Жаңалықтар

Бала құқығы — басты назарда

Мәслихат

Жыл басынан бері облыста кемелетке толмағандарға қатысты 36 қылмыс тіркелген.

Бұл туралы облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму, заңдылық, құқық тәртібі және жұртшылықпен жұмыс жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қанат Әлиев айтты.

Депутаттарға полиция департаментінің жасөспірімдер мен жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және ескерту, балалардың панасыз және қадағалаусыз қалуының алдын алу жөніндегі жұмыстары туралы баяндай келе ол:

— Жүргізілген талдау көп жағдайда балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың отбасында, әсіресе өгей ата-аналар тәрбиелейтін жерлерде жасалатынын көрсетті. Өкінішке қарай, биыл мұндай оқиғаның 11-і тіркелді, — дейді.

Баяндамашының айтуынша, соңғы 3 жыл ішінде облыста жасөспірімдер қылмысының тұрақты төмендеуі байқалады. Алайда балалардың өз үйлерінен кету жағдайлары жиілеп кеткен, жыл басынан бері ювеналды полиция инспекторлары үйден өз еркімен кеткен кәмелетке толмаған 30 баланы үйлеріне қайтарыпты.

Құқық қорғау органдарының алаңдаушылығын тудыратын тағы бір сала — зорлық-зомбылық көріністерін жариялайтын интернет ресурстар мен жаппай сатылымдағы зорлық-зомбылыққа байланысты бейнеойындар мен ойыншықтар. Құқыққа қайшы материалдардан тұратын интернет ресурстар мен сілтемелерді анықтау мақсатында облыстың полиция департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері былтыр 276 бейнематериалды бұғаттады, биыл бұғаттауға 68 материал жіберілді.

Баяндаманы талқылау барысында депутаттар қылмыстың алдын алу мәселелері туралы айтты. Депутат Әсел Шүңкеева Байғанин және Қобда аудандарында мал ұрлығының өсуіне назар аударды.

— Депутаттар көтерген мәселелер өте өзекті және әлеуметтік-мәдени даму, заңдылық, құқықтық тәртіп және қоғаммен жұмыс жөніндегі облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысында жеке қарауды талап етеді. Бұл мәселені көтерген депутаттар мәселені жан-жақты сипаттауы қажет және біз оны тұрақты комиссияның кезекті отырысында қарауға енгіземіз, — деді облыстық мәслихат хатшысы Амангелді Нұғманов.

Қанат Әлиевтің баяндамасына қатысты мәселелерді талқылаған депутаттар тиісті қаулы қабылдады.

Облыстық мәслихаттың баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button