Референдум

Ұтымды ұсыныстар айтылды

«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің онлайн режимінде өткен кезектен тыс IX съезіне еліміздің барлық өңірлеріндегі, соның ішінде Ақтөбе облыстық филиалы өкілдері де тікелей желіде қосылды.

Съезде бірнеше мәселе қаралды: республикалық референдум туралы, аталған бірлестік ережесіне өзгерістер енгізу және жаңадан құрылған облыстарда филиалдар ашу.

Жақында аталған қоғамдық бірлестік жанынан жалпыұлттық референдум өткізуді қолдау жөніндегі штаб құрылғаны белгілі. Республикалық қоғамдық бірлестік төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің айтуынша, штабтың жұмысы екі бағытта жүргізіліп жатыр.

— Біріншісі — Конституцияға енгізілетін өзгерістердің мән-мағынасын түсіндіру. Екінші бағыт референдумға белсенді түрде қатысу мәселесін қамтиды. Бүгінде облыстық штаб мүшелері тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мемлекет құрылымындағы ең басты құжат — Конституциямызға өзгерістер мен толықтырулар енгізу — жаңа Қазақстан құрудағы тағдырлы шешім. Сондықтан республикалық референдумға біріміз қалмай барып, өз таңдауымызды жасауымыз керек, — дей келе ол Ата Заңға енгізілетін өзгерістер туралы кеңінен тоқталды.

Жиын барысында «Ардагерлер ұйымы» бірлестігінің Жарғысына, облыстық, республикалық маңызы бар қалалар мен аудандық, қалалық, сондай-ақ бастауыш ұйымдары филиалдарының және тексеру комиссияларының Ережелеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар туралы айтылды. Сондай-ақ жаңадан құрылған Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында қоғамдық бірлестіктің филиалдарын құру және бекіту туралы ұсыныс қабылданды.

— Бүгінде облыста барлық санаттағы 95 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Олардың басын біріктіретін «Ардагерлер ұйымы» ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету, жастарға патриоттық тәрбие беру, адамгершілік тәрбие құндылықтарын сіңіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Қарттардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың мәдени шараларға қатысуын қамтамасыз ету, денсаулықтарын нығайтуға қамқорлық жасау, «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығына тарту, олардың басын біріктіру жұмыстары белсенді қолға алынды, —  дейді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button