ПікірРеферендум

Ел тағдырын бірге айқындайық!

Біз, қазақстандықтар, маңызды тарихи кезеңнің қарсаңында тұрмыз. Мемлекет басшысы ұсынған реформа — Қазақстанның стратегиялық болашағын айқындайтын бастама.  Бұл — екінші Республиканың саяси іргетасы. Президенттің тарихи шешімдері жаңа, әділетті Қазақстан құруға бағытталған.

1995 жылдан бері алғаш рет өткелі жатқан референдум Ата заңымыздың үштен бір бөлігін өзгертуі мүмкін. Еліміздің біршама маңызды салаларында өзгеріс болады: Президенттің өкілеттігі қысқарады, Парламент пен мәслихаттардың рөлі айтарлықтай күшейеді, азаматтардың қатысуы едәуір артып, құқық қорғау саласы жүйелі түрде нығаяды.

Нақтылап айтсам, Мәжіліс пен облыстық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың аралас мажоритарлы-пропорционалды моделі енгізіледі. Мәслихаттардың ықпалы артады Бұл қадам сайлаушылардың көзқарастары мен пікірлерін барынша толық қамтуға мүмкіндік береді. Аудандық және қалалық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың мажоритарлық жүйесінің толықтай енгізілуі өңірлердің тыныс-тіршілігіне азаматтардың ықпал ету мүмкіндігін арттыруға жол ашады.

Конституцияның жаңарған нұсқасында Мемлекет басшысының жақын туыстарына саяси лауазым иеленуге және квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынады. Сондай-ақ құқық қорғау саласы бойынша маңызды өзгерістер енгізіледі. Атап айтсақ, Конституциялық сот құрылады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, яғни омбудсменнің мәртебесі Ата Заңмен айқындалады. Елімізде өлім жазасы мүлде жойылады. Мұның бәрі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін жасалып жатыр.

Жердің және табиғи ресурстардың иесі халық деген норманы Конституцияда біржола бекітудің де саяси мәні зор. Осыған байланысты Негізгі заңның 6-бабы «Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер және жануарлар әлемі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі» деп өзгермек.

Осы өзгерістерді Парламент депутаттары өздері дауыс беріп, бекіте алмайды. Ол үшін халықтың қолдауы қажет. Реформалар сәтті өткен жағдайда, халық ел басқаруға қатысып, саяси жүйемізде айтарлықтай өзгерістер жасалады. Биліктің бірден-бір қайнар көзі халық екенін көрсетеді. Яғни қоғам өз өкілдері арқылы маңызды шешімдерге араласады. Ауқымды реформаларды заңмен бекіту үшін бізге референдум қажет. Себебі бұл тек Президент не Парламент шешетін мәселе емес, бұл — бүкіл халықтың деңгейдегі міндет.

Біз ашық, өркендеген, заң үстемдік ететін, теңдік орнаған қоғам құруды көздеп отырмыз. Президент пен халықтың мақсаты ортақ, көздегені бір. Сол себепті референдумға қатысу — барлығымызға ортақ борыш! Дана халқымыз айтқандай, қазіргі уақытта тірліктің де, берекенің де көзі – бірлікте. Осы тұрғыда біздер Қазақстанның демократиялы, әділетті және өркениетті мемлекет болып құрылуына үлесімізді қосуымыз керек. Ел тағдырын айқындайтын осынау маңызды кезеңде ешкім шет қалмауға тиіс.

Сондықтан баршаңызды 5 маусымда дауыс беріп, тарихи таңдау жасауға шақырамын! Жаңа Қазақстанды құруға бірге атсалысайық.

Тахталифум ЕСЕНҒҰЛОВ,

Ақтөбе облыстық мәслихат депутаты,

Amanat партиясының  республикалық, облыстық штабының мүшесі

Тапсырыс беруші: Amanat партиясы» қоғамдық бірлестігі Ақтөбе облыстық филиалы.

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button