Референдум

Қалам иелерінің қолдауы

Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі бойынша өтетін республикалық референдум қарсаңында еңбек ұжымдарында түсіндіру, пікір алысу жұмыстары қыза түсуде.

Осындай жиын Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының ұйытқы болуымен өтті. Оған шығармашылық одақ мүшелері, ардагер журналистер, облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің қызметкерлері қатысты.

Жиынды ашқан Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин бұл референдумның ел, жалпы қоғам өміріндегі маңызына тоқталды.

— Бұл — Жаңа Қазақстанға бет алған мемлекетіміздегі саяси реформалар жасаудың батыл және байыпты бір қадамы іспетті шара. Басты заңымыз — Конституциямызға енгізілетін елеулі өзгерістер нәтижесінде Парламенттің өкілеттігі артып, сондай-ақ елді басқару ісіне халықтың қатысу, араласу мүмкіндігі ұлғаятыны байқалып отыр. Сондай-ақ зайырлы өркениетке тән құбылыс — азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру көзделуде. Мұның барлығы егемен еліміздің ілгері дамуына жол ашатындығы айқын. Сондықтан да барлығымыздың референдумға қатысып, өз ерік-таңдауымызды білдіруіміз маңызды.

Біздің облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері беттерінде республикалық референдум қарсаңындағы өткізіліп жатқан шаралар барысы, азаматтарымыздың ой-пікірлері тұрақты жарияланып келеді, бұл да көпшіліктіңтүсінік аясын кеңейтуге көмектеседі деп ойлаймыз,— деді медиа-компания басшысы.

Облыстық «Ақтөбе» газетінің бұрынғы қызметкері, ҚР Мәдениет қайраткері, «Екі езу» сатира театрының директоры Нұрлыбек Жұбатқан бұл кездесуге референдумды қоғамдық қолдау штабының мүшесі ретінде келді. «Мен көп жылдан бері руханият саласында, оның ішінде өнерде қызмет етіп келемін. Сондағы басты мақсатымыз — өнер туындысы арқылы қоғамдағы келеңсіздіктермен күресу, олардың жолына тосқауыл қою.

Бәріміз де қоғамда өзгеріс, жаңалық, жақсылық болғанын қалаймыз. Өйткені ескі сүрлеуден шықпай, барға қанағат пейілмен, көнбістікпен жүре беру кім-кімді де жалықтырады. Міне, елімізде қолға алынып жатқан референдумның көздегені — осы. Бір ғана мысал айтайын. Бұған дейінгі Конституцияда: «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады» деп жазылса, енді бұның барлығы «халыққа тиесілі» деген сөзбен ауыстырылмақшы. Өзгерістер, ең алдымен, өзіміз үшін. Соны есте ұстағанымыз жөн»,— деді ол.

Журналистер жиынына қатысқан референдумды қоғамдық қолдау штабының мүшесі, қоғам белсендісі Серік Әбдіжәми: «Президенттің айтуынша, журналистер қауымы алдағы уақытта шын мәнінде төртінші билікке айналуға тиіс, ол үшін арнайы Заң керек. Халықты еститін Үкімет, халық үнін оларға жеткізетін БАҚ қалыптасса, демократиялық қоғамның бір ұшқыны осы кезде байқалатын шығар деп ойлаймын. Бұрын қатып қалған қағидалар мен түрлі тосқауылдар жойылып, сөз бостандығына жол ашыла бастағаны байқалуда. Біз болашаққа жақсы үмітпен қараймыз»,— деді ол.

Жиында ардагер журналистер — Қазақстанның құрметті журналисі Аманқос Орынғалиұлы, ақпарат саласының үздігі Жанғабыл Қабақбаев, облыстық «Актюбинский вестник» газетінің бас редакторы Айгүл Нұркеева және облыстық қоғамдық қолдау штабының мүшесі «Актюбинский вестник» газетінің тілшісі Санат Қалиев сөз алып,  референдумға қатысудың маңыздылығына қолдау білдірді, бұл таңдаудың еліміздің одан әрі дамуы жолында ерекше орны бар екендігіне тоқталды.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button