Жаңалықтар

«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар…»

Ақтөбе қаласындағы №64 мектептің оқушылары «Ақтөбе Медиа» ЖШС-на қарасты облыстық басылымдардың тарихымен танысып, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ертай Ашықбаевпен кездесті.

Серіктестік кітапханасының кең залында өткен кездесуде ақын балаларға қоғам, әдебиет, білім төңірегінде тағылымды әңгіме айтты.

Жаңа Қазақстанның бір мазмұны — алған білімді ел игілігі үшін пайдалану. Қандай шаруа жасасаңдар да, оның елге тигізер пайдасы болуы керек. Оқушы 4-5 сыныпта жүргенде-ақ өзінің болашағын болжай бастайды. Сол мақсатыңның соңынан қалмасаң, міндетті түрде жетесің. Ол үшін ең бірінші білім керек. Білімді адам ғана талпынған нәрсесіне қол жеткізе алады. Өмірде біреудің әкесі, біреудің көкесі көмек беріп, жетелеуі мүмкін. Бірақ қазақта «жетектеген тазы түлкі алмайды» деген нақыл бар. Сондықтан алдымен өздеріңе, білімдеріңе сеніңдер, — деді.

Кездесу барысында оқушылар Ертай Ашықбаевқа журналистика саласына қатысты да сұрақтарын қойды.

Ертай Ашықбаевтың шығармашылығы біздің оқушыларға жақсы таныс. Ақынмен кездесуді көптен бері жоспарлап жүргенбіз. Міне, соның сәті түсіп, мектебіміздің

10 «ә» сыныбының оқушылары қаламгермен кездесіп, көптеген сұрақтарын қойып, әдемі естеліктерін тыңдады, — деді №64 мектептің кітапханашысы Венера Таласқалиева.

Оқушылар «Ақтөбе Медиа» серіктестігіндегі музейді аралап, облыстық газеттердің тарихымен де танысты.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button