Әлеумет

Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау

Елімізде аз қамтылған және көпбалалы отбасыларына көмектің бірнеше түрі (көпбалалы аналарға арналған жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, кепілдендірілген әлеуметтік топтама, жергілікті өкілетті органдардың шешімдері бойынша  біржолғы әлеуметтік төлемдер, тұрғын үй көмегі, тұрғын үй сертификаты және қайырымдылық көмектер) көрсетілетіні белгілі.

Мемлекеттік жәрдемақыны облыс бойынша 22126 көпбалалы отбасының 96965 баласы ай сайын алып отыр.

Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек: 2022 жылдың 4 айында  облыс бойынша отбасының жан басына шаққандағы орташа айлық табысы  кедейшілік шегінен төмен тұратын (20556 адамы бар) 4042  аз қамтылған отбасы анықталып, оларға  630,3 миллион теңге көлемінде мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Облыста 2022 жылдың 2 тоқсанында  күнкөріс деңгейі — 35629 теңге, кедейшілік шегі 24940 теңгені құрады.

Әлеуметтік көмектер көрсетудегі негізгі ұстаным — шынайы мұқтаж азаматтарға көмектесу. Бүгінде мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылардың негізгі үлесін — 65,1 пайызы — он сегіз жасқа дейінгі балалар (13389 бала).

Осы жылдың 4 айында  атаулы әлеуметік көмек алушылар саны, өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 763 отбасына (2065 адамға) азайды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес атаулы әлеуметтік көмек көрсетудегі ең басты шарттардың бірі — отбасының еңбекке қабілетті мүшелері жұмыс істеуі керек және отбасы үшін жауапкершілікті сезінуге тиіс. Ол үшін  шартты ақшалай көмек түрінде атаулы әлеуметтік көмек  алушы  аз қамтылған отбасылардағы жұмыссыз азаматтарға «Еңбек» жұмыспен қамту бағдарламасы арқылы жұмыспен қамтудың белсенді шаралары ұсынылады (жұмыспен қамту бағдарламасы арқылы бос жұмыс орындарға, мемлекетпен субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру, өз бизнесін ашу үшін жеңілдікпен микро несие және қайтарымсыз гранттар алу).

Осыған сәйкес 2021 жылы АӘК алушылар арасынан 437 еңбекке қабілетті азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды, оның ішінде 198 адам тұрақты жұмысқа, 235 адам  уақытша жұмыс орындарына жолданды және 4 адам қайтарымсыз грант алып, кәсіптерін аша бастады.

Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларының 1 жастан 6 жасқа дейінгі 5093  баласына 93,3 миллион теңгеге  кепілдендірілген әлеуметтік топтама (азық-түлік жиынтығы, гигиеналық құралдар) таратылды.

Оған қосымша ҚР Үкіметінің «Тұрғын үй көмегiн көрсету ережесiн бекiту туралы» қаулысына сәйкес жергілікті өкілетті органдардың шешімдері бойынша облыста отбасының жиынтық табыстары  белгіленген шектi жол берiлетiн шығыстарының үлесiнен асып кетпейтін жағдайда аз қамтылған отбасыларға тұрғын үй көмегі көрсетіледі.

Анықтама үшін: тұрғын үй көмегi жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен осы елдi мекенде тұрақты тұратын отбасына тиесілі.

Аз қамтылған отбасылардың тұрғын үй көмегiн есептеуге қабылданатын шығыстары:

-кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп ұстау төлемі;

-коммуналдық қызметтерді тұтыну төлемі;

-телекоммуникация қызметтері үшін абоненттік төлем;

-тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін төленетін төлем  шығыстарының сомасы ретiнде айқындалады.

Тұрғын үй көмегiн көрсетудiң мөлшерiн және тәртiбiн жергiлiктi өкiлетті органдар айқындайды (Ақтөбе облысы бойынша шекті шығындар үлесі   5% бен 10% аралығында).

Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін өтініш мемлекеттік корпорацияға немесе «Электронды үкімет» веб-порталы арқылы беріледі және  өтініш беру барысында  отбасының табыстарын растайтын барлық құжаттарды және коммуналдық шығыстарға арналған шоттарын толық ұсынады.

Есепті мерзімде облыс бойынша 297 отбасына 4  миллион теңгеге тұрғын үй көмегі тағайындалды және 20 отбасына  17,3 миллион теңгеге тұрғын үй сертификаты  берілді.

Анықтама үшін: Тұрғын үй сертификаты әлеуметтік көмек ретінде өтініш беруші отбасы мүшелерінің соңғы 6  ай ішіндегі адам басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі жалақы мөлшерінің 1 еселігінен аспайтын (42500 теңгеден) отбасыларына беріледі.

Орташа табыс бойынша соңғы 6  ай ішінде белгіленген шектен асып кеткен жағдайда отбасының әрбір мүшесіне  бюджеттік несие түрінде әлеуметтік қолдау ретінде тұрғын үй сертификаты беріледі.

 Тұрғын үй сертификаттарының алушылар санаттары:

1) мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылар;

2) «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар;

3) толық емес отбасылар;

4) ҚР Ұлттық Банкі бекіткен ипотекалық бағдарлама және (немесе) ҚР Үкіметі бекіткен мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының талаптарына сәйкес келетін денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт салаларындағы бюджеттiк ұйымдарда қызмет ететін қажетті мамандар.

Жергiлiктi өкiлетті органдардың шешiмдерiне сәйкес мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына, оның ішінде көпбалалы отбасыларына  біржолғы қосымша әлеуметтік көмек көрсетіледі. Жыл басынан 10526  адамға 562,4 миллион теңге көлемінде көмек тағайындалды  (өмірлік қиын жағдай, өрт, су тасқыны, емделуге т.б., жан басына шаққандағы орташа кірісі күнкөріс деңгейінен аспауы керек).

Одан басқа көпбалалы, аз қамтылған отбасыларына демеушілер тарапынан, мерекелер мен атаулы күндерде азық-түлік жиынтығы  түрінде,  заттай сый-сияпаттар, ақшалай көмек көрсетілуде және облыс бойынша 5783 отбасына 24,7 миллион теңгеге қайырымдылық көмек көрсетілді.

Атаулы әлеуметтік көмекке өтінішті E-gov порталы арқылы онлайн жолдауға, тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталықтарына барып тапсыруға және  ауылдық округ әкімдіктеріне жолдауға болады.

ҚР «Әкімшілік-рәсімдік процестік кодексінің» 73-бабына сәйкес жұмыспен қамту органдарының мамандары өтініш берушіге алдын ала шешімін жолдауы қажет және 2 күннің ішінде өтініш берушінің қарсы пікірі қабылданып, оған тыңдау өткізіледі. Осыған сәйкес осы жылдың 22 қаңтарынан бастап өтініш берушілерге алдын ала шешім және түпкілікті шығарылған шешім бойынша СМС-хабарлама жолдануда.

Ақсұлу ЖҰБАНАЗАРОВА,

облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының аз қамтылған отбасыларымен жұмыс және әлеуметтік көмек көрсету бөлімінің басшысы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button