АуылБасты жаңалықтар

Құрманға кел, жас маман

Кезінде 100 мың қойы бар Құрманов атындағы кеңшардың облысқа аты шығып,  дүрілдеп тұрған. Бүгінде Көптоғай ауылдық округі  деп ресми аталғанымен, бұл ауылды жергілікті жұрт Құрман деп атайды. Ойыл ауданының Атырау облысымен шектес Көптоғай ауылдық округінде бүгінде шопан атаның 32 мың тұқымы бар. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кеңшар ыдырап, көп істің көбесі сөгілген тұста «Көптоғай» акционерлік қоғамы құрылып, бұрынғы ізді сақтап қалды. Аудандағы қой шаруашылығының жалғастырушысы боп қалған жалғыз ауылда малшы да, механизаторлар да көп еді. Бірақ арада өткен 30 жыл Көптоғайды «кәртайтып» жіберіпті.

Көптоғай — 3 елді мекені бар іргелі округ.  Құрамына Аманкелді, Қарасу, Шұбарши ауылдары кіреді. Жалпы округ бойынша 2125 адам, 300 түтін бар. Ал округ орталығы Құрманда 160 үй, мыңға жетпейтін адам қалған.

Өкінішке қарай, қалаға көшу әлі де тоқтамай тұр. Оның себебі де бар: жастары қалаға кеткесін, қара шаңырақтағы үлкендер де малдан қол үзіп, денсаулықтары сыр беріп, жайлы орынға жылжып жатыр. Өткен жылы аудан орталығынан Құрманға дейін басталған жол құрылысының қуанышы бір маусымдық қана болды. Жол салудың канадалық әдісі біздің климатқа қол болмай шықты. Қазір жол салушы  мердігер компанияның ісін сот қарап жатыр. Бірақ «іс бітті, қу кетті» болуы да мүмкін. Өйткені жол қабылданбағанымен, бөлінген ақшаның түгелге жуығы игеріліп қойған.  Ендігі үміт — Ойыл-Қарой тасжолында.  Себебі аудан орталығынан шығатын асфальт Көптоғайдың жары жолын қамтып өтеді.

Алдағы уақытта Көптоғайға кіреберіс жолдың жобалық-сметалық жобасы қайта жасалуы да ғажап емес.

Округ орталығында маман тапшы. Ветеринар мамандары — кеңшардың кілең ескі кадрлары. Зейнет жасқа жақындап қалған олардың алды да қалаға қарай өкшесін көтеріп отыр.

Мектепке математика, химия пәндерінің мұғалімі керек. Жалпы тәжірибелі дәрігер де жоқ. Дәрігерлік амбулаторияға жастар уақытша ғана келіп жұмыс істейді екен.

Округ әкімі Ерлан Асылбаев бар жайтты ашып айтты.

Округ орталығынан жылына 4-5 үй көшеді. Бос жұмыс орындарына жастарды шақырып-ақ жатырмыз. Ешкім келгісі келмейді. Ауылға дипломсыз, мамандықсыз бір жас отбасы көшіп келсе де, екі қолға бір күрек тауып берер ек. Тұрғын үй табылады. Бірнеше жылдан бері бас дәрігерге зәруміз. Жастар келгенімен, көп тұрақтамайды. Егер бас дәрігер келсе, ауылдың 1968 жылы туған азаматтары бос тұрған үйге еврожөндеу жүргізіп, қаладағыдай жағдай жасап береміз деп отыр. Кәсіпкерлер алдына азын-аулақ мал да салмақшы, — дейді округ әкімі.

Бірақ жастар аз деп шарасыз отырған әкімдік жоқ. «Барлық ауылға адам көшпейтіндей жағдай жасалуы керек», — деген облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің тапсырмасы тағы бар. Көптоғай мен Аманкелдіге газ тартуға жобалық-сметалық құжаты жасалған. Ол мемлекеттік сараптамадан өтсе, газ құбырын тарту құрылысы биыл басталмақ. Ауылға көгілдір отын келсе, тұрғындар тұрақтанар, бәлкім. Биыл Көптоғай ауылдық округі «Абаттандырылған ауыл» бағдарламасына енді. Биыл округ орталығындағы 4 жолға асфальт төселеді. Жаңа дәрігерлік амбулатория мен әкімшілік үйі салынады. Көшелерді толық жарықтандыру үшін 7 миллион теңге қарастырылуда. Екі қабатты Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтеді. Оған 90 миллион теңге бөлініп тұр.

