Ауыл

Кәсіпкер Құлова

Мұғалжар ауданының тұрғыны Нұргүл Құлова — «Бастау-Бизнес» аясында өз ісін бастаған кәсіпкер.   

Нұргүлдің негізгі мамандығы — медбике. Алайда Қандыағаш тұрғындары оны массаж жасаудың шебері ретінде таниды. Себебі ол үй жағдайында массаж қызметін ұсынады. Сөйтсе де тынымсыз келіншек тағы қандай бизнестің сұранысқа ие екенін ойлап, үнемі ізденетінін айтады:

— Ойлаған ойды нақты жүзеге асыру үшін оған қомақты қаражат керек. Бұл орайда мен 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздері курсында оқыдым. Бизнес-тренер Мейірхан Жангелдіұлы қаржыландыруға қатысты құжаттарды әзірлеуді, маркетингтік зерттеулер жүргізуді үйретіп қана қоймай, жергілікті жердегі сұранысқа ие кәсіп көздері туралы ақпарат берді. Оқу барысында бизнес-жоспарымызды комиссия алдында қорғап, 200 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі қайтарымсыз грантқа ие болдым. Оқып жүрген уақытта мен массаж жасап жүргенмін, сондықтан мен бұл қаражатқа бет тазартатын аппарат сатып алдым. Сөйтіп, массаж ісіне косметологиялық қызметтерді қостым. Әрі қазір бет тазарту процедурасы үлкен сұранысқа ие, — дейді Нұргүл Құлова.

Бүгінде Нұргүлдің кәсібі жолға қойылған: ол әйелдер мен балаларға ғана массаж жасайды, клиенттер алдын ала қай уақытқа келетіндерін айтып, тіркеледі.

Массаж жасау шеберінің айтуынша, массаж көп аурудың алдын алатын, дәрісіз емдеудің бір тәсілі ретінде ресми мойындалған.   

— Маған келушілер арасында жаңа туған балалар да бар. Ең кішкентай пациенттеріме балалар массажы мен емдеу-сауықтыру кешенін ұсынамын. Негізі сәбилер сылап-сипаумен өседі ғой. Сондықтан массаж баланың ағзасына оң әсер етеді. Байқасаңыз, дәрігер мамандар жаңа туған нәрестелердің кейбір ауруларына емдік кешеннің негізгі түрі ретінде массажды ұсынып жатады. Массаж ең әуелі баланың көңіл күйіне оң әсер етеді, қан айналысы мен жүрек қызметін жақсартып, тыныс алуын реттейді, ұйқысын дұрыстап, иммундық жүйесін қалыптастыруға себепші болады. Тіпті үлкендердің де көп қозғалмайтынын ескерсек, массаж — ересектердің де қан айналысын, зат алмасу процесін жақсартып, көп аурудың алдын алуына көмектеседі, — дейді массаж жасаудың шебері.

Нұргүл әйелдерге арналған массаждың бірнеше түрін, сонымен бірге жекелеген косметологиялық процедураларды жасай береді. Олар: ультрадыбысты кавитация, бет тазарту, бет терісін тарту, миостимуляция, электрлі форез, престеу терапиясы, вакуумды массаж, дарсонваль және тағы басқалары.

Үш жылдан бері үй жағдайында массаж жасау қызметін ұсынып жүрген табанды келіншектің ендігі мақсаты — жеке массаж кабинетін ашу.

— Отбасым мен сүйікті ісім — өмірімнің мәні. Адамға осыдан артық бақыт та керек емес шығар. Мемлекеттік бағдарлама арқылы оқып алғаным жақсы болды, бұл менің білімімді жетілдіруге, кәсібімді ілгерілетуге мүмкіндік берді. Осы кезде мені жолдасым Айболат пен ұлдарым Аян мен Сауран қолдап, оқуыма жағдай жасады. Солардың сенімі мен қолдауларының арқасында мен грант ұтып, бастаған ісімді дамыттым, — дейді Нұргүл.

Кейіпкерім кәсібі туралы таң атқанша жырлауға дайын. Жасап жүрген ісіне қарап-ақ, Нұргүлдің өз ісін сонша жақсы көретінін білдік. Өз ісінің шебері деген сөз осындай жандарға қарап айтылса керек.

 Әсел АДЕН,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button