Референдум

Бүгініміз үшін де, болашақ үшін де маңызды

Әнуар ЕСҚАРИН,

«Jas Otan» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы:

— Ата Заңымызға түзетулер енгізу көзделіп отыр, яғни Конституциядағы 98 баптың 33-іне өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі. Бұл — жаңа Қазақстан құру идеясын жүзеге асырудың нақты қадамы. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында жарияланған реформаларды халықтың таңдауы арқылы құқықтық тұрғыда бекіту үшін жасалып отыр. Осыған орай өткізілетін жалпыхалықтық референдум 5 маусымға белгіленді. Тәуелсіз еліміздің тарихында алғаш рет референдум 1995 жылы өтті. Араға 27 жыл салып қазақстандықтар тағы да тарихи таңдаудың қарсаңында тұр.

Бүгінде референдумды өткізудің маңыздылығын халық арасында түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Уақыттың талабына сәйкес ел дамуы үшін қажет маңызды қадамға Amanat партиясы да өз тарапынан үлес қосуға кірісті. Референдумды қолдау бойынша арнайы штаб құрып, ақпараттық-түсіндірме жұмыстары қолға алынды.

Мемлекет басшысы жариялаған саяси реформаның нәтижесінде «Биліктің бірден-бір қайнар көзі — халық» деген принцип жүзеге асуға тиіс. Халық елді басқару ісіне қатысады. Өйткені Мәжіліс пен облыстық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың аралас мажоритарлы-пропорционалды моделі енгізіледі. Бұл — қарапайым халыққа сайлауға белгілі партияның атынан емес, халық атынан қатысып, мандат алуына берілетін мүмкіндік. Осы арқылы қоғам өкілдері маңызды шешімдерге араласады. Одан басқа, суперпрезиденттік республикадан қуатты Парламенті бар президенттік республикаға көшу, яғни Парламент палаталарының рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыру, Конституциялық сот құру, өлім жазасын мүлдем жою, жердің және табиғи ресурстардың иесі халық деп тану секілді өзгерістер енгізіледі деп күтіліп отыр.

Елімізді үлкен өзгерістер күтіп тұр. Егер референдумда халық аталған өзгерістерді қолдаса, біз Президент айтқан Жаңа Қазақстанды, әділетті Қазақстанды құруға мүмкіндік аламыз. Бұл — ел дамуы жолында бүгініміз үшін де, болашақ үшін де маңызды қадам.

Қазақстанның азаматы ретінде баршаңызды 5 маусымда референдумға қатысуға шақырамын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button