Жаңалықтар

Тың идеяға қолдау бар

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының өкілдері үкіметтік емес ұйымдармен және белсенді жастармен жүздесті. 

Аталған қор арқылы Ақтөбе өңірінде 2017 жылдан бастап жалпы құны 1 миллиард 590 миллион теңге болатын бірқатар жоба жүзеге асырылған. Атап айтсақ, жергілікті үкіметтік емес ұйымдарға грант беріліп, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталықтары, сондай-ақ аудандарда спорт алаңдары мен ойын алаңдары ашылған.

«Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева жастарға қордың мүмкіндіктерін ашып айтып, тың идеяларға қашанда қолдау бар екенін жеткізді.

— Біздің мақсатымыз — әр өңірдегі үкіметтік емес ұйымдармен тығыз қарым-қатынас орната отырып, жаңа әлеуметтік жобаларды ұсынуға ынталандыру.  Адамдардың өмірін жақсартуға бағытталған қызықты идеялар күтеміз.  

Қор 2016 жылдан бастап жеке адамдардың ғана емес, әр өңірлерлерде ауқымды, өзекті мәселелерді шешуге бағытталған ұжымдық тың жобаларға қолдау көрсетіп келеді. Президентіміз талап еткендей, қоғаммен ашық байланыс орнату, қолжетімділікті қалыптастыру бағытында еліміздің Нұр-Сұлтан, Павлодар, Қызылорда, Атырау өңірлеріндегі үкіметтік емес ұйым өкілдерімен де кездестік, — деді Альфия Адиева.

Оның айтуынша, жүргізілген сараптама нәтижесінде көптеген үкіметтік емес ұйымдардың жоба жазуда қателік жіберетіні анықталған.

Шара барысында қормен қалай жұмыс жасау керек екендігі, әлеуметтік жобалар туралы кеңінен ақпарат берілді.

Кездесу соңында қатысушылар жобалары туралы айтып, сұрақтарына жауап алды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button