Үш қабатты мектеп заманауи талапқа сай жөнделген. Округте 1 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 60 шаруа қожалығы бар. Тұрмысы тәуір Көптоғай тек жастарды күтеді. Ендеше, Құрманға келсең, ештеңеден құр қалмайсың…

Қарасуға қайықпен қатынайды

Округке қарасты Қарасу елді мекені Ойыл өзенінің арғы бетінде орналасқан. Атақты шопан, Социалистік Еңбек Ері Бекіш Ғалымов тұрған ауылдың да бүгінгі жағдайы алаңдатып тұр. Қарасулықтар орталыққа келу үшін көліктерін арғы бетке қалдырып қайықпен өтеді. Жеке тұрғындар өздері алған қайыққа бала да, үлкен кісі де мінеді. Ені жалпақтау өзенде шағын қайықпен жүру қауіпті. Бірақ бұдан басқа амалдары жоқ. Қарасудың тұсынан тұрғындар өз күшімен көпір салғанмен, су шайып кеткен. Шалғай болғасын бұл ауылдан да жылына 2-3 үй іргесін көтереді екен. Бүгінде 45 үйлі ауылдың жалғыз күнкөрісі — төрт түліктің өнімі.

Биыл су мол келіп, аудан, округ орталығымен қатынас үзілді. Су әлі толық қайтқан жоқ. Көрші Шығанақ Берсиев ауылдық округі арқылы баратын бір жол бар. Өз күшімізбен уақытша өткел жасап алдық. Қазір сол жолмен амалдап жүрміз. Жолымыз 60-70 шақырымға ұзарды. Бұдан басқа Атырау облысы Қызылқоға ауданының орталығы Миялы арқылы айналып барамыз. Бұл жол —120 шақырым. Бізде жағдай жақсы. Тек жалғыз-ақ мәселе бар. Ол — жол қатынасы, — дейді Қарасу ауылының тұрғындары.

Ауыл тұрғындары  азық-түлікті көрші облыстың ауылдарынан тасып отыр.

Өзенге көпір салу үшін тұрғын саны сай келмейді екен. Бірақ ауыл басқа бағдарламалардан шет қалмайды. Негізгі мектепте 55 бала оқиды. Жабылып қалмас үшін алақандай ауылдың ажарына қан жүгірту керек. Биыл Қарасу мен Шұбарши елді мекеніне орталықтандырылған ауызсу тартылады. Сол кезде Ойыл ауданы 100 пайыз ауызсумен қамтылады. Өйткені аудандағы 22 елді мекеннің 20-сы ауызсумен қамтылып, қалғаны осы екі ауыл еді. Сонымен қатар қос елді мекенге шағын футбол алаңы салынбақ.

Су кетті, құм қалды

Аудан бойынша ең ірі елді мекен Аманкелдіні құм басып бара жатыр. Сәл жел тұрса, көз аштырмайтын құм дауылға айналады. Құм көшкіні ауылды қоршап, іргесіндегі өрісті басуда. Құмға батқан көліктер жиі кездеседі. Бірнеше жылдан бері осылай…

Биыл Аманкелді ауылы тасқын судың қыспағында қалды. Қырдан аққан қар суы ауыл ішімен ағып, тұрғындарды біраз састырды. Қырдан аққан қар суын өткізіп жіберу үшін ауылдың қарсы бетіндегі дамбыны жаруға тура келді. Алайда сол кезде келесі беттегі көл табанына жайылған су ауылдың іргесіне тіреліп, қауіп төндірді. Тұрғындар дамбыны бітейін десе, қыр суы ауылға кері ағады. Ал жарып жіберейін десе, көтеріліп тұрған көлдегі су ауылға лап береді. Бір апта бойы түнімен ұйықтамай арпалысқан аманкелділіктердің айтары бар.

— Бұрындары қырдан аққан су бұлақтың ізімен тасып тұратын. Сондықтан «бұлақ тасыды» дейміз. Биыл су тіпті көп болды. 1993 жылдан бері қатты тасығаны биыл ғана. Әрі бірнеше күн ағып, ауыл ішін қазып, бүлдіріп кетті. Қазір, міне, сол судан бір тамшы да жоқ. Ақты да кетті. Сондықтан қыр етегінен су ұстап қалатын тоған салу керек. Қыр жақта мал ішетін су қалмады. Ал  көктемгі тасыған суды ұстап қала алмадық. Қазір ол жақтағы малдың бәрі көлге қарай құлайды. Жерге, жайылымға талас болып тұр. Егер қырдан аққан суды бөгеп, суағар жасап, белгілі бір мөлшерде ұстап қала алсақ, су тасқыны да тежеліп, жаз бойы малға да су болар еді. Бірақ бұған арнайы техникалар керек. Бұған аудан, облыс басшылары назар аударса, — дейді ауыл тұрғындары.

