Әдебиет

Қысқы түн

Қажығали

Мұханбетқалиұлы

Олар ымыртта мал қоралап, онан кейін басқа да ұсақ-түйек шаруаларын тындырып үйге кіргенше қараңғылық қоюланып кеткен-ді.
Кешкі шайдың дастарқаны тым жай жасалды. Сондықтан ба, әлде мал басында ылғи да жалғыз үй отырып дағдыланып кеткен адамдардың әдеті ме, шай үстінде басы артық әңгіме болған жоқ. Әрқайсысы өзімен-өзі… Үй ішін қоңыр тыныштық әлдилеп тұр. Тек анда-санда ғана ыссы шайды сораптаған тыныстары естіледі.
Онан өзге дыбыс та жоқ.
Шай орталанған тұста:
– Апырым-ай, қарасуықтан қарасуық… Қыс бұлай болса, жаз қайтер екен!? Қар жаумады-ау, – деді үй иесі Дайрабай шал қараптан қарап отырып.
Келіні өзіне тіке айтып жатпаса, үлкендердің әңгімесіне араласпайтын. Әншейінде бірдеңе деп қалатын кемпірі де бұ жолы тырс үнсіз қалды.
Шалдың да жауап күткен сыңайы жоқ. Қынаға бояған сары тонын қаусырына түсіп, тізесін ғана қомдап-қомдап қойды. Таңертеңнен бері ат үстінде жүргесін сіресіп қалған денесі ыссы шайға бусана бастаған екен. Тот басқан топсадай сықырлауық буындары да жібіп, икемге келіп қалыпты. Жаңа-жаңа бойы сергіп, терісі кеңи бастаған қарт жанынан етектей орамалын алып, суық сорып қарайып кеткен бетін сипады да, «һа-а!» деп қойды. Рақаттанғаны не күрсінгені белгісіз. Сонсоң хош иісі бұрқыраған қою шайды кесесіне жұқтыра шайқап ішіп отырып, айналасына үнсіз көз тастады.
…Үй іші қаракөлеңке. Қазандықтың ернеуінде ондық шам пырылдап-ақ жанып тұр. Бірақ май шамы түскірдің жарығы дастарқан басынан аса ала ма, төңірек күңгірт. Оның үстіне бағанадан тып-тыныш қара қазанның қақпағының әр жерінен бұрқырап бу көтеріліп жатыр. Сарқылдап қайнай да бастаған. Ошақта қара қи маздайды. Отқа қарсы қарап шай құйып отырған келінінің жүзінде қызыл жалқын сәуле құбыла ойнақ салып, алабұртқызып жіберіпті.
– Рәуішжан, қызып кеттің ғой! Бермен отырсайшы, қалқам, бер-мен… – деді Дәкең қамқор үнмен.
Келіні сөз қайырмастан, төсеп отырған құрақ көрпешесін ақырын ғана жылжытып, қымсына ысырылды. Шал онысына ырза боп қалды. Өйтпегенде! Таңдап алған келіні ғой… Өзі таңдаған!
…Дайрабай шал мынау Саршағылда отырған көк көз Жұмағалидың соңынан қалмай жүріп, құда болысып еді. Тұрғалиына осы Рәуішті беруге әзер көндірген. Онда да көк көз Жұмағалидың өзі емес-ау, Бәтес құдағайы ғой… Көзі шатынап отырып алған сары шалға:
– Әй, бәлен жыл Ұлықұмды бірге жайлап, бірге көшіп жүрсің. Дәкеңнің не жаманшылығын көрдің?! Қой енді… «теңі келсе, тегін бер» деген, – деді-ау. Есті кісінің-ақ сөзі емес пе!?
Дәкең сонда:
– Жоға, Жұмакең де шет көреді деймісің, бәйбіше! Бауырынан шыққан бала болғасын… Әрі Рәуішті жас дейтін шығар, – деп сылап-сипап жіберіп еді.
