Жаңалықтар

Батамен ел көгерер…

СаматНАРЕГЕЕВ,

«Ақтөбе»

Ой-тамызық

Жақында қонақта отырып, ет желініп болғаннан кейін бір кісі ас қайырды. Мектепте мұғалім екен.  Әлгі кісінің батасы құлаққа да, көңілге де жаққаны сондай — сөздерін бірден жаттап алдым. Көпте нбері мұндай бата естімеп ем…

Жай қолыңды, жамағат,

Алладан болсын шапағат,

Адамда болсын қанағат…

… Ынтымақсыз туыстан сақта.

Кеудесін керген келіннен сақта,

Мезгілсіз жеткен өлімнен сақта.

Татымы жоқ тұздан сақта,

Ұяты жоқ қыздан сақта.

Шаңыраққа береке берсін,

Дастарқаныңа мереке берсін.

Астарыңа адалдық берсін,

Бастарыңа амандық берсін.

Әумин!!!

Мен күткен бата осындай болуға тиіс еді. Қысқа әрі нұсқа. Дастарқанға бата қайырған ағамызға іштей риза болдым. Себебі көп жерде бата мен тілекті айыра алмайтындар бар. Кейбір ақсақалдарымыз батаны тым жақсы бастайды да, соңын жауыр болған тілекке, тостқа айналдырып жібереді. Біздің қынжылатынымыз сол.

Кейде қолыңды жайып, жарты сағат тұрасың. Бетіңді сипап қабыл етейін десең, ішінде іліп алар сөз жоқ. Тойларға, ірі мерекелік шараларға барғанда үлкен ақсақалдар ас қайырып жатады. Бастапқы екі сөзінен соң басқаша айтып кетеді. Қазақтың дәстүрінде бата берудің де өзіндік мәдениеті бар. Тіпті кей қарияларға жолы ғой деп ас қайыруды ұсынсаң, ат-тонын ала қашады. Ал ас қайырса, аузынан сөзі түсіп, қазақтың дәстүрін қорқылады. Үйиесіне: «Бақытты болыңдар», «дастарқан жайып құрметтегендеріңе рақмет» деген таптаурын тілектермен бет сипап жатады.

Журналист болғандықтан облыс, аудан басшыларымен ауылдарға іссапарға жиі шығамыз. Көгілдір отын, ауызсу, жол немесе жаңа әлеуметтік нысандардың ашылуында игілікті іске бата жасалады. Сол кезде кей ауылдың қарттарына қарның ашады. Мірдің оғындай қадап айтатын сөзі жоқ. Кейбіреуі бата беріп тұрып, бастықтарды мақтай жөнеледі. Әрине, ешкімді бата бере алмады, ас қайыра алмады деп кінәлай алмаймыз. Бірақ осы бір қасиетті де қадірлі сөздеріміз тоғысқан дәстүрімізді «ірің» қылмайықшы. Жақсы сөз — жарым ырыс. Ал оның да айтылып, оқылуы әдемі болуы тиіс.

Сөзден сөз шығады. Шаршы топта сөз алған ағаларымыздан елді ұйытатындай аталы сөздерді сиреке стиміз. Сайып келгенде көтеретіні — отбасы, ошақ қасының мәселесі. «Сіз келгелі жаңбыр мол жауып, жеріміз жақсы көктеп жатыр», — дегенді де естіген біз ауданға жаңа басшы келгенде.

Бұл пікіріммен қарттарға топырақ шашудан аулақпын. Қанша сөйлесе де, жалықтырмайтын, шешен ақсақалдар көп арамызда. «Қарттыққа күлме —  келер шағың» демей ме?.. Дегенмен:

«Дүниеге келер бір рет,

Дария — кеуде, тау — мүсін,

Құрыштан құйған құдірет,

Қарттарым, аман-саумысың?», — деп Сағи ақын жырға қосқан қазыналарымызды көргім келеді. Әйтсе де аузы дуалы, сөзі отты ақсақалдар азайып бара жатыр-ау…

Қазір тым «жаңашыл» болып барамыз. Бірқ онақтықта үлкендер кішкентай қызына ас қайыртып жатыр. Ерке қыздың былдырлаған тілін қызық көріп, ешкім ештеңе дей алмады. Ал қазақтақызға, жиенге, күйеубалаға ас қайыртпайды. Оны да білетін адамдар азайып бара жатыр…

Басқа жаңалықтар

Back to top button