Құм көшкіні округ әкімін де алаңдатып отыр. Алдағы уақытта құмды тоқтату үшін сексеуіл егу туралы жоспарын да айтты. Бірақ арнайы маман айналыспаса, сексеуілдің өсуі қиын. Оның үстіне қоршаусыз тағы болмайды. Салық пен айыппұлдан түсетін аз ғана қаржы округтің  қай жыртығын бітесін?.. Округтің өз қаржысы әлеуметтік нысандарды «көріктендіруден» ауыспайды. Тұрғындар да үйлерінің айналасына тал егіп, тым болмаса ауылды көгалдандыруға үлес қоспай отыр. Ал 105 түтіні бар Аманкелді ауылының даму қарқыны өте жоғары. Мектеп, дәрігерлік пункт салынып, клуб жөндеуден өтті. Жастары көп, тұрғындары тұрақты ауылда қай жағынан да өсім бар. Мектепте 170 бала оқиды. Бұл кейбір ауылдық округтердегі оқушы санымен бірдей. Ендеше, табаны мықты, іргесі берік, болашағы зор ауылдардың тірлігіне ризашылығын білдіріп жүретін, талап-тілегін тыңдап, көмегін аямайтын облыс әкімінің назары  Аманкелдіге түссе дейміз.

Мал бағудың мәдениеті болуы тиіс

 Ауыл әкімі осылай дейді. Өйткені жер мен жайылым дауы бұл округте де өршіп барады. Ауыл маңындағы өрісті сақтап қалуға ешкім құлық танытпайды. Шаруа қожалықтары мен жеке тұрғындар арасындағы келіспеушілік көңілге көлеңкесін түсіріп тұр. Округте 6500 ірі қара, 6 мыңдай жылқы бар. Жеке тұрғындардың малы көбейгендіктен, округтің жері де тарыла түскен. Бірақ жер жоқ емес, жетеді. Алайда ауыл ішінде отырғандар малын жайлауға апарып баққысы келмейді. Жер иелері шағымданып, бағусыз малдың иесіне айыппұл да салдырған.

Айыппұл салу — мал бағудың амалы емес. Тұрғындардың түсінігі қалыптаспаса, бұл мәселе осылай жалғаса береді. Ауылда мал бағу мәдениеті жоқ. Тым болмаса күзге дейін 2-3 үй бірігіп малын бөлек бақса, жағдай ушықпас еді. Қазір шаруа қожалықтарымен күнде келісім жүргізіп отырмыз. Олар жекенің малын өз иеліктеріндегі жерге жайылуына рұқсат береді. Бірақ әркім жағдайды түсіну керек қой. Әсіресе жылқы малы шабындықты таптайды. Шаруа қожалықтарының қысқы мал азығын жазда жекенің малы жеп құртады. Егер жайылымға жер сұрап келсе, еш кедергісіз беріледі. Бірақ ол жерді алыссынып, ешкім ауылдан шыққысы келмейді, — дейді округ әкімі.

Өткен жылы Көптоғай округінің түгелге жуығы мал азығын екі есе бағасына сырттан сатып алды. Өйткені көл табандарына су шықпай, шөп өспеді. Қылтиғанның бәрін күндіз-түні жылқы жеп бітірді. Ал биыл барлық көл табандары суға толып, шөп бітік болады деп шаруалар қуанып жатыр. Бірақ сол көлге қалың жылқы жатып алған.

Тым құрыса көлдегі жылқыны қайыруға адам шықпайды. Амалсыз шаруа қожалықтарындағы малшыларға жалынамыз. Кейде демалыс күндері атқа мініп өзім шығамын. Округ иелігіндегі шабындықты жылқыға жегізбей, қыстық мал азығын дайындауымыз керек. Сол себепті жылқыны қырға айдап тұрамыз. Шабындық сақталып, бітік шықса, мал азығы арзандайды. Халық игілігін көрсін.

Көлдегі жылқыны қайыру — ортақ іс. Бұл — қыстың қамы. Қазірден бастап көл шабындығын егін қорығандай қорғап, шапқылап жүргеніміз де сол, — дейді Ерлан Асылбаев.

Тұрғындар арасында «сырттан мал әкелініп, өрісімізді тарылтып жатыр» деген наразылық көп. Ал әкімнің «бос жер жау шақырады» деген шырылын ауылдастары түсінбей отыр. Өйткені көршілес өңірлердегі қуаңшылыққа байланысты Атырау, Маңғыстау облыстарымен жайылымдық, шабындық жерді уақытша пайдалану туралы облыстар арасында келісім бар. Көрші  облыстан мал әкелсе, кері қуа алмайсың. Өйткені қайдан келген мал болса да, жергілікті шаруа қожалықтың атында тіркеулі тұрса, бәрі заңды болып есептеледі.  Ал ауданда асылтұқымды мал өсіру — басты міндет. Сондықтан округтегі бос жатқан жерлерді ауыл тұрғындары иеленіп, өзгенің малы емес, өзіміздің малымыз жайылса екен дейді халық….

Самат НАРЕГЕЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button