ПікірРеферендум

Өзгеріс ел өмірін жақсартады

Нұрбәтес ТОБАҒАБЫЛОВА,

«Батысқазжерқойнауы» ӨД РММ маманы:

— Соңғы кезде әлемде және мемлекетімізде болып жатқан геосаяси жағдайларға байланысты, елімізде ауқымды реформалар мен саяси өзгеріс жасау қажеттігі айқын болып отыр. Суперпрезиденттік басқару үлгісінен бас тартып, әлеуметтік әділдік орнатуға бағытталған Президент өкілеттігі және Парламент мәртебесін кеңейту бағыты ұсынылды. Соның нәтижесінде «Күшті Президент ықпалды Парламент —есеп беретін үкімет» қағидатына негізделген құқықтық негіз қалыптасады. Бұл жерде ұлттық заңнаманың орны ерекше, сондықтан Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр. Конституциялық реформаның 5 бағыты белгіленді: Президенттің кей міндеттері Парламентке, орталық биліктен өңірлік билікке беріледі, мемлекет пен қоғам арасында тиімді диалог жолға қойылады, мемлекеттік құрылымның жаңа моделіне көшуге жағдай жасалады, т.б.

Конституциялық реформа ең алдымен, халыққа қажет, өзгерістерді егжей-тегжейлі талдауға және қолдап-қолдамауға халық ашық араласады. Конституциялық реформа бойынша өткізілетін референдум еліміздің әрбір азаматына өзінің азаматтық ұстанымы тұрғысынан ой-пікірін білдіруге, саяси мәдениетін көтеруге, мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысуға мүмкіндік береді. Халықтың сайлау кезіндегі белсенділігі мен бастамашылдығы реформаларды жүзеге асыруға оң әсер етеді, халық Конституция авторы болады.

Референдумның өтуіне санаулы күндер қалды. Онда халық талқысына ұсынылатын жер мәселесі қоғам мен мемлекет үшін өте маңызды. Бүгінде жер меншігі мәселесі қоғамда өте өзекті болып отыр. Жерге иелік ету, орнымен игеру, жер қойнауындағы байлықты ел игілігіне пайдалану мәселесі бәрімізді де толғандырады. Бұрын еліміздегі байлық пен қаржының тең үлестірілмегенін, бар байлық үлесі 162 адам еншісінде болғандығы сияқты олқылықтар орын алғаны белгілі. Жаңа Қазақстанды бірігіп құратын болсақ, ендігі уақытта Қазақстанның жері, жерасты, жерүсті қазба байлықтары — барлығы халқымызға ғана заңды тиесілі болуы керек. Еліміздің елдігін айқындайтын кең-байтақ жерімізге ерекше жауаптылықпен қарау — қоғамның әрбір мүшесінің негізгі де басты міндеті.  Қолданыстағы Конституцияның 6-бабы 3-тармағында, «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңда да жер меншігі мен оны иелену, пайдалану және билік ету мәселелері толық нақты айқындалмаған, сондықтан Ата Заңымызға «жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі, мемлекет халық атынан меншік иелігін жүргізуге құқылы» деген норма енгізілмек. Осылайша бұл норма мемлекет жерге және табиғи байлықтарға халықтың өкілеттік беруімен ғана меншік иелігін жүргізе алатындығын белгілеп береді. Жаңа норма жер және жер қойнауы байлығына қатысты құқықтық қатынастарды реттейтін ұлттық заңнама жобасының халық назарында болуына ықпал етеді.

Конституцияға енгізілетін өзгерістерді зерделей отырып, аталған баптар бойынша өзгерістерді өз азаматтық ұстанымыма сай, ерекше ықыласпен қабылдадым. Бұл өзгерістердің Қазақ елінің экономикалық, саяси жағынан өркендеуіне, қазақ халқының әлеуметтік жағдайының жақсаруына айтарлықтай оң нәтиже беретініне сенемін.                     

Басқа жаңалықтар

Back to top button