Рухани жаңғыру

Шәкен ишан мешіті қайта қалпына келтіріледі

Тарих куәгері — көне ескерткіштер де уақыт сынағынан тозады, шөгеді, мүжіледі, бірте-бірте жоқ болады.  

Ақтөбе жерінде халықтық сәулет және тас қашау өнерінің ескерткіштері, ескі мешіт-медреселер көп болған. Өкінішке қарай, қазір олардың саны азайды. Уақыт өте құлап, жермен-жексен болғаны өз алдына, XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында көпшілігінің кірпіші, табиғи тастары, басқа да материалдары теміржол, бекініс, тұрғын үй, қора-жай құрылыстарына пайдалану үшін тарқатылып алынып, сөйтіп, біржола жойылған. Мұндай қасіретті жағдайлар әсіресе Ақтөбе қаласының маңы мен Алға, Қобда, бұрынғы Новоресей, Ақтөбе аудандарының аумағында, теміржолға жақын өңірлерде көп кездескен.

«Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасының аясында біздің өңірден 12 нысан жалпыұлттық маңызы бар орындар мен нысандардың тізіміне еніп, ал тағы да 46 нысан жергілікті маңызы бар киелі орын ретінде тіркелді. Сол ескерткіштердің бірі — Шәкен ишан мешіті.

Шәкен ишанның толық аты-жөні — Шәймерден Әбжанұлы. Ол Хорезм жағында 7 жыл діни оқу оқыған. Ал Ақтөбе-Қобда тасжолының бойында, облыс орталығынан елу шақырымдай жерде, Алға ауданының аумағында тұрған осы мешіт-медресені 1902-1904 жылдары татар шеберіне салғызыпты. Сарытоғай ол кезде қалың ел жайлаған мекен екен. Мұнда сол маңдағы ауыл балаларымен бірге, басқа жақтардан келген балалар да білім алды. Бала Қобда алабында, үлкен жолдың бойында тұрған Шәкен ишанның мешіті алыстан көзге түседі.

Мешіт Қазан жобасымен салынған. Мешіт үйінің іргесі қалақ тастардан қаланып, одан әрі ұлу тастармен әдемі өрілген. Қабырғалары қалың, терезелері де биік, үлкен етіп, Күн сәулесінің мол түсуіне лайықталып қойылған. Қазан шеберлерінің Солтүстік, Батыс және Орталық Қазақстан өңірлеріне қолайлы деп ұсынған осы жобасы бойынша біздің өлкемізде көп мешіт салынды. Бір ерекшелігі, мұндай мешіттерде төбесіне күмбез орнатпай, сүйір шатырлы мұнара салу дәстүрі орныққан.

Профессор Назира Нұртазинаның «Қазақстандағы ислам діні» кітабында: «1929 жылға дейін 2469 ишан қамалып, итжеккенге айдалды», — деп жазылған. Солардың бірі Шәкен ишан еді. Ол 1928 жылы қуғындалып, айдауға жіберілген. Бірнеше жылдан соң елге аман-есен оралды. Шәкен ишан 82 жасында өмірден өтіп, осы маңдағы қорымға, жақындарының жанына жерленіпті.

Шәкен ишан айдауға жіберілген жылы мешіттегі азаншының мұнарасында тұрған айшық та күшпен жұлып алынған. Кеңестік заманның қиын-қыстау кезеңдерінде мешіт алдымен астық қоймасы, одан соң соғыс тұсында әскерден қашқан кісілерді қамайтын орын да болған. Кейіннен ауылға келген кейбіреулер ерігіп атқылап, сыртқы сылағын түсірген дейді жергілікті халық.

Ал қолымыздағы деректер бойынша мешіт 1992 жылға дейін аса бүліне қоймаған. Дегенмен 90-жылдары бір қабырғасы үлкен соққыдан опырылып түскен екен.

Халықты имандылыққа үндеп, балаларды оқытып, хат танытқан, ел-жұртының ақылшысы, кеңесшісі болған Шәкен ишанның заманында жасаған игілікті істері, қызметі ұмытылды. Кеңес заманында оның көзін көрген адамдардан естелік алып қалу мүмкін болмады, тіпті ондай естелікті айтудың өзі қауіпті еді. Кеңестік идеология дін — тек түсініксіз тілдегі Құранды жаттатып, намаз оқудан басқа адамға ештеңе бермейтін, ештеңе үйретпейтін қажетсіз нәрсе, қараңғылықтың белгісі деген ұғымды сіңірді. Сондықтан Шәймерден Әбжанұлы сынды тұлғалардың халқына жасаған қызметі мүлде зерттелмеді, насихатталмады. Бүгінде ардақты тұлғадан қалған жалғыз ескерткіш —  осы Сарытоғайдағы мешіт.

Зерттеушілердің айтуынша, бұрын әрбір уезде, шамамен, 30-дың айналасында ірілі-уақты мешіттер болған. Жоғарыда айтқанымыздай, олардың көпшілігі кеңес заманында қаңырап қалды, қиратылып, жоқ болды. Бүгінге тек санаулы мешіт қана жетті. Сол санаулы мұраның қатарындағы Шәкен ишан мешітінде қазір реставрациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасының аясында, облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қолдауымен қолға алынды.

Реставрация жұмыстары Маңғыстау облысындағы «Маңғыстауреставрация» ЖШС-ның тәжірибелі мамандарына тапсырылған. Реставрациялау дегеніміз — көне ескерткішті оның келбетін бұзатын, еш құндылығы жоқ қабаттардан аршып алып, сондай-ақ ғылыми негізделген деректер арқылы ғимараттың жоғалған элементтерінің орнын толтырып, бастапқы тарихи, сәулеттік-көркемдік келбетінің сақталуын қамтамасыз ететін іс-шаралар кешені. Ол биылғы сәуір айында басталып, шілде айына дейін жалғасады деп жоспарланып отыр.

Бұл жұмыстар сәтті аяқталған күнде, бүгінгі және келер ұрпаққа ата-бабадан қалған асыл мұраны бастапқы келбетінде көретін мүмкіндік туады, яғни тарихымыздың сызылған, өшірілген бір парағы қайта қалпына келтіріледі. Бұл, әрине, біз үшін үлкен олжа.

Динара МЫРЗАБАЕВА,

облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу,

қалпына келтіру және қорғау орталығының қызметкері.

Басқа жаңалықтар

Back to top button