Жаңалықтар

Референдумды сайлаумен шатыстырмайық

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша сараптамалық кеңес отырысында республикалық референдум барысы туралы кеңінен түсіндірілді.

Кеңес отырысында референдумды қоғамдық қолдау штабының мүшесі, өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер мен түзетулер енгізу үшін өткізілетін республикалық референдумның маңызына тоқталды.

— 5 маусымда өтетін республикалық референдумға 18 жасқа толған және белсенді сайлау құқығына ие Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Бұл — саяси реформалар жасаудың алғашқы және ілгері қадамы. Конституцияға енгізілетін өзгерістердің нәтижесінде суперпрезиденттік басқару формасынан Парламенті күшті президенттік  елге айналамыз. Бірқатар билік өкілеттігі қайта бөлінеді. Парламенттің рөлі күшейіп, мәртебесі артады, елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігі артып, азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдері жетілдіріледі, — деді.

Отырыс барысында тарих ғылымдарының кандидаты Дәулет Әбенов жастарға референдумның сайлаудан қандай айырмашылығы бар екенін нақтылап түсіндіріп берді.

— Референдум қатысушысының алдында бір ғана мәселе тұрады. Ол өзінің не келісетінін, не келіспейтінін білдіреді. Ал сайлауда сен таңдау жасайсың. Референдумның «тағдыры» үшін оған адамдардың қатысуы өте маңызды. Егер референдумға белгілі бір дәрежеде адамдар жиналмай қалса, оның нәтижесі саналмайды. Сондықтан бұл шараға еліміздің әрбір азаматы қатысуға тиіс, — деді ол.

Отырыс кезінде жастар ойында жүрген сұрақтарын қойып, пікілерін ортаға салды. Шараны қорытындылаған облыстық «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басқару орталығының басшысы Нұрлыхан Хасенов жастарды Ата Заңның жобасымен танысып, азаматтық позициясын білдіруге шақырды.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button