«Ақтөбе — құтты мекен»Басты жаңалықтар

Ұйымшыл ұжымның ұтары көп

Қаланың орталығында орналасқан №6 емхана — бірлігі жарасқан ұжымдардың бірі. Дүйсенбі күні тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетіп, мамандары ел ықыласына бөленген мекеменің тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан болатынбыз.

Емхана тынысы

Өңірде коронавирус инфекциясы бойынша ахуал тұрақты, дегенмен дәрігерлер індеттің алдын алудың жалғыз жолы екпе салдыру екенін түсінген тұрғындар бұл істе аса тиянақтылық танытып отырғандарын айтады. Әлі күнге дейін қалалық емханаларда вакцинация, ревакцинация жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

Қалалық №6 емханада 33635 адам тіркелген. Бұл медициналық мекемеде де ревакцинация жұмыстары өткен жылдың қараша айында басталыпты. Емхананың бас дәрігері Алтынбек Жаңабаевтың айтуынша, тіркеуде тұрған 22 372 адам вакцинациядан, ал 10475 адам ревакцинациядан өтуге тиіс. Бүгінгі күнге дейін бұл азаматтардың 70 пайызы екпе алған. Емханада екпенің «Sinofarm», «Qaz Vac», «Pfizer»секілді түрлерінің 1406 дозасы бар. Бас дәрігер қазір «Pfizer» вакцинасы барлық санаттағы тұрғындар үшін қолжетімді екенін айтты.

Тәулігіне 300-ден астам адам қабылдайтын емхана соңғы үлгідегі медициналық техникалық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мұнда маммограф, рентген аппараты, флюорография, ФГДС аппараты, холтер, смад, ЭКГ, кольпоскопия, эндоскопия, стоматологиялық кабинет заманауи жабдықтармен жабдықталған. Емханада радиоторабы және электронды ақпараттық телеэкрандар бар.

Медициналық қызметті қолжетімді ету және оның сапасын көтеру мақсатында емхананың 2015 жылы ашылған кеңес беру диагностикалық бөлімі жұмыс жасайды. Сондай-ақ 4 санатқа жататын пациенттер үшін жедел жәрдем жұмысын жүргізеді.

— Науқастар медициналық көмекті қажет етуіне байланысты 4 санатқа бөлінеді. 1, 2 және 3-санаттарға жататын науқастарға жедел медициналық көмек станциясы қызмет көрсетеді. Ал 4-санаттағы пациенттер емханалардағы жедел медициналық көмек бөлімшелеріне жүгіне алады. Біздің емхана шақыртуларды тәулік бойы қабылдайды, — деді бас дәрігер.

Бүгінгі таңда емхана өз қызметін «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы аясында жалғастырып жатыр. Бірнеше міндеттерді қамтитын ұлттық жобада ана мен бала өлімін болдырмау, санын азайту көзделгені белгілі. Бұл тұрғыда емхананың бас дәрігері 2022 жылдың 1 тоқсаны бойынша 1 жасқа дейінгі бала өлімі болмағанын айтады. Емханада тіркелген әйелдердің жалпы саны — 17957. Оның 8259-ы— бала тууға қабілетті жастағылар. Бүгінде емханада 232 жүкті әйел тіркеуде тұр.

Емханада тұрғындарға салауатты өмір салты дағдыларын үйрету, аурудың алдын алу, сондай-ақ денсаулығына қатысты басқа да сұрақтарына жауап алу мақсатында денсаулық мектебі жұмыс жасайды.

— Ауырған адам тек дәрілерді ғана қабылдап қоймай, салауатты өмір салтын ұстануға тиіс. Оның үлкен пайдасы бар. Емханамызда қант диабеті, дені сау бала бөлмесі, жүрек-қан тамырлары аурулары, жас аналарды дайындау және отбасын жоспарлау, бронхиалды демікпе, зиянды іс-әрекеттер, жас дәурен секілді 10 денсаулық мектебі жұмыс жасайды.Бұл мектепте өтетін әр сабақтың ұзақтығы — 1 сағат 40 минут. Кез келген емханаға тіркелген адам дәрігерлерден өздерін мазалаған сұрақтарына жауап ала алады, — дейді Алтынбек Жаңабаев.

