Жаңалықтар

«Аналардың жалғап үзігін…»

Жұма күні Ақтөбе қаласында бір топ көпбалалы анаға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградалары тапсырылды.

Халықаралық отбасы күніне арналған салтанатты шарада Ақтөбе қаласына қарасты Алматы ауданының әкімі Абат Көбенов жиналғандарды қуанышымен құттықтап, игі тілегін арнады:

— Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 5 сәуірдегі  №856 Жарлығына сәйкес Ақтөбе қаласы Алматы ауданындағы 21 көпбалалы ананы «Алтын алқа», «Күміс алқа» наградаларымен марапаттағалы отырмыз.

Сіздердің қоғамда алатын орындарыңыз ерекше. Халқымыздың алтын құрсақты аналарға құрметі де бөлек. Лайым, өздеріңіз сияқты көпбалалы аналардың саны көп бола берсін. Барлықтарыңызға зор денсаулық, бақыт тілеймін, — дей келе, аналарға награда мен гүл шоқтарын табыс етті.

Солардың бірі — «Күміс алқа» иегері Нұрия Қанибетова:

— 6 баланың анасымын. Шүкір, күйеуім екеуміз ұл-қызымызды ойдағыдай өсіріп жатырмыз. Тұңғышымыз 12 жаста болса, кішкентайымыз 1 жастан енді асты. Көпбалалы отбасы — береке-бірліктің тоғысқан жері. Үйлеріңіз базарлы, берекелі болсын, — деп лебізін білдірді.

Салтанатты шара Қурайлы мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button