Референдум

Ел болашағы үшін белсенді болайық

Еділ АЙМАҒАМБЕТОВ,

«SHANIRAQ Aqtobe» қоғамдық қорының төрағасы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған конституциялық реформа — жаңа Қазақстан құрудағы маңызды қадамдардың бірі. Әрі бұл Президентіміздің халықпен санасатындығын, елге жақындығын көрсетіп отыр.

Бесінші маусымда өтетін референдумға екі аптадай ғана уақыт қалды. Аз уақытта талқыға салып, Ата заңымызға өзгерту енгізу асығыстық болып көрінуі мүмкін. Бірақ әлемдегі және көршілес елдердегі қазіргі ахуал батыл әрі тез шешім қабылдауды қажет етеді.

Конституциямыздың үштен бір бөлігіне 56 толықтыру енгізу ұсынылды. Жобада 1995 жылы таратылған Конституциялық сотты қайта құру, Президентке саяси партияларға мүше болуға тыйым салу, Парламент палатарының мәртебесін арттыру, сайлау жүйесін өзгертіп, мәслихаттардың рөлін күшейту мәселелері қамтылған. Алда елімізді үлкен өзгерістер күтіп тұр.

Еліміздің саяси жаңару жолында халық игілігі үшін көтерілген бастамалардың аяқсыз қалмай, өзгерістердің сәтті жүзеге асуын қалаймын. Сондықтан ел болашағына бейжай қарамайтын азаматтарды 5 маусымда болатын референдумға белсенді қатысуға шақырамын.

Ендігі біздің міндет — аймақтық штаб мүшесі ретінде референдум арқылы көкейде жүрген көп мәселені шешуге болатынын халыққа мейлінше түсіндіру.

Басқа жаңалықтар

Back to top button