Сөйтіп таңдап алған келінінен қателеспеген сияқты. Сәл тұйықтығы болмаса, мінезінің ұяңдығы қонымды, көңілден шығады. Өзіне де, кемпіріне де тура қарап, тік сөйлеген емес. Әрқашан осылай ызылып тұрғаны… «Шүкір, шүкір! – деді шал іштей тәубе ғып. – Тек енді Тұрғалижанның екі жылы тез бітіп, оралса болды дағы»…
Баласы есіне түсіп кеткен соң:
– Ешкім қатынаған жоқ па? – деді шал. – Кәзит-мәзит, бірдеңе әкелетіндері бар еді, қойды-ау.
Кемпірі жақтырмай қалды.
– Күнде қатынап жатқан ауыл арасы деймісің?! Қайдағы кәзит. Осы шал-ақ желігеді де отырады екен.
– Тәк, кемпір-ай! Жинап-жинап бір әкелгенде Тұрғалижаннан хат келетіні бар еді, сосын сұрап жатқаным да… Менің бір сауатым асып барады деймісің, бар болғыр.
Үй ішін тағы үнсіздік басты. Ыссы шайды үрлей сораптаған тыныс біразға дейін бұзылған жоқ. Әлден уақытта барып шал шыны аяғын төңкерді де, тершіген жүзін орамалымен қайта-қайта сүрткіштеп:
– Жә… біраз уақ боп қалыпты. Мен малды бір көріп келейін, – деді, әйтеуір бірдеңе айту үшін ғана.
– Қой, байғұс! Терлеп отырғаныңда суық ұстап қалар. Оты-ра тұр! Мен қарап келе қояйын, – деп кемпірі қапылып қалды. «Өлемісің, күндіз бағып, түн бағып»… – деп, шығып бара жатып та сөйлеп жүр.
Дәкең селдір шоқша сақалын бипаздай сылап біраз отырды да, іргедегі жастыққа қарай жылжыды.
Түн сайын күзетке өзі шығатын. Соны көтере алмай жүр ме, әлде қарттықтың қандыауыз қақпаны кәрі сүйегін ақырын-ақырын сыға бастағаны ма, мұздай даладан үйге келіп осылай бір шай ішкесін сәл терлесе болды, бойы дел-сал боп манаурай бастайтынды шығарыпты. Сондықтан ас алдында аз-маз мызғып алатыны бар-ды. Көз іліндірмекке қисайды.
Қарт көп жата алмады.
Іргеден салқын леп соғып, жотасы мұздағандай болған соң, басын қайтадан көтеріп, тонын жамылмаққа қол созған. Кенет… тұсында сығырайып тұратын кішкене терезе жап-жарық боп кетті де, қоңырайып тұрған үй іші бір сәтке жарқырап қоя берді. Қарт тіктеліп, лезде қайтадан қап-қараңғы бола қалған терезеге үңілген. Сырттан гүріл естілді.
– Машиналы біреулер келе жатыр білем, – деді күңк етіп. – Жеті түнде неғып жүр бұ?!
Қашанғы әдетінше, бұ жолы да жауап күткен жоқ. Тонын желкелігінен жымыра ұстаған күйі «ә, пірім!» деп орнынан ақырын түрегелді. Сонсоң сеңсеңін сүйреткен күйі жайбарақат басып кеп, түзге шықпақ болғандай, аяқ киімін қоңылтаяқ кие бастады.
Машина іргедегі сайдан шығып келеді екен. Иттері солай қарай шабалана үріп шауып барады. Кім де болса сыртта күтіп алмақ боп, шал ауланың алдында тұрып қалды.
…Келіп тоқтай қалған машинаның кәбеңкесінен ербең-ербең етіп екеу түсті. Сосын машиналарының шамын сөндіріп, жылдам басып келді де, қараңғыда:
– Ассалаумағалейкүм!
– Ассалаумағалейкүм! – деп сәлем берісті. Тап осылай аман-даспаса, Дәкең қазір қуып жіберетіндей-ақ жып-жып етеді. Шал жақтырыңқырамай қалды.
– Әліксалам! Е, қай балдарсыңдар…, – деді жүздеріне шұқшиып.
– Бұ не жүріс түнделетіп, түге!?
– Мен Берікпін ғой, Дәке! Автоқұлып бала…
– Е-е…
– Анау Нұрлан…
– Е-е… иә?!
