Мәдениет

Ұлттық құндылықтар дәріптеледі

Музей түні

18 мамыр — халықаралық музейлер күніне орай облыстық тарихи-өлкетану музейінде дәстүрлі «Музей түні-2022» шарасы өтеді.

«Ұлттық құндылықтар — ұлтымыздың қорғаны» атты шараға облысымыздағы тарихи-өлкетану, өнер және Әлия Молдағұлова атындағы мемориалды, сонымен қатар аудандық музейлер қатысады.

Шара барысында қол күрестен, ләңгі тебуден, асық, жамбы атудан, арқан тартыстан ойындар ойнатылып, күй тартылады, халық әндері шырқалып, арабша сауат ашу сағаты өткізілмек. Сонымен қатар қазақ халқының салт-дәстүрлері көрсетіліп, шеберлер ауылында құрақ құраудан, ұршық иіруден, диірмен тартудан, қыш құмыра жасаудан шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.

Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың мемориалды музейі келушілерге соғыс жылдарындағы әндерден караоке, іздестіру тобы тапқан соғыс кезінде қолданылған заттардан және музей қорындағы жәдігерлерден жасақталған көрме ұйымдастырады.

Облыстық өнер музейі ұлттық нақыштағы дизайнерлік киімдерден дефиле, облыстағы белгілі шеберлердің жәрмеңкесін өткізіп, сурет салудан шеберлік сабағын көрсетеді.

Сонымен қатар аудандық музейлердің тақырыптық көрмелері, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылып, ұлттық нақышта киініп келген келушілерге арнайы номинациялар мен сыйлықтар табысталады.

Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button