Жастар

Бес колледж үздік деп танылды

WorldSkills Aktobe

Ақтөбеде жұмысшы мамандықтардың беделін арттырып, мәртебесін көтеруге арналған дәстүрлі WorldSkills Aktobe-2022 облыстық чемпионаты аяқталды.

Төрт күнге созылған жарыста әртүрлі мамандықта оқитын 300-ге жуық білім алушы білімдерін сынға салды. Облыстық байқауға «Зодиак» мейрамханасы, «Автоцентр Ақтөбе», «Запказ-авто» ЖШС басшылары ерекше қолдау білдіріп, төрелік етті.

Чемпионаттың жабылу салтанатында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Дина Жаманбаева осындай байқаулардың арқасында кәсіптік-техникалық мамандықтардың мәртебесі көтеріліп, еңбек адамдарының көбейе түсетінін атап өтіп, WorldSkills Aktobe-2022 чемпионатына белсенді қатысқан 11 колледждің директорына Алғыс хат тапсырды.

Марапаттау рәсімінде білім-біліктерін сынға салған қатысушылардың 57-сі алтын медальға ие болып, 43-і күміс медаль иеленді. Төрешілерді таңғалдырған 20 қатысушының шеберлігі ерекше аталды.

Сондай-ақ WorldSkills Aktobe облыстық чемпионатында облыстың бес колледжі үздік деп танылды. Олар: Ақтөбедегі жоғары политехникалық колледжі, көлік, коммуникация және жаңа технологиялар, автожол, құрылыс және бизнес колледждері және Хромтаудағы тау-кен техникалық колледжі.

Жеңімпаздар қараша айында өтетін WorldSkills Kazakhstan республикалық байқауына қатысады.

Баян САРИЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button