Басты жаңалықтар

Алғаның жұмысы алға басып тұр

Алға ауданында, былтырғы жылмен салыстырғанда, мал басы өскен. Аудан орталығы мен ауылдарда көшелерді асфальттау, аулаларды абаттандыру, балаларға арналған ойын және спорт алаңдарын салу, өткен ғасырдың 60-70 жылдарында тұрғызылған көп қабатты үйлерді жөндеу, яғни елді мекендердің сырт келбетін жақсартуға бағытталған жұмыстар жүріп жатыр.

Сонымен бірге тұрғындарды толғандыратын мәселелер де көп, әсіресеауыл маңында жеке малға қажетті жайылым жерлердің аздығы мен азық-түлік және жемшөп бағасының күннен-күнге өсуі халыққа қиын тиіп отыр.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин 22 мамырда жұмыс сапарымен Алға ауданында болып, халықтың тұрмыс-тіршілігімен және ауылды көркейтуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың аясында жасалып жатқан жұмыстармен танысты.

Облыс басшысы екі жерде — Алға қаласы мен Қарағаш ауылдық округінің орталығында тұрғындармен жүздесіп, олардың атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты және өздерін толғандыратын мәселелер бойынша ой-пікірлерін, ұсыныстарын тыңдады.

Жайылымдық жер қажет

Алға — облыс орталығына ең жақын, сонысымен де тартымды аудан. Соның өзінде өткен ғасырдың 90-жылдарының ішінде тұрғындарының көшіп кетуіне байланысты Алға қаласындағы кейбір көп қабатты үйлерде пәтерлердің басым бөлігі бос қалып, аңғал-саңғал боп, қаңырап тұрған кездері болды. Қазір қаланың келбеті мүлде өзгерген, жақсарған. Мұндағы 90 көпқабатты үйдің басым бөлігінің қасбеттері әсемделіп, көшелерге асфальт төселіп жатыр.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында былтыр 1956-1975 жылдар аралығында салынған 5 көпқабатты үйге жөндеу жүргізілген. Бұл үйлердің шатыры, қасбеттері жаңартылып, электрмен қамту, кәріз және су құбырлары жүйесі ауыстырылған. Облыс әкімімен кездесуде тұрғындар жасалған жұмыстарға ризашылықтарын жеткізді.

Жеңіс көшесіндегі 10-үйдің тұрғыны Ләззат Бекжанова:

— Бұрын жауын-шашын болса, төбеден су тамшылап, берекемізді кетіруші еді.Енді ондай келеңсіздіктен құтылдық, — деді.

Биыл тағы да екі көпқабатты үйде жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Одан бөлек 6 үйде жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр.

Облыс әкімі бұл істе басты мәселе — тұрғындардың келісімі екенін айтты.

— Жаңарту жұмыстарына қажетті қаржыны тұрғындар бөліп төлейді. Сондықтанолардың келісімі міндетті түрде керек, — деді Оңдасын Сейілұлы.

Қарағаш ауылдық округінің орталығы — Самбай ауылындағы Мәдениет үйінде өткен тұрғындармен кездесуде аудан әкімі Нұрбол Ержанов ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндама жасады. Баяндамадан түйгеніміздей, ауданда тұрғындарды газбен және сапалы ауызсумен қамту мәселесі толықтай шешімін табуға таяу. Мысалы, газбен қамту көрсеткіші 98,1 пайызға жеткен, жыл соңына дейін тағы бір ауылға газ апарылып, 98,7 пайыз болады деп күтіліп отыр. Ал сумен қамту көрсеткіші қазір 94 пайыз болса, жыл соңында 96,7 пайызға жетеді. Сондай-ақ елді мекендерді абаттандыру, білім, спорт, мәдениет орындарын салу, жол салу мен жөндеу жұмыстары да жақсы жүріп жатыр. Биыл аудан бойынша 22 көшеге жөндеу жүргізіледі, бұл үшін 1,3 миллиард теңге қаржы жұмсалмақ. Соның ішінде, Самбай ауылында 6 көшеде жөндеу жүргізіледі. Сондай-ақ бұл ауылға жаңа дәрігерлік амбулатория салу жоспарланған.

Баяндаманы талқылау барысында тұрғындар жасалып жатқан жұмыстарға оң баға бере отырып, бірқатар түйткілді мәселелерді де айтты.

— Президенттің тапсырмасына сай, әкімдер халықпен жиі кездесіп, олардың хал-жағдайын, нендей мәселелер төңірегінде толғанатынын біліп отыруы керек. Ауданның әкімі бізбен үшінші рет кездесуге келді, сондай-ақ бүгін өзіміздің ой-пікірімізді облыс басшысына да жеткізудің сәті түсіп отыр. Бізді толғандыратын басты мәселе — жайылым мәселесі. Ауылда жұмыс табу қиын.

Тұрғындар негізінен мал бағып күн көреді. Басты кәсібіміз мал бағу болған соңжайылымның тапшылығы жанымызға қатты батады, — деді ауыл тұрғыны Жақан Алтаев.

Ал көпбалалы аналардың бірі азық-түлік бағасының күннен-күнге өсуі мен жемшөптің қымбаттығына алаңдайтынын жеткізді.

