Денсаулық

Күйдіргі

Күйдіргі — адамдарда және жануарларда да кездесетін аса қауіпті жұқпалы ауру.

Бұл дертпен көбіне шөп қоректі жануарлар ауырады.Адамдарға, негізінен, үй жануарлары (ірі қара мал, қой, қозы, шошқа) арқылы жұғады. Жануарлар ауруды бұрын күйдіргімен ауырған мал көмілген жердегі жайылымдарда жұқтыруы мүмкін, себебі бұл дерттің қоздырғышы топырақта ұзақ жылдар бойы (100 жылға дейін) сақталады. Адам күйдіргі ауруын жануарды күтіп-баптау, мал сою, бөлшектеу, терісін сыдыру кезінде жарақат алғанда жұқтыруы мүмкін. Сонымен қатар ет, сүт өнімдері арқылы және жүн, теріні өңдеу барысында ауа-шаң арқылы да жұқтыруы мүмкін.

Ақтөбе қаласында қазір күйдіргі ауруының эпидемиологиялық жағдайы тұрақты.

Ауру 95-97 пайыз жағдайда жергілікті (теріде) түрде өтіп, терідегі инфекцияның түскен жерінде қызыл дақтың пайда болуымен жедел басталады, дақ кейін қара қабыршақтанып, айналасы қызарған жараға айналады. Дене қызуы бірінші күннен бастап 39-40 градусқа дейін көтеріліп, 5-7 күн сақталады.

Күйдіргі белгілері білінген немесе аз күдік туғанның өзінде медициналық көмекке жүгіну қажет. Ауру малды немесе залалданған материалды ұстағанадам екі апта дәрігерлік бақылауға алынады.

Күйдіргінің алдын алу үшін:

– Күйдіргі ауруының алдын алуда ең маңыздысы — бұл індеттің мал арасында таралуының алдын алу. Ол үшін ауру анықталған малды оқшаулап, өлексесін өртеп, ауру мал тұрған нысандарды (қора, т.б.), мал азығын залалсыздандыру,ауыл шаруашылығы құрылымдары мен қолдағы малды уақтылы күйдіргіге қарсы егу.

– Күйдіргінің алдын алу үшін тұрғындар ветеринарлық-санитарлық қадағалау рұқсатынсыз сойылған малдың етін жемеу керек. Сонымен қатар сапа сертификаты жоқ бөтен елден келген ет пен ет өнімдерін қолдану да қауіпті.

– Мал бағумен айналысатын адамдар жеке бас гигиенасын қатаң сақтауы керек.

– Күйдіргі дертін жұқтыру қауіптілігі жоғары жерде жұмыс істейтін мамандар (ветеринарлық маман, малды сою алаңдарында жұмыс істейтін жандар, қасапшы, және т.б.) күйдіргіге қарсы екпеден бас тартпауы керек.

Назар аударыңыз! Өз денсаулығыңыздың қауіпсіздігі үшін ветеринарлық куәлігі жоқ, сатуға рұқсат алмаған адамдардан ет өнімдерін алмаңыз.Ауруды емдегеннен гөрі алдын алу оңай!

Ақтөбе қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button