Антына адал абзал жан

Тәжірибелі шеберлермен қатар жас мамандар шоғырланған ұйымшыл әрбір ұжымның артында білікті басшы тұратыны белгілі. №6 қалалықемхананың бас дәрігері Алтынбек Жаңабаев — сондай басшылардың бірі. Бір сөзбен айтқанда, ұжым жетістігінің кепілі.

1998 жылы Ақтөбе мемлекеттік медициналық академиясын бітірген ол содан бері халықтың денсаулығын жақсарту жолында еңбек етіп келеді. Еңбек жолын Ақтөбе облыстық тері-венерологиялық диспансерінде дерматолог-венеролог болып бастаған Алтынбек Жалғасбайұлы әр жылдары медицина саласында түрлі лауазымды қызметтер атқарды. 2022 жылдың қаңтар айында №6 қалалық емхананың бас дәрігері болып тағайындалды.

Жауапкершілігі мол қызметін өз деңгейінде атқарып жүрген Алтынбек Жалғасбайұлы әріптестері арасында да өте сыйлы. Пациенттер тарапынан да еңбегінің оң бағасын алып жатады. Жас мамандарға білгенін үйретіп, кеңес беруден жалыққан емес.

Ақтөбе медицинасынан хабары бар адам Алтынбек Жаңабаевтың ұзақ жылдар бойы Қарғалы қалалық ауруханасын басқарғанын жақсы біледі. Өткен жылы медицина қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған байқауда аталған мекеме «Үздік медициналық ұйым» атанып, облыс әкімі ұжымға 1 миллион теңгенің сертификатын тапсырған болатын. Сол кезде Алтынбек Жаңабаев басшылық еткен ұжым аталған қаражатты «Үміт» сәбилер үйіне беріп, көпшіліктің ықыласына бөленді.

Әрине, мұның барлығы — ұжым арасындағы ауызбіршілікке жік түсірмей, тізгінді қай уақытта да тең ұстайтын білікті басшының арқасы.

Бүгінде облыстағы тәжірибелі дәрігерлердің біріне айналып, шәкірт тәрбиелеп отырған Алтынбек Жаңабаев өзінің әлі де үйретерінен үйренері көп екенін айтады.

— Адам неше жасқа келсе де «болдым, толдым» деп тоқтап қалмауы керек. Біз өмірде ізденіс үстінде болу арқылы ғана жетістікке жетеміз. Ал қазіргі заманның қарқынын өздеріңіз де көріп отырсыздар. Сол қарқынға ілесу үшін өмір бойы оқып, үйреніп, тәжірибе жинақтауымыз керек, — дейді қазіргі таңда Орынбор мемлекеттік медициналық университетінің қоғамдық денсаулық сақтау факультетінің магистранты Алтынбек Жаңабаев.

Антына адал абзал жанның өз саласында жеткен жетістіктері де көп. Ол — «Денсаулық сақтау саласының үздігі», «Алтын дәрігер» төсбелгісінің иегері. Сондай-ақ «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Медицинаның дамуына қосқан үлесі мен Қазақстан халқының денсаулығы үшін риясыз еңбек еткені үшін» төсбелгі тағып, «Халық алғысын» алды.

— Дәрігер болу — менің бала күнгі арманым. Ауылдағы көршілеріміз дәрігерлер еді. кішкентайымнан соларға қызығып өстім. Кейін әскери борышымды өтеп келген соң дәрігерлік мамандыққа оқуға түстім. Бала күнгі арманымды ақиқатқа айналдырған адаммын. Әрбір дәрігер бұл мамандықтың тек оқумен ғана шектелмейтінін түсінуі керек. Алдыңа келген әрбір пациентке жақыныңдай қарап, оның жазылып кетуі үшін барыңды салуың қажет. Емделушілер тарапынан өтініш-пікірлер түсетінін жасырмаймын. Ол адамдардың да жанайқайын тыңдап, нәтиже шығарып отыруымыз керек. Бұл —біздің міндетіміз, — дейді Алтынбек Жаңабаев.

P.S.Айтпақшы, Алтынбек Жаңабаев өзі басқарып отырған ұжымның референдумға қолдау көрсетіп, белсенділік танытатынын айтты. Емхана қызметкерлері арасында  Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды талқылау мақсатында ұжымдық кездесу өткізіліп, онда референдумның қоғам үшін, халық үшін қаншалықты маңызы бар екендігі түсіндірілді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button