болды.

— Мен оңтүстік өңірде дүниеге келгеніммен, Алға жерін мекен етіп, діни салада қызмет етіп келе жатқаныма ширек ғасырдай уақыт өтіпті. «Тұрған жерің де туған жеріңмен бірдей» деген сөз бар қазақта. Осы кезеңде еліміздің тәуелсіздігі тұғыры нығайып, халқымыз жаңа белеске көтерілді.

Есет баба басындағы мемориалды кешен бүгінде осында келушілерге рухани қуат беретін орталыққа айналды деп есептеймін. Осында ашылған музейде Есет батырдың өмір жолын көрсететін құнды деректер, қымбат жәдігерлер сақталған. Соның барлығы, үлкендерді айтпағанда, жас буынға жақсы тәлім беретіні айқын,— дейді Әбдіуахит имам.

Алға өңірінен шарықтап ұшып шыққан таланттардың бірі — қазақтың көрнекті лирик ақыны, талантты журналист, белгілі аудармашы  Ізтай Мәмбетов. Оның көптеген туындылары әдебиетіміздің алтын қорына енді. Ақын атындағы сыйлық аудандық «Алға» газетінің бас редакторы Шара Тұрмағамбетоваға берілді.

Сондай-ақ осы жиында Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігінің І дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, баспасөз жанашыры Жеңіс Қонжарұлына табысталды.

«Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Алғыс хаттары баспасөзбен ынтымақты жұмысы, руханият саласындағы ізгілікті қызметі үшін бір топ оқырманға берілді.

Осындай құрметке ие болған мәдениет саласының ардагері Сара Бисембаеваны облыс жұртшылығы сонау жылдардағы алғашқы айтыс ақыны ретінде жақсы біледі. Оның есімінің көпшілікке танымал болуына облыстық газеттердің сіңірген еңбегі де аз емес.

Екінші бір құрмет иесі аудандық Ізтай Мәмбетов атындағы балалар кітапханасының меңгерушісі Ақшолпан Ізтілеуова да баспасөздің белсенді жанашырларының бірі.

Ал Алғадағы облыстық арнаулы оңалту орталығының тәрбиешісі Вера Кириченко бұл кездесудің өзі үшін көңіл толқытқанын ерекше атап көрсетті.

— Мен облыстық «Актюбинский вестник» газетінің көп жылдардан бергі оқырманымын, — деді ол. — Біздің Алға өңірінен қаншама еңбек озаттары, әр саланың үздіктері туралы жазылып келеді, соның барлығын қалдырмай оқып отырамын.

Осындай пікірді кезінде аудандық «Алға» газетіне жетекшілік еткен Жеңіс Қонжаров та білдірді.

Оқырмандармен кездесуде облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Сәтжан Дәрібай, облыстық «Актюбинский вестник» газеті бас редакторының орынбасары Гүлсім Назарбаева, ардагер журналист Мирал Жармұхамбетов баспасөздің қоғам өміріндегі алатын орны, облыстық басылымдардың бүгінгі ұстанған бағыт-бағдары, алдағы шығармашылық ой-жоспарлары туралы әңгімеледі.

Кездесу соңы әсем әнге, көңілді әуендерге ұласты.

Кешті жүргізуші ұлы тұлғалар есімін өлең жолдарына қосып, жиынның көркемдік мәнін көтере түсті.

— Жақсылар қай елден де табылады,

Қазақтың биік тұрса шаңырағы.

Халықтың қазынасы ортаймасын,

Қолдағай Есет баба аруағы!

 

Ұлылық ұласады теңізбенен,

Ұстаз да саяхатшы кен іздеген.

Қарағаш мектебінде тағылым бар,

Байтұрсын ұлы Ахмет негіздеген!

 

Жәдігер жоғалмасын көп елдегі,

Асылдың болған емес көнергені.

Өнеге әрбір қазақ баласына,

Кердері Әбубәкір өлеңдері!

 

Қайсарлық білінетін түр-өңінде,

Ізтайды іздеп әлі жүр елінде.

Ақпанда аяздатып туған ақын,

Жырлары көптің қалды жүрегінде! — деген жолдардың жылуы сол күні осында бас қосқандардың көпшілігінің көкейінде кеткені анық.

…Кездесу аяқталғаннан кейін журналистер Есет батыр Көкіұлы басына барып, аруаққа тағзым етті.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Алға ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button