Денсаулық

Екі науқасқа ота жасалды

«Туған жерге тағзым» акциясы аясында белгілі хирург Қайрат Көшекбаев пен кіші  медициналық қызметкер Есен Амангелдіұлы Ырғыз аудандық ауруханасында екі науқасқа лапароскопиялық холецистэктомия бауыр асты кеңістігін дренаждау отасын жасады. Сондай-ақ тәжірибелі мамандар аудандық хирургтерге шеберлік сағатын өткізіп, ақыл-кеңестерін берді.

— Қазіргі технологияның дамыған заманында көптеген медициналық қондырғылар пайдалануға беріліп жатыр. Солардың бірі — лапароскопиялық қондырғы. Бұл қондырғы адам ағзасының ішкі құрылысына отаны кесу арқылы емес, тесік арқылы құрал-жабдықтарды енгізіп, соны монитордан көру арқылы жасауға мүмкіндік береді. Бұл қондырғыны алғаш рет елімізге белгілі дәрігер-хирург Жақсылық Досқалиев медициналық академияда ректор қызметін атқарып жүрген кезінде туған жерге қолғабыс қылайын деп Алға аудандық ауруханасына қондырған болатын. Алайда оны пайдаланатын маманның болмауына байланысты екі-үш жыл тұрып қалған. Содан 2012 жылы Қайрат Еркінұлы өзі қызмет жасаған Алға ауданында осы қондырғымен ота жасаған. Биыл Алғаға бұдан да мықтырақ жаңа лапароскопиялық қондырғы орналастырылды. Бұрынғысын облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен Ырғыз ауданына әкеліп қондырдық. Бұл қондырғымен кез келген маман жұмыс істей алмайды. Келген күннен бері бұл аппаратпен жұмыс жасаудың қыр-сырын (жуып-шаю, кептіру, залалсыздандыру, жинау) таныстырып, үйретіп жатырмыз, — дейді Қ.Көшекбаев.

Дәрігер-хирургтердің жасаған екі отасы да сәтті өтті.

Мамандар аудандық аурухананың жай-күйімен танысып, ғимараттың тарлығын, әсіресе жаңа қондырғыны орналастыратын жеке кабинеттің жоқ екенін алға тартты. Осы орайда дәрігерлер аудан әкімдігіне ауруханаға жаңа ғимарат салынса немесе ғимарат кеңейтілсе деген ұсыныстарын білдірді.

Т.АҚДӘУЛЕТОВ,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button