Жаңалықтар

Жас құтқарушылар сынға түсті

Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент облыс әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырған Балалар жылы аясындағы «Жас құтқарушы» облыстық слетіне аудандар мен қала мектептерінен 14 команда қатысты. Шара өткізуге бейімделген жауынгерлік-спорттық лагерь Тұңғыш Президент атындағы парк аумағында орналасты. 

Жиын мақсаты — жасөспірімдердің бойында табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайларға қарсы тұра білу дағдыларын қалыптастыру.

— Пандемия салдарынан соңғы екі жылда мұндай жиындар өткізілмей қалды. Біздің жастарымыз өмірде өздерін ғана ойлап қоймай, жан-жағына да қамқорлық жасай білуге тиіс. Зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету, адамдарды қиын жағдайдан құтқару өте маңызды. Мұндай игілікті қадам жасаушыларды біз әрқашан қолдап, жан-жақты көмек көрсететін боламыз, — деді облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова жас құтқарушыларға арнаған сөзінде.

Он бес-он жеті жас аралығындағы жасөспірімдер алты кезең бойынша іздестіру-құтқару жұмыстары дағдыларын сын тезіне салды. Сондай-ақ олар қабырға газетін шығарды.

Төрешілер тапсырмалардың орындалу жылдамдығын, сапасын есепке ала отырып, қатысушылар еңбегін бағалады. Спорттық сайыстарда әрбір жас төзімділік пен жігер-күшін байқатты, әр команда алғы шептен көрінуге ұмтылды.

Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары Қайрат Қасым былай деп өз ойын білдірді: «Сайыс жоғары бәсекелестік жағдайында өтті, жеңімпаздарды бағалау да оңайға түскен жоқ. Қатысушылар да, олардың жаттықтырушылары да жоғары талап тұрғысынан көрінуге мүдделілік танытты. Барлық ауданда бірдей талапқа сай жаттығу орындары жоқтығын жақсы білеміз, соған қарамастан, слетке қатысушылар санаулы сәттердің өзінде тәжірибе жинақтауға, үздіктер үлгісін меңгеруге ұмтылыс білдіріп жатты. Біз осы жиынға қатысқан 120 жастың қиын жағдайда өзгелерге көмектесе алатындығына сенгіміз келеді».

Көшбасшылық қасиетке ие, қимыл-қозғалысы ширақ, шешімді дер кезінде қабылдай алатын жастар алдағы уақытта да білікті мамандардың назарында болмақ. Олардың арнаулы оқу орындарында білім алуына қолдау жасалады.

Жиын қорытындысында ең үздік «Жас құтқарушы» атағын Мәртөк ауданының командасы алды. Күміс жүлде байғаниндіктердің еншісіне тиді. Ойыл ауданының командасы үшінші орынды иеленді.

Департамент басшылығымен қатар осы мекеменің ардагерлер кеңесінің төрағасы Бегендік Айтқұлов та жеңімпаздарға марапаттар — кубоктар, медальдар мен бағалы сыйлықтарды тапсырды.

— Сайыстар өте жоғары деңгейде өтті. Үш күн бойы қатал сыннан өттік деуге болады. Бізде өрт сөндіру кезінде командалық үйлесім жағы жетпей жатқанын байқадық. Алда дайындықтарымыз жалғаса түседі. Өйткені республикалық слетке әзірленуіміз керек, — дейді Мәртөк ауданы командасының капитаны Равиль Сидоренко.

Нұрдана ҚАНИЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button