Жаңалықтар

Жігіттер көкпар тартып, теңге ілді

Ұлттық ойындар

Ойыл ауданында теңге ілу, көкпар, аударыспақ сынды ұлттық ойындардан жарыс ұйымдастырылды.  

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан ат спорты жанашырлары ойын алаңынан алыстамады. Бойларын намыс қайраған жігіттеріміз ат құлағында ойнап, ұлттық ойындарды одан сайын қыздыра түсті.

Толығырақ тарқатсақ, жазық жерде өткізілген теңге ілу сайысында жігіттердің атқа отыру шеберлігі, ептілігі мен икемділігі сынға салынды. Аттың желісін баяулатпай төменге тез иіліп, теңгені көбірек іліп алғандар көпшіліктің қолдауына ие болды. Әйтсе де сәтсіз талпыныс жасаған спортшыларымыз да болды.

Ал аударыспақта атқа отырысы мығым, білікті де білекті жігіттер бақ сынасты. Бұл сайыстан ат пен ойыншы жігіттердің үндескен қимылдарына куә болдық.

Одан кейін көпшілік асыға күткен жаппай көкпар жарысы өтті. Осынау тәуекелге толы ойыннан үздік атанған шабандоздар ел ішінде қашанда зор қошеметке ие болып отырған. Бұл ойында алғашқы салымды топ ішінен дара шыққан Еркебұлан Егізбаев салды. Осы тұста жанкүйерлердің қолдау білдірген айқай-шуы ат үстіндегі жігіттеріміздің қимылын үдетті. Әр салымға жеке кәсіпкерлер мен мекеме басшылары қаржылай демеушілік көрсетті.

Ат үстіндегі спорттық ойындардың әр түрі бойынша бағы мен бабы келіскен мықтылар жеңімпаз атанды. Нақтырақ айтсақ, теңге ілуден Қуанышбек Төлегеновтің мерейі үстем болып, жеңімпаз атанды. Дастан Жауғашты ІІ орыннан көрінсе, Бекнұр Әубәкіров ІІІ орынды иеленді.

Дастан Жауғаштының аударыспақтанда асығы алшысынан түсіп, үздік шықты. Қуанышбек Төлегенов ІІ орынды еншілесе, Дәурен Жауғашты ІІІ орынды қанағат тұтты.

Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінің 6-сынып оқушысы Қыдыржан Айдынғали ат спорты ойындарын тамашалауға арнайы тай мініп келіпті. Жас болса да ат спортына, атқа мініп, асау үйретуге қызығушылығы жоғары екенін аңғартты. Қыдыржан ағаларының ізін жалғап, көкпар тартқысы келетінін айтты. Бұған дейін де атаулы мерекелерде ат спортынан өткен шараларға белсенділік танытып жүрген жігіттер бұл жолы да ата-бабадан мұра боп жалғасқан ұлттық ойын түрлерін кеңінен насихаттады. Қазақ деген ұлттың мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеп, ұлттық рухымызды сілкіндіріп тастады.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button