Облыс басшысы жайылым тапшылығы мәселесін назарда ұстайтынын айтып, сонымен қатар:

— Жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі, бір жағынан, ауызбіршілікпен шешілетін мәселе. Бұл жөнінде ауыл маңындағы шаруа қожалықтарының басшыларымен ақылдасқан дұрыс. Шаруа қожалықтарының басшылары мүмкіндігінше халықтыңжағдайына, жанайқайына қарайласуы керек, — деді.

Жиында бағаның қымбаттауына әсер етіп отырған жағдайлар және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміндегі 19 түрлі өнімнің бағасы мүмкіндігінше бақылауда ұсталатыны даайтылды. Үшқұдық-Алға-Тоқмансай автомобиль жолының Алға-Самбай учаскесіндегі жөндеу жұмыстары да сөз болды. Тұрғындар жолдың сапалы салынуын бақылауда ұстау керектігін баса айтты.

— Бұған ауыл тұрғындарының ерекше мүдделі екенін түсінеміз. Жол сапасын бақылауды сіздер де назарда ұстап, қандай да бір кемшілікті байқасаңыздар, аудан басшылығына хабар беру керек. Жолдың сапасы тиісті талапқа сайкелмесе, мердігерлер заң шеңберінде жауапкершілікке тартылады, — деді облыс басшысы.

«Жансая» шаруа қожалығының басшысы Әлібек Базарғалиев мал азығымен қамту, т.б. мәселелерде фермерлерге мемлекет тарапынан жасалып жатқан көмектерге тоқталды, ауылда салынатын дәрігерлік амбулаторияға «жедел жәрдем көлігін әперуге уәде етті. Жиыннан кейін облыс басшылары тұрғындарды жеке мәселелер бойынша да қабылдады.

Бестамақта спорт кешені салынады

Аудан басшылары облыс әкіміне Алға қаласы мен ауылдардағы абаттандыру жұмыстары және жаңадан салынатын нысандар жөнінде толықтай мәліметтер берді. Бұл жобалардың бірқатары «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасының аясында жүзеге асырылады.

Соның ішінде облыс басшысы Алғадағы А.Байтұрсынов атындағы көшеде салынып жатқан спорт және ойын алаңының құрылысымен танысты. Бұл жерде балаларға арналған 22 спорт, 23 ойын құрылғысы орналастырылады. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған құрылғылар да бар. Сондай-ақ жарықпен қамту, орындықтар, демалып отыратын төбесі жабық орындар орнату, гүл егу қарастырылған. Құрылыс барысында 12 адам жұмыспен қамтылды.

Қаладағы 90 көппәтерлі үйдің 59-ының ауласы өткен жылдарда абаттандырылса, тағы да 27 үйдің ауласында осындай жұмыстар жүргізу биыл қолға алынбақ.

Сонымен қатар Бестамақ, Тамды, Үшқұдық ауылдарында спорт кешендерін, Маржанбұлақ ауылында бассейні бар денешынықтыру-сауықтыру кешенін салу көзделіп отыр. Бұл жұмыстар жақында басталады.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин осы сапар барысында Үшқұдық ауылының Желмая, Атамұра көшелеріндегі жол жөндеу жұмыстарымен де танысты.

«Электр бақташының» көмегі

Биыл ауданда мал басы өскен. Мысалы, былтырғымен салыстырғанда, жылқы саны 3,5 мыңға, мүйізді ірі қара саны 4 мыңға өсіп отыр. Қой-ешкі саны да едәуір көбейген.

Осы сапар барысында облыс әкімі «Нұрсая», «Ажар» шаруа қожалықтарында болып, фермерлердің тыныс-тіршілігімен және егін егу барысымен де танысты.

«Нұрсая» шаруа қожалығы Түркиядан «электр бақташы» құрылғысын әкеліп, орнатып отыр. Шаруашылық басшысы Серік Тәжиевтің айтуынша, бақташы, малшы мамандар жетіспеушілігі жағдайында бұл өте тиімді.

Шаруашылық абердин-ангус тұқымды ірі қара өсіреді, оның ішінде асылтұқымды мал да бар. Мұнда диаметрі 4 шақырым және 2 шақырым болатын екі «электр бақташы» құрылғысы орнатылған. Мал электр тогы өтіп жатқан қоршаудан шығып кете алмайды, яғни бетімен кетпей, қожалыққа тиесілі жайылымда жүреді.

— Енді мал санын көбейтуді жоспарлап отырмыз, биыл 300 басқа арналған бір базаның құрылысын аяқтадық. Тағы да осындай үш база салып, мал басын 1200-ге жеткізуді көздейміз, — деді Серік Тәжиев.

Ал көктемгі егіске қазіргі жауын-шашынның кері әсері де тиіп отыр. Мысалы, Қарақобда ауылдық округіне қарасты шаруа қожалықтары биыл 700 гектар алқапқа егін салуды жоспарласа, бүгінге дейін соның 300 гектарына ғана тұқым сеуіп үлгеріпті.

— Өткен жылдары қуаңшылық болғаны белгілі. Сондықтан шаруа қожалықтары егіннен гөрі, мал шаруашылығына, мал басын көбейтуге көбірек көңіл бөліп отыр. Өткен жылмен салыстырғанда, биыл ірі қара 700 басқа, жылқы 400 басқа көбейді, — деді ауылдық округ әкімі Абат Ізтілеуов.

Сапар қорытындысында облыс әкімі аудан басшыларына жолдардың сапалы жөнделуі, елді мекендерді абаттандыру, фермерлерге көмек, т.б. мәселелер бойынша тапсырмалар берді.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button