Мәдениет

Жыр кеші өтті

Дәстүрлі өнер

Ақтөбеде «Сөз сөйлеймін бөлмелеп» атты жыр кеші өтті.

Облыстық халық шығармашылығы орталығының жанынан, жас ұрпақты қазақтың жыршылық-термешілік дәстүріне баулу мақсатымен, «Ер Едіге» жыр мектебінің ашылғанын оқырмандарға хабарлаған едік. «Сөз сөйлеймін бөлмелеп» атты жыр кеші осы мектептің ашылғанына бір жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Аталмыш жыр мектебінің жетекшісі Әділбек Сарин, сондай-ақ Есентүгел Әзи, Жеңіс Елемесов, Бердібай Тойғұлов, Естай Өтеулиев, Әкімжан Жеңісов және Нұрпейіс Әбілхасан сахнаға көне жыраулар бейнесінде шығып, ескі жырлардан үзінділер мен термелер орындады.

Ал «Ер Едіге» жыр мектебінде дәріс алып жүрген оқушылар бірнеше буын (жас, орта, үлкен) болып шығып, өнер көрсетті. Сонымен бірге кеште Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның, облыстық халық шығармашылығы орталығының өнер ұжымдары мен дәстүрлі әншілері өнер көрсетті.

Белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жерлесіміз Айгүл Елшібаева да осы іс-шараға арнайы қатысып, Ақтөбеде жыршылық, термешілік өнерді жаңғырту мақсатымен ашылған мектепке өзінің қолдауын, тілеулестігін көрсетті. Кеште Нұрпейіс Байғанин, Наурызбек, Құдайберген жыраулар айтқан жырлардан үзінділер, Асан қайғы, Ақтан Керей, Әбубәкір Кердері мен Сарышолақ шайырдың шығармалары орындалды. Бабалар мұрасы ұлықталған осындай іс-шаралар алда жиі ұйымдастырылады деп үміттенеміз.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button