– Сізге сәлем берейік деп… Сосын анау штабтың кеңсесінде газет-журналдарыңыз жатыр екен. Соны әкеліп едік.
– Анау-мынау емес, бір бума ғой. Қандай көп жазылғансыз, Дәке?!
– Іһм! Иә?! Ішінде хат жоқ па екен?
– Бар ғой деймін… Ішке кіріп, жарықта қарамасақ, – деді Нұрлан шіңк-шіңк етіп.
«Хат» дегесін шал райланайын деді. Әйтсе де мына балалардың жүрісін онша ұнатыңқырамай, қыңырайып тұрып-тұрып үйге қарай самарқау бұрыла берді.
– Қане, шешші ана бумаңды, – деді шал аяқ киімін сыпырып тастаған соң.
Босағаға жақын тұрған киімілгішке пальтоларын іле сап, карттың ізінше төрге озған Берік пен Нұрлан бір құшақ газетжурналды шандып тастаған шпагаттың түйінін шеше алмай, күйбеңдеді де қалды.
Болмаған соң:
– Пышағыңды берші, қиып жіберейік! – деді нан жазып отырған Рәуішке қосарлана.
…Хат бар екен, бірақ Тұрғалидан болмады. Көрші совхозда тұратын қызынан келіпті. Дәкең оны Нұрланға оқытты да, амандық-саулықтан басқа ештеңе айтылмағансын, мұрнының астынан: «Іе-е»… – деді де қойды.
Қисайып жатқан Берік көз қиығын Рәуішке тастап, жымыңжымың етіп:
– Немене, Дәке, Тұрғалидан көптен хат жоқ па? – деді ойнақы үнмен.
Әуелі «иә» деп қала жаздаған шал оның жымысқы ойын байқап қап:
– Е, келіп тұрады ғой! – дей салды жай ғана.
Мұнан әрі әңгіме тыйылып қалғандай еді.
Ас түсіріліп жатқанда: «Ища-ай! Құдайдың күні тағы қақап кетті ғой», – деп Балым әжей кірді. Алдынан жамырай сәлем берген Нұрлан мен Берікке сығырая қарап:
– Е-еу, айналайындар-ай! Бұ кімдер десем, сендер екенсіңдер ғой. Неғып кештетіп жүрсіңдер? – деп бәйек боп жатыр. – Мынау әкелерің… қартайғанда тағы қой бағам деп азапқа салып…
Қабат-қабат киімнің бірінен соң бірін шешіп, кемпір ұзақ әуреленді де, ақыры өзінің үйреншікті орны – пеш түбіне барып отырды.
Біраздан кейін бәрі қол жуып, дастарқан басына жайғасқан соң да кемпір мұң шағуын қойған жоқ.
– Тұрғалижан болса анау… әскерде жүр. Біз болсақ, мынау… Құдай-ау, мына шал… өздеріңдей бір көмекші бала да алмай…
«Осы не деп отыр» дегендей Дәкең кемпіріне қараған. Тамаққа қол салған күйі басын көтермей қойғаны… Қоймастан сөйлеп отыр тағы.
– Елдің ішінде-е … «а, Құдай, бергеніңе шүкір» деп жан бағып отыратын адам! Қайтерсің …
Қарт неғыларын білмеді. Күйінгеннен «алжиын деген шығар осы кемпір!» деп ойлады, тоңторыс мінез танытып. – Көрінгенге шағынып о несі-ай.
– Амандық болса, алдағы күзде келіп қалар! – деді Берік тағы.
– Аузыңа май, қарағым, аузыңа май…
Көңілінің алаңы күндіз-түні сол болғасын ба, Тұрғалидың аты аталғанға шал да кішкене райланып, қонақ балаға көзінің астымен қайтадан барлай қарады. Манағыдай екіұштылау езу тартып отыр екен. Бұлардан – кемпір-шалдан гөрі басқа біреуге меңзеп айтқандай. Әлденені тұспалдап сөйлей ме, қалай…
Дәкең үйіне келген жас балалардың тым қутыңдағанын жаратпайды-ақ. Қалай жақтырсын! Бәтшағарлардың бәрі өстіп астарлап сөйлеп… Қаршадай болып… «Көрдің бе сәлем бергіштерін! Түнделетіп… Кәзит әкелдік дейді тағы».
