Жаңалықтар

Отбасы құндылықтары дәріптелді

Семинар

Облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен 15 мамыр — Халықаралық отбасы күніне орай жас отбасыларға арналған «Happy together» атты семинар-тренинг ұйымдастырылды.

Облыстық семинар-тренингті өткізудегі негізгі мақсатымыз — отбасы құндылықтарын насихаттау, соңғы кезде жас отбасылар арасында белең алып отырған ажырасуды азайту. Ажырасу ешқашан жақсылықпен аяқталмайды, өйткені бұл жерде екі тарап зардап шегеді, — дейді облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Нұрлыбек Мусин.

Семинарға 18-29 жас аралығындағы қала және аудан жастары қатысты.

Іс-шара барысында «Халықаралық құқық қорғау орталығы» қоғамдық бірлестігі Медиация орталығының кәсіби медиаторы Айнұр Аймағанбетова, облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының психологиялық-әлеуметтік қолдау бөлімінің әдіскері Медеухан Жасжанова және ақпарат саласының үздігі, Ақтөбе қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі Жаңалық Ахаш жас отбасыларға кеңестерін беріп, тренинг өткізді.

Семинар-тренингке қатысу үшін Шалқар ауданынан арнайы келген жас жұбайлар Ержігіт пен Бибінұр Қазымовтар отбасында алдымен сыйластық пен түсіністіктің болуы керек екендігін айтады.

Мен мемлекеттік қызметкермін, келіншегім аудандық көркем сурет лицейінде сабақ береді. Осындай шара ұйымдастырылатынын естігенде қатысып көруге бел будық. Өзіміз секілді жас отбасылармен танысып жатырмыз. Мұндай шаралардың жастарға берері мол, дейді ол.

Шара барысында психологиялық ойындар ұйымдастырылды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button