Референдум

Іргетас мығым болуы үшін…

Шығармашылық академиясында өткен жиында облыс педагогтері 5 маусымда өтетін референдумды қолдайтындарын жеткізді.

Аталған шараға референдумды қоғамдық қолдау жөніндегі облыстық комиссияның мүшелері — облыстық білім басқармасы жанынан құрылған ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжеғазы Байғазин, №60 орта мектептің директоры Абзал Тәжімішев, «Ақтөбе облысы және Ақтөбе қаласы білім беру қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Лида Оралбаева қатысып, референдумға қатысты өз ой-пікірлерін жеткізді.

Референдумды қоғамдық қолдау жөніндегі комиссия мүшесі ретінде біздің міндетіміз — Конституцияға енгізілетін өзгерістердің ел дамуында қандай маңызы бар екендігін түсіндіру. Біз облыстағы мұғалімдер қауымы осы бір маңызды шараға атсалысады деп ойлаймыз. Себебі сіздер болашақ ұрпаққа білім берумен қатар, оларды ұлтжандылыққа, патриоттылыққа тәрбиелеп жатырсыздар, — деді К.Байғазин.

Басқосуда Конституцияға енгізу үшін ұсынылған өзгерістер талқыланып, түрлі деңгейдегі әкімдерді тағайындау, Президенттің жақын туыстарына жоғары лауазымдарды атқаруға тыйым салу мәселелері қозғалды.

— Жаңа Қазақстанды құру жаңа үй тұрғызу сияқты, алдымен іргетасынан, яғни басты құжат — Қазақстан Республикасы Конституциясынан басталуы керек. Ол үшін біздің әрқайсысымыз конституциялық құқығымызды пайдаланып, оң өзгерістерге үлес қосуға тиіспіз. Біз мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының жаңа моделіне көшу үшін бірігуіміз керек, — дейді облыстық үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының президенті Айгүл Дүйсенова.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Back to top button