Ел жақсылықтан үмітті
Сейсенбі күні республикалық референдумды түсіндіру мақсатында келген ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Бауыржан Қаниев пен Мұхтар Жұмағазиев Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті педагогика факультетінің профессорлық-оқытушылар құрамымен кездесті.
Шараға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева қатысты.
Басқосуда Сенат депутаттары жалпыхалықтық референдумның маңызына тоқталып, оқытушыларға дауыс берудің ережелері мен шарттарын түсіндірді. Сондай-ақ Конституциялық реформа азаматтардың елді басқару ісіне қатысу мүмкіндігін арттыратынын және өзгерістердің арқасында халықтың әлеуметтік мәселелері шешілетіндігін атап өтті.
- Біздің облысқа келгендегі мақсатымыз — референдумның мән-маңызын халыққа түсіндіру, елді толғандырған сауалдарға жауап беру. Өздеріңіз білесіздер, референдум аясында Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізіледі. Бұл — өте ауқымды жұмыс. 1995 жылы 30 тамызда біздің Конституциямыз қабылданды. Содан бергі уақытта Заңға төрт рет Парламент қабырғасында өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сол кезде халық: «Бұл өзгерістерге неге біз қатыспаймыз?» — деген пікір білдірген еді. Міне, араға ұзақ уақыт салып, Ата Заңға халық тікелей дауыс беріп, атсалысқалы отыр.
Біз — халықтың өкіліміз, бізді ел сайлап отыр, сондықтан осындай маңызды сәтте біздің ел арасында болуымыз керек. Сол үшін өңірге келген жайымыз бар, — деді Мұхтар Жұмағазиев.
Кездесуде сенаторлар жиынға қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп, өңірдегі білім саласына, университеттің бүгінгі тыныс-тіршілігіне жоғары баға берді.
Шарада Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы Анар Даржанова, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сабыржан Мұхтаров, т.б. референдум өткізу бастамасын қолдайтынын және жаңа Қазақстан құру жолында мемлекетке үлкен сенім артатынын жеткізді.
Данагүл ҚАЗИХАН.