Басты жаңалықтар

4% автонесие: мүмкіндік пе, машақат па?

16 мамырдан бастап елімізде жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарлама бойынша көлік алғысы келген облыс тұрғындары Ақтөбе қаласындағы автосалондарға ағылды. Он күн ішінде біздің облыста үш адам жеңілдікпен көлік сатып алған. Қазір автосалондарда санаулы ғана көлік қалған. Сондай-ақ екінші деңгейлі банктердің өңірдегі кейбір филиалдары бағдарлама бойынша несие беруді тоқтатса, енді бірі әлі бастамапты. Біз мәселенің жай-жапсарын білген едік. Сонымен…

Бір аптада 34 адам көлік алды

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, автокөлікті несиелендіру шарттары мынадай: сыйақы мөлшерлемесі — 4%, қаржыландыру мерзімі — 7 жыл, бастапқы төлем — 0%, несие мөлшері 10 миллион теңгеден аспауға тиіс.

Несиелеу екінші деңгейлі банктер арқылы жүргізіледі. Қазіргі таңда бұл тізімде Halyk Bank, «Еуразиялық банк», «Банк Центр Кредит», «Forte Bank» акционерлік қоғамдары бар. Бұл — әзірше нақты тізім емес, алдағы уақытта Индустриялық даму қоры бағдарламаға тағы да қатысушы серіктестерді қоспақ.

Республикалық телеарналардың біріне берген сұхбатында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарушы директоры Ғалымжан Әди елімізде жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы бойынша бір аптада 34 адам көлік сатып алғанын айтты. Оның айтуынша, бұл бағдарлама аясында банктерге 14 мыңнан астам өтініш түскен. Соның 5 мыңға жуығы мақұлданған.

— Әлеуметтік тұрғыда да, экономикалық тұрғыда да ыңғайлы нәрсе болса, бәрі соны алғысы келеді. Сондықтан көпшілік «100 миллиард теңге бөлінді, он миллионнан санасақ, он-ақ мың адам көлік алады» деп ойлайды. Бұл арада револьверлік қағидат бар. Бұл ақша 30 жыл айналатын болады. Ал бүгінге келсек, қазір отандық автосалондарда 8 мың көлік бар. Маусым айының аяғында оның саны екі есе артады деп жоспарлануда, — деді ол.

«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жанар Ибрашева автонесие алып, темір тұлпарлы болған 34 адамның қай аймақтан екенін мәлімдеді.

11-і — Нұр-Сұлтаннан, 4-еуі — Алматыдан, 3-еуі — Ақтөбе облысынан, біреуі — Алматы облысынан, біреуі — Батыс Қазақстан облысынан, 4-еуі — Жамбыл облысынан, 4-еуі — Павлодар облысынан, алтауы — Шымкент қаласынан, — деді Жанар Ибрашева.

«Ақтөбенің» анықтамасы

Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасының арқасында елімізде азаматтар Kia, Hyundai, Chevrolet, Jас, Lаda маркаларындағы қазақстандық өндірістің жаңа автокөліктерін сатып алу мүмкіндігіне ие болмақ. Алдағы уақытта өндірушілер модельдер ауқымын жаңартса, бұл тізім де кеңеюі мүмкін. Қазір жоғарыда аталған маркалардың ішіндегі ең арзан көлік 5 млн теңге тұрады.

«Көліктер салонға 2-3 айдан кейін түседі»

Біз облыс орталығында «Lada», «Hyundai» және «Chevrolet» автосалондарын аралап шықтық. Қазіргі таңда бұл салондардың ішінде «Chevrolet»-те ғана көліктер бар. Олардың бағасы — 5 590 000-6 490 000 теңге аралығында. Бұл бағаға салоннан Chevrolet Nexia немесе Chevrolet Cobalt автокөлігін ғана ала аласыз. Ал аталған екі салонда автонесие арқылы берілетін көлік жоқ, мұнда Renault Duster (12 млн теңге), Hyundai Elantra (11 млн 290 мың теңге), Hyundai Tucson (17 млн 290 мың теңге), Hyundai Sonata (17 млн 190 мың теңге) сияқты қымбат көліктер тұр.

