Жаңалықтар

Облыстың даму жоспары талқыланды

Облыстық мәслихаттың кезекті сегізінші сессиясыныңкеңейтілген отырысына облыс әкімі Оңдасын Оразалин, облыстық мәслихат хатшысы Амангелді Нұғманов және мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, басқарма басшылары қатысты.

Сессияның күн тәртібінде бұған дейінгі тұрақты комиссиялардың отырысында бірнеше рет айтылған мәселелер егжей-тегжейлі қаралды.

Әуелі қаржы басқармасының басшысы Нұрлыбек Өнербаевтың былтырғы облыстық бюджеттің атқарылуы туралы және әлеуметтік-экономикалық даму болжамында қабылданған салық-бюджет саясатының негізгі бағыттарының іске асырылуы туралы баяндамасы тыңдалды. Баяндамашының айтуынша, былтыр өнеркәсіптік өндіріс көлемі 2 триллион теңгеден асқан. Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 37604 миллиард теңге болса, өткен жылы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 66 мыңға жеткен. Инвестиция көлемі 815,6 миллиард теңге болыпты. Ал орташа айлық жалақының мөлшері 18,9 пайызға өсіпті. Экономиканың бұдан басқа салаларында да айтарлықтай табыстар бар.

Ақтөбе облысы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасы Қанат Кенжин 2021 жылы көп жұмыс атқарылғанын айтты. Облыстық бюджеттің атқарылуын бақылау кезінде кен өндіру көлемінің 1 302 миллиард теңгеге төмендегені белгілі болды.

— Облыста ілеспе газды, хром кені мен хром қоспаларын, мыс кені мен мыс қоспаларын өндіру төмендеді. Бұған себеп негізгі өнімдерді өндірудің қысқартылғаны болып тұр, — деді төраға.

Былтыр азық-түлік тауарлары бағасының өсуі байқалды. Мәселен, нан өнімдері мен дәнді-дақылдардың бағасы — 10,7 пайызға, ет және еттен жасалған өнімдер — 9,9 және 11 пайызға, балық және теңіз өнімдері — 7,7 пайызға, сүт өнімдері —6,4 пайызға, өсімдік және басқа да майлар — 15,6 пайызға, қант — 16 пайызға, жеміс-жидектер мен көкөністер бағасы15,9 пайызға өскен. Сонымен бірге шаруашылық бұйымдарының бағасы мен тұрғын үйді жалға алу, жолаушылар тасымалы, қоғамдық тамақтану орындары мен шаштараз, монша қызметтерінің бағасы да өсті.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева былтыр жыл соңында өңірді дамыту бағдарламасының орнына 2021-2025 жылдарға арналған облысты дамыту жоспары бекітілгенін еске салды. Бұл жоспарда екі негізгі бағыт пенсегіз мақсат қарастырылған. Сондай-ақ 125 мақсаттық индикатор бар, оның 21-і — стратегиялық көрсеткіштер Картасында, 104-і Ұлттық жобаларда көрсетілген.

Одан соң облыстық мәслихаттың бюджет, өңірлік және салалық даму жөніндегі

тұрақты комиссиясының төрағасы Сұлупан Шынтасова өткен жылды қорытындылап, облыстық бюджеттің атқарылуы туралы баяндады.

Сессия барысында депутаттар өңірге қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Баяндамашылар, басқарма басшылары өздеріне қойылған сұрақтарға қолдарындағы мәліметтерге сүйене отырып жауап берді. Көтерілген кейбір мәселелерAmanat партиясының өңірлік сайлауалды бағдарламасында бар.

Сондай-ақ отырыста облыстық мәслихаттың бірқатар шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері қаралды.

Ақтөбе облысының кейбір коммуналдық мемлекеттік білім беру мекемелеріне атау беру және қайта атау жөнінде ұсыныстар енгізу де күн тәртібінде айтылды.

Отырысты түйіндегеноблыс әкімі Оңдасын Оразалин:

— Облыста ондаған жоспар мен жоба жүзеге асырылуда, оның ішінде облыстық мәслихат депутаттары ұсынғандары да бар. Өңір тұрғындарының амандығы — біздің ортақ міндетіміз. Көкейкесті мәселелерді көтеріп, ең ауыр тақырыптарды талқылап жатқандарыңыз әрқайсысыңыздың өңіріміздің өркендеуіне тілеулес екеніңізді көрсетеді. Біз балаларымыз бен немерелеріміздің ауқатты, бақытты өмір сүруі үшін бірлесе жұмыс істейтін боламыз, — деді.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button