Шал қырсығып:
– Келін, сорпаңды әкел! – деді тездетіп. – Балалар асығып отырған болар. Менің де күзетке баратын уағым болып қалды.
– Не дейді?! Осы шалға бірдеңенің салқыны тиген шығар. Айына-жылына бір келген балаларға о несі-ай, түн ортасында… – Кемпірі тағы шап ете қалды.
Сасып қалған Нұрлан:
– Ештеңе етпес, шеше! Қайтамыз ғой, – деп қызарып кетті.
Үй іші үнсіз қалды.
– Қап, машинамның суын ағызып қойып едім, – деді бір уақыт-та Берік күмілжіп.
Қыпылдап көзінің астымен шалға қарады. «Ар-рам шал! Адамның ішіндегісін біліп отырады деуші еді. Рас екен-ау» деп ойлады. Нұрланға қарап еді, «қой дегенімде болмаған сен ғой. Ал, қайтер екенсің?!» деген дағдарған пішінді көрді.
Кемпір бүйтер деп шал ойлаған жоқ-ты. Оның әлгі сөзінен кейін үй ішін басқан ауыр үнсіздіктен енді өзі ыңғайсызданып:
– Е, қонамыз десе… – деді өзін-өзі зорлағандай. – Мен әншейін … асығып отыр ма деп …
* * *
Дастарқан жиылды. Қол жуылды. Ешкім тіс жарған жоқ. Қарт ақырын тұрып, күзетке баруға қамдана бастады.
«Не де болса шал кеткесін көрерміз» деп ойлаған Берік пен Нұрлан осы кезде үн-түнсіз тысқа шығып кетті.
Біржолата киініп кетпеген соң, олардың қазір қайтып келіп қонатынын ұққан қарт күйбеңдеп іште біраз жүрді. Әншейінде еркін сыятын саптамасы аяғын қысқандай недәуір уақыт оны тепкіледі. Онан сеңсең тонын киіп, біресе ілгегін салып, біресе сыртынан белбеу буынып, әбігерге түсті. Ақыры, айналшықтайтындай өзге сылтау қалмаған соң, «кірмесеңдер, кірмеңдер!» дегендей ашумен тұмағын баса киіп, босағаға жақын жерде ілулі тұрған мылтығы мен оқшантайын алды да, сыртқа беттеді.
Түн тастай қараңғы екен. Ештеңені айырып болар емес. Ызғырық жел ұйтқи соғып тұр. Қарт көзі үйренгенше есік алдында тұрып қалды. Қарап тұрғанша деп, мылтығын қабырғаға сүйеді де, тұмағының бауын байлады. Айналасына зер салды. Қамыс аула, оның ығында пішенді күрт-күрт шайнап тұрған аты, ауладан шығар есікке тақау үйілген қатқан тезектің қарамы – бәрі-бәрі бірте-бірте айқындала бастады.
«Әлгілер қайда кетті?» – деп таңырқаған шал төңірекке шұқшия үңілген, түу ауланың сыртында тұрған машинаның кәбеңкесінен шоқтана қызарған отты көрді. «Бәсе, желбегей шығып еді. Кәбеңкеге тығылған екен ғой», – деді өзіне-өзі. Сонсоң темекілерінің шоғын жиі-жиі жарқыратып, ащы түтінді үстін-үстін сорғыштап отырған Берік пен Нұрланға бұрылмастан, тұстарынан ақырын басып қораға қарай кете барды.