  • Қазір бізде бұл бағдарлама туралы толық ақпарат жоқ. Нақты ақпарат 25 мамырдан кейін ғана белгілі болады. Бағдарлама іске қосылғаннан кейін бірнеше адам банктер арқылы несие рәсімдейтін болып біздің салонға келген болатын. Алайда көлікті рәсімдеу жұмыстары кейінге шегерілді. Жалпы бұл бағдарлама бойынша Қазақстанда құрастырылған көліктер ғана сатылады. Әзірге бұл талап бойынша елімізде «Аллер авто» компаниясының көліктері сатылып жатыр. Біз — «Астер авто» компаниясының ресми дилеріміз. Алдағы уақытта бағдарламаға қатыссақ, тұрғындар Renault көлігін «Еуразиялық банк», «Банк Центр Кредит» акционерлік қоғамдары арқылы бастапқы төлем төлеп, алуларына болады. Қазіргі таңда бұл көліктің бағасы — 12 миллион теңге, — деді «Aster Lada» автосалонының өкілдері.

Ал «Hyundai» автосалонында сатылымға қойылған ешқандай көлік жоқ. Сату жөніндегі кеңесші Темірлан Алмахановтың айтуынша, 4 пайыздық автонесие арқылы сатылатын көліктер Ақтөбеге 2-3 айдан кейін ғана келуі мүмкін.

— Автонесиемен көлік алғысы келіп, біздің компанияның сатылымдағы көліктерін қарап жатқандар көп. Әзірге ешкім көлік алған жоқ. Қазір автосалонда сатылатын көлік жоқ, себебі зауыттар көліктерді құрастырып үлгермей жатыр. Тапсырыс беру үшін 2-3 ай күтуге тура келеді. Жалпы 4 пайыздық автонесие бағдарламасы бойынша берілетін біздегі көліктердің бағасы 8 миллион теңгеден басталады, — дейді ол.

Қазіргі таңда қолайлы бағаға темір тұлпарлы болғысы келгендердің көбі «Chevrolet» автосалонында жүр. Бұл жерде сатылатын көлік аз емес.

Компания өкілдерінің айтуынша, облыста автонесие беретін Halyk Bank-тен басқа екінші деңгейлі банктерде қаржы лимиті бітіп қалған.

«Chevrolet» автосалонынан көлік алу үшін өтініш бергендердің бірі — Айнұр Сәрсенқызы. Ол 16 мамыр күні «Еуразиялық банк» АҚ арқылы аталған компаниядан Chevrolet Cobalt көлігін 4 пайыздық жеңілдікпен сатып алуға өтініш беріпті. Алайда әлі көлігін ала алмай жүр.

— Бағдарлама жайлы естіген бойда осы автосалонға келіп, Chevrolet Cobalt көлігін таңдадым. «Еуразиялық банк» арқылы ешқандай бастапқы төлемсіз, 7 жылға автонесие алуға құжаттарымды тапсырдым. Компания өкілдері банктен сертификат әкелу керектігін айтып, хабарласқан болатын. Салонға соның мән-жайын сұрауға келіп тұрмын. Бағдарлама бойынша көлік алудың машақаты көп екен, — дейді ол.

Ал қала тұрғыны Амандық Сәбитұлы көлік алайын десе, Halyk Bank арқылы автонесие рәсімдей алмай жатқанын айтады. Оның жалақысы 6 миллион теңгенің көлігін алуға жетпей тұр екен.

— Осы бағдарлама іске қосылды дегенде, іштей қуанғандардың бірі мен едім. Көп жыл жүргізуші болып еңбек етсем де, әлі күнге дейін жеке көлік ала алмай жүрмін. Себебі несие алайын десем, «Жалақыңыз аз» деп қайтарып жібереді. Осы жолы бір көлік бұйырып қалар деген ниетпен Halyk Bank-іне барып ем, тағы еңбекақымды есептеп, қайтарып жіберді. 4 пайыздық жеңілдікпен автонесие алу үшін айына кемінде 170-180 мың теңге еңбекақы алу керек екен. Менің ай сайынғы жалақымның мөлшері — 120 мың теңге. Демек, біз сияқты қарапайым тұрғындар бұл бағдарламаның игілігін көре алмайды деген сөз. Сонда бұл бағдарламаның халыққа не керегі бар? — деп реніш білдірді Амандық Сәбитұлы.

