Білім

Көктемгі құлшыныс

Кеше Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында «Жастар ғылым жолында – 2009» атты студенттердің дәстүрлі ғылыми апталығы басталды.

Апталықтың мақсаты – студенттердің ғылымға деген құлшынысын арттыру.

Жиынның ашылуында сөз алған институт ректоры Ғалымжан Нұрышев биылғы апталықта Елбасы Жолдауына айтылған мәселелердің кеңінен қамтылатынын ерекше атап өтті. Сондай-ақ, қаржы дағдарысына қарамастан Елбасымыздың білім-ғылым саласына қамқорлық танытқанын жеткізді.

Өздеріңізге мәлім, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған озат студенттерді қолдау мақсатында қосымша грант, несиелер бөлінді. Бұндай қамқорлық жергілікті билік тарапынан да көрсетіліп отыр. Жуырда облыс әкімі Елеусін  Сағындықов институтымыздың 56 студентіне арнайы  сыйлығын тапсырды. Білім ордасы тарапынан да оқытушылардың, жас ғалымдардың және  аспиранттар мен магистранттардың ғылымға деген құлшынысын арттыру мақсатында бірқатар істер атқарылды. Мәселен, кандидаттық диссертация қорғаған ұстазға – 50 мың теңге,  докторлық қорғағанға  100 мың теңге  беріледі. Өткен жылы оқытушылардың ғылыми іссапарларына институт есебінен 1,5 миллион теңге бөлінді. Осындай көлемдегі қаржы аспиранттар мен магистранттардың еліміздегі және алыс жақын шетелдердегі ғылыми орталықтарға барып, зерттеу жұмыстарын жүргізуі үшін бөлініп отыр. Институтта 44 ғылыми үйірме жұмыс жасайды, – деді ректор.

Апта бойы студенттер арнаулы пәндер олимпиадасы мен интеллектуалды ойындарға және ғылыми үйірмелердің отырыстарына қатысады.

Жыл сайын өткізілетін шараға студенттер белсене араласады. Олар апталық кезінде ғылыми жұмыстарын қорғайды. Бұл – студенттің жыл бойғы ізденісінің нәтижесі. Әсіресе, физика-математика, шет тілдер, кәсіби-шығармашылық саласы бойынша қатысушылар көп. Өткен жылы осы ғылыми апталыққа қатысып,  жақсы көрсеткішке қол жеткізген студенттеріміз республикалық, халықаралық сайыстарда  үздік танылды, – деді жастар ғылыми кеңесінің төрайымы  Райгүл Садықова.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button