Жаңалықтар

Бірнеше нысанға күрделі жөндеу жүргізілді

Қала күні қарсаңында күрделі жөндеуден өткен бірқатар мәдени нысан қайта ашылды. Олардың бірі — «Алақай» қуыршақ театрының ғимараты. Ал облыстық тарихи-өлкетану музейінің бұрынғы ғимараты  Ақтөбе қалалық орталық кітапханасына берілді. Мереке қарсаңында облыс әкімі Оңдасын Оразалин күрделі жөндеуден өтіп, жаңадан ашылған мекемелердің жұмысымен танысты.

Алдымен «Алақай» қуыршақ театрына барған өңір басшысы мекеме қызметкерлерімен пікірлесіп, жөндеу жұмыстарының қалай жүргізілгенін көрді. Кезінде құрылысшылардың мәдениет үйі болған ғимараттың іргетасы 1956 жылы қаланған. Сол уақыттан бері мекемеге биыл бірінші рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Іші-сырты толық жөндеуден өтіп, материалдық-базасын жаңартып алған театр ұжымы жаңа қойылымға дайындалып жатыр. Қуыршақ театрының директоры Әсия Құрманалина Балалар жылында балаларға базарлық көп екенін айтты.

Өңір басшысы театрды аралап, ұжыммен сөйлесіп, шығармашылық табыс тіледі.

Қала күні қарсаңында күрделі жұмыс аяқталып, жаңарған күйде балаларға театр есігін айқара ашып отырсыздар. Мұны қала күніне арналған шаралардың бастауы деп айтуға болады, — деді облыс әкімі. Күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен 200 млн теңгеден астам қаржы бөлінген.

Ақтөбе қалалық орталық кітапханасы ендігі жерде жаңа форматта жұмыс істейтін болады. Өңір басшысы қала күні қарсаңында облыстық тарихи-өлкетану музейінің бұрынғы ғимаратына көшкен қалалық орталық кітапхананың жұмысымен танысты. Сыртқы қасбеті сол күйінше сақталып, іші толық күрделі жөндеуден өткен ғимарат адам танымастай өзгеріпті.

— Заманауи кітапхана тек керек кітапты үйге алып кететін жер емес, рухани тәрбие алатын алаң болуға тиіс. Бұл жер — жастармен қатар, орта жастағы адамдар да келіп, өзара әңгімелесіп, бос уақытын тиімді өткізетін рухани орынға айналуы керек. Қазіргі заман талабына сай, жаңа технологияларды пайдаланып кітапхананы бұдан да жоғары деңгейге көтеруге болады. Ғимараттың жөндеу жұмыстары қала күні қарсаңында аяқталып, пайдалануға беріліп жатыр. Бұл қала тұрғындары үшін үлкен сый болды, — деді облыс әкімі.

Кітапхана директоры Бақтылы Кошабаеваның айтуынша, жаңа ғимаратқа көшкен кітапхананың қорында 107 мыңнан астам кітап бар. Ал қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қорындағы кітап саны 315 мыңнан асады.

Бұдан соң облыс әкімі Заречный-3 елді мекенінде жаңадан ашылған «Жібек жолы» базарына барды. Қала сыртындағы базар құрылысын жеке кәсіпкер Тимур Жапаров өз қаражатына салған. Жұмысын таңғы сағат 9.00-ден бастайтын базар кешкі сағат 20.00-ге дейін ашық. Кәсіпкер алдағы уақытта мұнда асхана мен балалар ойнайтын алаң жасақталатынын айтты.

«Жібек жолы» базары — Заречный-3 елді мекенінде ашылған алғашқы ірі сауда орындарының бірі. Бұның қала сыртында тұратын тұрғындар үшін өте ыңғайлы екенін айтқан облыс әкімі мұндай сауда орындарының көптеп ашылуы бағаның тұрақтануына әсер ететінін жеткізді. Өйткені мұнда ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер тауарларын ешқандай делдалсыз тікелей әкеліп сата алады.

Ақерке САТЫБАЛДЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button