Жоғарыда автосалон өкілдерінің «Көліктер зауыттан келмей жатыр» дегені рас болып шықты. Бұл туралы кеше ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың өзі айтты.

  • 4 пайыздық автонесиеге кепілдік алған 4800 адам 2-3 айдың ішінде көлігін алатынына сенімдімін. Бір күнде 10 мың немесе 20 мың, 50 мың көлік шығару мүмкін емес. 2-3 айдың ішінде несие алған адамдарға көлік жеткізуге зауыттардың мүмкіндігі бар, — деді министр.

Ал Қазақстанның автобизнес қауымдастығының стратегиялық жоспарлау жөніндегі директоры Қайрат Еламанов қазіргі уақытта 8 мың автокөліктің резервте тұрғанын жеткізді.

— Олардың басым бөлігі — Chevrolet. Өйткені соңғы айларда осы марканың танымалдығы артты. Одан кейінгі орындарда Hyundai, Kia, Jac, Лада көліктері тұр. Зауыттар өз жоспарларына сай жұмыс істеп, мүмкіндігінше өндіріс көлемін арттырып отыр, — деді ол.

Несие алудың шарттары қандай?

Halyk Bank Ақтөбе филиалының директоры Дәурен Шешембековтің айтуынша, автонесиелеу арқылы көлік алғысы келген адам алдымен автосалонға барып, көліктің VIN коды көрсетілген төлем шот-фактурасын алуы қажет. Содан кейін банк бөлімшесіне барады. Бұл жерде банк қызметкерлері несие рәсімдеген кезде зейнетақы төлемдерінің аударылғаны-аударылмағанын қарайды, яғни несие алу үшін ресми жұмыс жасауыңыз қажет. Сондай-ақ ай сайынғы жалақыңыз бен отбасына кіретін табыс та есепке алынады.

— Қазіргі таңда Индустриялық даму қоры мен Halyk Bank арасында келісімге қол қою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өзара келісімге қол қойылса, банк жеңілдетілген автонесие бойынша траншты алғаннан кейін бағдарлама іске қосылады.

Қазіргі уақытта банк төлем қабілеттілігі туралы шешімдер қабылдауға өтінімдерді қабылдауды бастады, — дейді филиал басшысы.

Біз Halyk Bank-пен қатар «Банк Центр Кредит» АҚ Ақтөбе филиалына да ресми хат жолдаған болатынбыз. Алайда банк басшылығы жауап бермеді. Ал осы банктің

автосалондарда отырған кеңесшілері автонесиеге бөлінген қаржы лимиттен асып кеткендіктен, банк бөлімшесі өтініш қабылдамай жатқандығын жеткізді.

Апта басында «Еуразиялық банк» АҚ жеңілдетілген автонесие бағдарламасы бойынша өтінім қабылдауды уақытша тоқтатқанын мәлімдеді. Себебі банкке бөлінген 15 млрд теңге түгел игерілген.

  • Келесі айда екінші транш бөлінген кезде қайтадан қабылдауды бастаймыз. Біздің банкке жалпы 35 миллиард теңге қаражат бөлінеді. Оның 15 миллиард теңгесі осы апта ішінде клиенттерге несие ретінде беріледі. Яғни 15 миллиард теңгенің өтінімі мақұлданып отыр. Қазіргі уақытта өтінімдерді қабылдамаймыз, — деді «Еуразиялық банк» АҚ директорының орынбасары Берік Сабыржанов.

Р.S. Үш айдан кейін Қазақстанда жеңілдетілген автонесие бағдарламасы қайта қаржыландырылатын болды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр хабарлады. «Бұл қаражат револьверлік жүйеде айналып отырады және қайта қаржыландырылады. Ол үш айдан кейін басталады», — деді ол. Бұған дейін елімізде жеңілдетілген автонесиелеуге 30 млрд теңге бөлінген болатын. Жалпы, 2022-2025 жылдар аралығында бұл бағдарламаға 150 млрд теңге қарастырылмақ.

Егер сіз жеңілдетілген автонесие алғыңыз келсе, онда үш айдан кейін автосалонға барып таңдау жасап, банктен несие рәсімдеуіңізге болады. Ең бастысы, бағдарлама сізге тиімді ме, соны есептеңіз!

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button