ПікірРеферендум

Болашағымызға таңдау жасайық!

Баянды Сәрсенбина,облыстық мәслихат депутаты,

«AMANAT» партиясының  Ақтөбе облыстық штабының мүшесі:

— 5 маусымда  Қазақстан тарихының жаңа саяси парақтары ашылады. Бұл –референдум күні. Осы күні халық белсенділігіне сәйкес алдағы дамуымыздың бағыттары айқындалады. Дауыс беру құқығы бар әр азамат өз сайлау учаскесіне барып, азаматтық ұстанымын білдіріп,  «Конституцияға өзгерістер енгізуді қолдайсыз ба, әлде қарсы боласыз ба?» — деген сауалға бағытталған екі жауаптың бірін таңдайды. Референдум жекелеген топтарды күшейтуді емес, мемлекетімізді жетілдіру, жаңғырту және нығайтуды көздейді. Ендеше осы жалпыхалықтық істе әрбір азаматымызды сайлау учаскесіне келіп, дауыс беруге шақырамын. Ел тағдырына, мемлекетіміздің ертеңі үшін референдумға қатысайық!

Референдум нәтижесінде  ел Конституциясының 33 бабына өзгерістер енгізіледі. Бір сөзбен айтқанда, ел Конституциясының үштен бірі жаңартылады. Бүгінде  «Ата Заңымызға енгізілетін өзгерістер еліміздің әрбір тұрғынына не береді?»— деген сұрақ өзекті болып тұр. Өйткені халқымыз қоғамдағы саяси өзгерісті көптен бері күтуде. Дүние жылдам өзгеріп жатыр, ал бізде азаматтық қоғам дамуы оған ілесе алмай келеді. Көзбояушылық, жалаң популизммен көпті алдай алмайсың. Мұндай жағдайда ауызбіршілігі жоғары, жолбастаушы тұлғалары көп, халқы белсенді, заң құзыреті мықты мемлекет қана қауіп-қатерден аман шығады.Қуатты  мемлекет мықты азаматтары көп қоғамда ғана қалыптасады. Бұл­­­ – аксиома!

Қаңтар оқиғасынан кейін қоғамда алаңдаушылық көңіл күй пайда болды, адамдарымыз іштей тұйықталып  қалғандай еді. Енді қоғамдағы осындай алаңдаушылық көңіл-күйді жоюдың негізгі жолы — саяси реформа жүргізу.

Ел Конституциясына енгізілетін ең ауқымды өзгерістердің бірі жер туралы норма. Күні кеше ғана баспасөзде жарияланған жаңа Конституция жобасында жердің, табиғи ресурстардың иесі халық деп анық жазылған.

Конституцияда Парламенттің бақылаушылық функциясын күшейтіп, оған есеп беретін Үкіметтің жауапкершілігін арттыратын, барлық деңгейдегі мәслихаттардың  рөлін жоғарылататын, облыс әкімдері жанама сайлаумен сайланатын  өзгерістер халық талқысына ұсынылып отыр. Сондай-ақ сайлау жүйесіндегі өзгерістер, суперпрезиденттік биліктен бас тарту, Президенттің барлық саяси күштер мен партиялардан өз дербестігін бекітуі еліміздегі  барлық партиялардың тең дәрежедегі ашық бәсекелестігіне жол ашары анық.  Елімізде саяси партиялар қатары көбейсе, олардың арасында бәсекелестік те күшейеді.  Бәсекелестік артса, партиялар өз қатарына белсенді, бастамашыл, талапшыл және әділетті азаматтарды топтастыра береді. Қоғам солай біртіндеп жаңара түседі.

Осы кезге дейін  барлық деңгейдегі депутаттар саяси партиялар арқылы пропорционалдық жүйе арқылы сайланып, бұл көп жағдайда белсенді тұлғалардың қоғамдық өмірге араласуына біраз кедергі туғызғаны рас.  Енді ел тағдырына бейжай қарай алмайтын азаматтарымыз  мажоритарлық жолмен депутаттыққа өте алады. Бұл жолда халыққа берген уәдесін орындап, сеніміне кірген азаматтар арасынан  ел дамуына шындап үлес қосатын белсенді тұлғалар тобы қалыптасады. Мажоритарлық жүйенің артықшылығы да сол, өз қатарына  белсенді, патриот, іскер азаматтарды іріктеп алады.  Дегенмен партиялардың  белсенділігін арттыратын пропорционалдық  жүйе де  сақталатынын ескеру керек. Яғни, Конституцияға енгізілетін өзгерістер пропорционалды-мажоритарлы сайлау жүйесіне  жол ашпақ.

Қай кезде де қоғамды алға бастыратын күш популизмнен ада, білімді, іскер, елжанды патриот азаматтар  екендігін ұмытпауымыз керек. Оның үстіне патриотизм қай заманда болсын құр сөзбен емес, нақты іспен сыналады. Шыны керек, қазіргі уақытта Қазақстан қоғамында  ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, реформатор азаматтардың  қажеттілігі  байқалады.

Қазіргі жағдайда әр азамат «Мемлекет маған не береді?» — деп күтіп отырмай, «Елдің дамуы үшін, ұрпағымыздың болашағы үшін не істей аламын?» дейтін ұстанымды басшылыққа алғаны жөн.  Ол үшін өзгерісті әркім өзінен бастауы керек. Қоғамдағы кемшіліктерді көре біліп қана қоймай, оларды түзетуге атсалысу, жұмысыңды адал атқару, сыни ойлау, елдің мүддесіне қарсы келетін іс-әрекеттерге тосқауыл қоя білу азаматтық қоғамның баспалдағына апаратын төте жол. Біз осы жолдан ауытқымайық.  Ендігі таңдау –өзімізде.

Ендеше 5 маусым күніөзіміз бекітілген сайлау учаскесіне барып Конституциямызға енгізілетін жаңа өзгерістер үшін дауыс берейік!

Тапсырыс беруші: «AMANAT» партиясының Ақтөбе облыстық филиалы

Басқа жаңалықтар

Back to top button