Жаңа ғана үйден шай ішіп, ет жеп шыққансын ба, әлде қалың киінгендіктен бе, қарт қара суықты елей қойған жоқ. Келген бетінде қораның әр жер-әр жерін түртінектей қарап, ақырын ғана бір айналып шықты. Толық жөнделмеген, кей жері ашық-тесік қамыс қатон сенімсіз-ақ. Сенімсіз болғанда қайтсін! Бұрын қыстап жүрген пунктін былтыр зейнетке шыққанында басқа біреу алып қойды. Енді тигені осы. Бұ да қайбір мал бағуға құштарлықтан шықты дейсің… Тұрғалиы әскерге алынғасын, қарап отырғанша дегендегісі ғой. Оның үстіне баласы келгенше көпшіліктен оңашалау отырғысы келіп еді. Иә,.. оңашалау отырғысы келген…
«Отырғыза ма бұлар?!» – Кенет шалдың есіне тағы әлгілер түсті, – «Жер түбіне кетсең де, осы… иіскеп тауып алады. Бүгіндегі балдардан ұят деген қалған ғой, қалған… – деді ыза болып. – Әйтпесе, немене… жеті қараңғы түнде! Маған сәлем беруге емешесі үзіліп келмеген болар».
Шал сенделіп ұзақ жүрді.
Жел күшейіп кетті ме, әлде бағанағы астың қуаты қайтайын дегені ме, қара суық беті мен қолының әр жеріне қатқыл тие бастады. Оның үстіне аяғы да сырқырап ауырып мазасын алған соң, шал ық жақтағы үюлі самтықтың шетіне кеп отырды. Дәл жанында әбден қартайған дәу қара ала төбеті Ақтөс те бүктетіліп жатыр екен. Иесін танып, басын көтерді де, тығылып алып ұйықтап жатқанына кешірім сұрағандай, құйрығын еркелей бұлғаңдатып қойды. Соның арасынша айналада жүрген өзге үш иті де жетіп келіп, «әзірге тыныштық» дегендей, жайбарақаттық таныта тіміскіленіп тұрып-тұрып, жөн-жөндеріне тарап кетті.
Кәрі төбетті де бір ұрып тұрғызып жібермек болып, шал ойланып отырды да тиген жоқ. Қайта: «Жат, Ақтөс! Жат, – деді кенет еркелете үн қатып. – Қартайған соң жатпағанда қайтесің…»
Едәуір уақыт ой жетегінде отырып қалған шал біраздан соң тағы орнынан тұрып, төңіректі шолды да, ит-құс, сезікті ештеңе байқалмаған соң қайтадан ыққа келді. «Иә, Алла, абыройыңды бере гөр! – деді самтыққа отырып жатып. – Әлгі әзәзілдер қонып қалды-ау, ә! Машиналары тұр».
Анадайда қарауытып тұрған тоқал тамға қадалып, шал едәуір отырды. Шам сөнген. Төңіректе тіршілік белгісі білінбейді. Маңай тегіс түн көрпесін жамылып, бар бәлені ішіне тыққандай тоңторыс тымырайып жатыр. Тек ызғырық жел ғана етек-жеңін кеулей ышқына соғады.
«Кемпір неғып жатыр екен, – деп ойлады шал бірауық қымтана түсіп. – Келінді қасына алса-ау, бар болғыр! Кішкене жақ екеуіне жетеді әрі жылы… Әй, бірақ есіне келер деймісің соның. Сөзі әлгі ғой… «Елдің ішінде-е… «А, Құдай, бергеніңе шүкір» деп отыратын адам. Қайтерсің?!» – дейді. Ақымақ кемпір, мен соны білмейді дей ме екен?! Әй, ақымақ-ау… Елдің ішінде отырса, анау уыздай келінін қайтіп ұстамақ-ай?! Оның қатары, отырмақ-сотырмағы, кинә-синасы жоқ дей ме?! Алда-жалда той-томалаққа, ондаймұндайға барып жүріп, жас адам… бірдеңеге ұрынып қалса… Құдая, сақтай гөр!» Шал өз ойынан өзі шошып кетті. Орнынан қалай атып тұрғанын да аңдамады. Осы сәтте алай-түлей көңіліне үрей кіргізіп, жан-жақтан иттері де абалап қоя бергені…
– Ай-тақ! Һа-а-ау! Һайт! Һайт! – деп айқайға басқан шал, иттер жүрген жаққа емпеңдей басып келе жатып, қосауызын гүрс-гүрс атып жіберді. Түн пердесі дір-дір етіп, төңірек жаңғырығып кетті.
Шал түнімен жөн-жосықсыз айтақтап, әлденеге дүңкілдетіп мылтық атумен болды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button